Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

МЕКТЕП ӘЖЕТХАНАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ ӘЛІ ШЕШІЛМЕДІ

Тараздағы зорлық даладағы дәретхана «иісін» мүңкітіп бүкіл республикаға таратты. Басында білім ордасының дәл жанында, көп мұғалімнің иегінің астында жасалған зорлық бүкіл жұртты ашындырған. Кімді болсын шарасыз қыздың ертеңі бейжай қалдырмаған. Келе-келе бұл жағдай түкпіртүкпірдегі мектеп дәретханаларының мәселесін күн тәртібіне шығарды.

Ауыл-аймақты айтпағанда, облыс орталықтарының, ірі қалалардың білім ошақтарында да мұндай түйткіл әлі күнге бар. Тараздағы оқиғадан кейін оның бәрі бірден шешіліп кетті деу, әрине, ертегі секілді. Дегенмен басқа өңірлерге қарағанда мектептердегі дәретханалар мәселесін реттеуге тараздық әкім-қаралар білек түре кірісуі керек еді. Қазіргі жағдай қалай? Білім ордасындағы кемшілік жауапты мамандарды жұмыстан кетірумен ғана шектелмеген болар?


Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес жақында білім саласына қоғамдық мониторинг жүргізген. Сонда белгілі болғанындай, оқыс оқиғамен елге танылған Тараз қаласындағы №6 орта мектептегі әжетхана әлі жұмыс істеп тұр екен. Қайғылы жағдайдың куәсі болған сұрқай сарай орнынан қозғалмапты. Оның жанынан өткен сайын баяғы жасөспірімнің қандай күйде болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Ескі жараны еске түсіртіп тұрудың бұдан артық мысалын табу қиын. Әрине, білім ордасындағылар мектеп ішінен жаңа дәретхананың салынғанын айтып ақталар. Бірақ ескісін бұзбаған соң, бәрі бекер. Бұрын да зорлықшыға қолайлы орын болған оның кейін де жасөспірімдер обалына қалмайтынына кепілдік жоқ. Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес хатшысы И.Дастан биылғы жылы ағымдағы жөндеуге 12 нысан алынып, екі мектептің әжетханасы жөнделгенін айтып отыр. Бірақ сапасы әлі де талапқа сай емес. Мәселен, Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия, Абай Құнанбайұлы атындағы орта мектеп, С.Сейфуллин атындағы орта мектеп, Абылайхан атындағы мектеп-лицей, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда орналасқан әжетханалар қазіргі уақыт талабына сай емес. Онда бірнеше баланың кіруіне жағдай жасалғанмен, дәрет сындыруға өте ыңғайсыз. Шу ауданының Жаңажол ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте, Жайсан орта мектебінде, Төле би ауылы Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназияда, Төле би ауылы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте, Шу қаласындағы №40 мектеп-лицейде балаларға арналған әжетханалар арнайы бөлінбеген. Бұл да оқушылардың бір сәтте әжетханаларға топырлап кіріп, түрлі келіспеушілігін тудыруы мүмкін. Бір адам сыятын кабиналарда кіші сынып оқушыларына зәбір көрсетіп үлгеретін балалар мынандай кең, арасы бөлінбеген дәретханаларды «тегін ұрыс алаңына» айналдырары даусыз.


Сыннан сабақ алмағандар қатарында Қордай ауданының білім саласы да бар. Онда көп мектептің дәретханасы бала санына есептелмеген. Кезек күтуден шаршаған оқушының қажетін даладан іздеуіне тура келеді. Комиссия Меркі ауданындағы мектеп әжетханаларын да шолып өткен. Ескі мектептер де, жаңа салынып жатқан білім ошақтары да кемшіліктен кенде емес. Әжетханалар бойынша жұмыстар бастағанымен, жүргізілуі баяу. Ақарал ауылындағы №5 орта мектептің әжетханасы да оқушы санына есептелмеген. Байзақ ауданындағы мектептер әжетханасы да қараусыз үйдің келбетін көз алдыңа келтіреді. Ескі мектептерді былай қойғанда, Ақшолақ ауылындағы жаңа мектептің қазірден-ақ қабырға сылақтары түсіп, линолеум дұрыс төселмеген, әжетхананың арасын бөлу, есігін қою мәселесі әлі ашық күйінде қалған. Жібек жолы ауылындағы №5 мектеп әжетханасының да есігі жоқ. Ал Жаңатұрмыс орта мектебінің сырттағы әжетханасы қалқиып әлі тұр. Бұл мектептің басшылары да кезекті зорлықшыға жағдай жасап отыр ма, белгісіз.

Ал іштегі әжетхана жөнделмеген, унитаз сынық, арасын бөліп, есігін ауыстыру кезек күттірмейді. Бір қызығы, мұндағы мектеп директорының кабинеті жарқырап, әдемі картиналары көздің жауын алғанымен, әжетханасында жарық жоқ. Жетібай ауылындағы Жамбыл орта мектебінде шешімін күткен мәселе баршылық. Мұнда тіпті қол жуатын судың краны жоқ. Ал әжетханасының терезесінен кімнің не жасап жатқанын айнадағыдай көруге болады. Басшылардың осындай қарапайым қағидаларды білмеуі ойландырады. Жуалы ауылындағы мектептер де кемшіліктен ада емес. Нұрлыкент, Көктөбе, №11 мектеп әжетханаларының есігі жоқ болса, Ақтөбе мектебінің әжетханасы іштен құлыптанбайды. Жарайды, бұл аудандардағы жағдай дейік. Өкінішке орай, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы ахуал да көңіл қуантпайды. Тіпті республикаға танылған №6 мектептің өзінде дәретхана мәселесі толық шешілмеген. Ерлер әжетханасы іштен бөлінбеген. №11, №27, №57, №56, №58 мектептердің сыртқы әжетханалары жабылмаған, іштегі әжетханалары жұмыс істемейді. Кейбірінің есігі әлсіз, не толық жабылмайды, болмаса тұтқасы жоқ. Осының өзі біздің балалар қауіпсіздігіне қаншалықты селқос қарайтынымызды дәлелдесе керек. Әйтпесе мемлекет бұл мәселеге ақша аяп отырған жоқ. Мектептердегі әжетханаларға республикалық бюджеттен – 574 млн теңге, жергілікті бюджеттен 546 млн теңге қаражат бөлінген. Сонда осынша ақша қайда кеткен? Түбірімен шешілуі тиіс бұл түйткілдің миллиондаған теңгенің күшімен де өз мәнін таппай отырғаны қалай? Зорлық көрген жасөспірімнің мөлтілдеген жасын көзбен көрген Таразда мәселе осылай созбалаңға салынса, басқа өңірден не сұрарсың!
Нұрлан ШЫНТАЕВ

Комментарий