Жаңалықтар | Новости

Қуат Хамитті полиция ұстады

Қазақстандық файтер Қуат Хамитов видеосы үшін полицияға жеткізілді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мұның алдында Қуат Хамит дезинфекция шашып жүргендерді соққыға жығып, қала үстімен ұшып жүрген тікұшақтарды атып түсіруге шақырған болатын.

«Кеше адамдар тағы да дезинфекция жасай бастады. Халықты улап жатыр. Бұл адамдарды көрсеңіздер тепкінің астына алыңдар, таспен, таяқпен ұрыңдар. Халықты улауын доғарсын. Ал тозаң шашып жүрген тікұшақ көрсеңдер, автоматпен атып түсіріңдер. Бәрі соғыстағыдай: біреулерді тоқтатсақ, мың адамды құтқарамыз», – деген-ді спортшы.

Ал: “Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында азамат Қ.Хамитовтың зорлық-зомбылыққа шақырған видеосы анықталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 272-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Азамат Қ.Хамитов тиісті іс жүргізу әрекеттерін жүргізу үшін Алматы қаласының полиция департаментіне жеткізілді. Қылмыстық іс бойынша тергеу іс-шаралары кешенінің нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Іс-әрекеттер аз.Хамитовқа түбегейлі баға беріледі”, – делінген полиция хабарламасында.

Айта кетейік, билік өкілдерінің заңды талаптарына және жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді бағынбауға шақыру не жаппай тәртіпсіздіктерге арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Комментарий