Елбасының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуде халықтың денсаулығы мен экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге дайындық туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің әлеуметтік-экономикалық дамудың қазіргі тәуекелдері мен оларды алдын алу шаралары туралы, сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің білім беру процесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері туралы есептерін тыңдады.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық пандемияның “екінші толқынына” ресурстарды дайындау, алдын-алудың кешенді шараларын әзірлеу қажеттігін, сондай-ақ сырқаттану деңгейін шынайы бағалау мен болжаудың маңыздылығын атап өтті.
“Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму болжамын, қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктердің тұжырымдамалық жоспарын әзірлеу қажет. Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму жоспарын бүгінгі жағдайларды ескере отырып, тағы да пысықтау керек. Біз пандемиямен күрестің ең қиын сценарийіне және онымен байланысты қауіп-қатерлерге дайын болуымыз керек”, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.
Сонымен бірге, кездесу барысында құқық қорғау органдарына қылмыстық ахуалдың нашарлауына және қылмыстың өсуіне жол бермеу, сондай-ақ алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды.
“Халықты азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен тарифтерді негізсіз өсіруге жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау маңызды. Сондай-ақ, жылыту маусымына сапалы дайындық жасап, басқа да өзекті стратегиялық мәселелерге көңіл бөлу керек”, – деп қорытындылады Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.
Комментарий