Жаңалықтар | Новости

Дәстүрлі әндерді бұзып орындайтындарға шара қолданылмақ

Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан дәстүрлі әндерді “бұзып” орындайтын әншілерге шара қолдануды сұрады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Депутат алдымен тыңдарман үшін күйдің шығу тарихын білу маңызды екенін атап өтті.

“Біріншіден, “Шалқар” және “Қазақ” радиоларынан күй тыңдаған кезде оның атауы аталмайды. Олар тек күйді ойнайды. Олардың дәстүрлі музыкадан хабары бар, күйді біледі. Ал мұнда патриоттық сезім жатыр. 1 минут болса да күй кімдікі екенін, оның шығу тарихы туралы айту керек қой. Бұл туралы бірнеше рет бастықтарына да (радионың – автор) айттым және айтып жүрмін. Бірақ бұл талап әлі орындалмай жүр”, – дейді Тасболатов Мәжілістің жалпы отырысында.

Сондай-ақ, ол мəдениет жəне спорт министрінен радиода, теледидарда, сахнада дәстүрлі әндерді “бұзып” орындайтындарға шара қолдануды сұрады.

“Екіншіден, дәстүрлі әндерге байланысты. Жастар оны радиода, теледидарда, сахнада айтып жүр. Дәстүрлі әндер Шәмші Қалдаяқовтікі және кімдікі болса да, соңында оны өздері қосып, бүлдіріп жүреді. Ақтоты Рахметоллақызы, осыған да шара қолдану керек деп ойлаймын. Осындай ұсынысым бар”, – дейді депутат.

Комментарий