Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ЖАЗА ІЗГІЛЕНГЕНМЕН, САНА ІЗГІЛЕНБЕЙ ТҰР

«ҰРЛЫҚ ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ» ДЕГЕН БІР АУЫЗ СӨЗІМЕН-АҚ МҰНДАЙ ҚЫЛМЫСҚА БАРУДЫҢ СОҢЫ НЕГЕ СОҚТЫРАТЫНЫН САНАҒА СІҢІРІП, ТЕНТЕГІН ТЫЙҒАН ХАЛЫҚПЫЗ. ТӨРТ ТҮЛІГІН ӨРГІЗГЕН ҚАЗАҚТА БҰРЫН НЕГІЗІНЕН МАЛ ҰРЛЫҒЫ КӨБІРЕК ОРЫН АЛҒАНЫ МӘЛІМ. АЛ ҚАЗІР ШЕ, МҮЛІКТІҢ ТҮРІ КӨБЕЙГЕН САЙЫН, ҰРЛЫҚТЫҢ ДА НЕШЕ АТАСЫ ШЫҒЫП ЖАТЫР.

Статистиканы сөйлете кетсек, Қазақстанда орын алатын жалпы қылмыстың 70 пайызы ұрлық деректері екен. Оның ішінде, пәтер тонау, көлік бөлшектерін ұрлау немесе көлікті айдап әкету және тағы басқа. Бүгінгі айтпағымыз, үйге шақырусыз келетін «қонақтар» қақында. Пәтер ұрлығы тыйылмай тұрғаны өз алдына, ең қорқыныштысы, бұл қадамға қайталап баратындардың қарасы қалың. Алысқа бармай-ақ, бір ғана Алматыға қатысты сандық деректер осыны айғақтайды. Бұл өзіміздің топшылауымыз емес. Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек келтірген мәліметтерден түйгеніміз.
«2019 жылдың 1-тоқсанында Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері пәтер ұрлығымен айналысқан 194 адамды құрықтады. 9 қылмыстық топ әшкереленді. Біз олардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойдық. Барлығы еліміздің басқа қалаларынан келгендер. Олар жерлестіктері бойынша бірігіп, қылмыс жасаған. Сол ұсталғандардың 80-85 пайызы бұрын да істі болып сотталған азаматтар», – деді С.Әзірбек. ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, сүйіншілеуге тұрарлықтай-ақ. Мәселен, республика бойынша 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 42882 жалпы ұрлық деректері, оның ішінде, 9143 пәтер ұрлығы тіркелсе, 2019 жылдың аталмыш кезеңінде тіркелген жалпы ұрлық деректері – 39430, пәтер ұрлығы – 4757. Алматы қаласында 2018 жылдың алғашқы 3 айында 1056, ал биылғы алғашқы тоқсанда 620 пәтер ұрлығы тіркелген. Яғни, ресми деректерден ұрлық азайып келе жатқанын аңғарамыз. Алматы шаһарына қатысты мұндай оң көрсеткішті Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек те атап өтті. Оның сөзінше, қалада биыл былтырғыға қарағанда пәтер ұрлықтарының саны 41,3 пайызға төмендеген және бұл қылмыстың ашылу деңгейі 21,3 пайызға өсіпті. Мегаполисте пәтер ұрлығы бойынша Әуезов, Алмалы, Алатау және Түрксіб аудандары көш бастап тұр екен. Әрине, қылмыстың ашылу деңгейінің жақсарғаны қуантады. Алайда, ресми деректер кейде өмірдегі шынайы жағдайдан алшақ жататынын қаперге салатындар бар. Алматы қалалық Адвокаттар алқасының мүшесі Нұрзағи Құдабаева қылмыстың ашылу деңгейі жайлы полиция органдарының есебінде көбіне формалдылық басым екенін айтады. Ашылмай жатқан қылмыстар қаншама деген адвокаттың өзі де жақында ұрылардың «құрбанына» айналса керек. Көлігінің терезесін сындырып, сөмкесін қолды қылған ұрылар құрықталмапты. Погондылардың ұрыларды қолға түсіретін пәрмені барына осыдан кейін сенбей қалса керек. Адвокаттың өзі зардап шегіп, суық қолдыларды табуда полицияның белсенді жұмыс істеуіне түрткі бола алмаса, былайғы жұрт қайтпек дейсің еріксіз. Бәлкім, мұндайда полиция қауқары мен құзыреті жетіп тұрса да, кейде құлықсыздық танытатын шығар.
Ал, Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбековке салсақ, ұрлық қылмысын ашуда құзырлы орган қауқарсыз немесе селқос емес, тек кадр мен уақыт тапшы. «Қалада тұрғындар және бақуатты азаматтар көп болғандықтан ұрлық фактілері де аз емес. Сондықтан, полицияның жұмысы көптігіне байланысты кей істерді ашуда олардың тарапынан әрекетсіздік орын алуы да мүмкін. Әр ұрлық фактілерін тергейміз десе, оларды бір жағынан кісі өлтіру, тонау, қарақшылық сынды ауыр қылмыстарды ашу күтіп тұрады. Яғни, мұның бір себебі кадр тапшылығында болуы да мүмкін. Дегенмен, бұл бағытта Алматы полициясының қызметі әлсіз дей алмаймын. Бірақ, жүктеме көп болғандықтан, ұрлық қылмыстары қысқа мерзімде ашылмай жатуы ғажап емес», – дейді судья Ернар Мұхтарұлы.
Осы арада ұрылардың «құрбаны» болуға кейде адамдардың өздері кінәлі екенін айтқан Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзін мысалға келтірмей кетуге болмас.
– Әлеуметтік желілерде, әсіресе, өнер адамдары «шет елге 10 күнге отбасыммен демалысқа кеттім» деп жазба қалдырып жатады. Ал, ұрылар әлеуметтік желілерді өте қатты бақылайды, талдау жасап отырады. Бұл да үлкен қателік. Ұрыларға өздері хабарландыру бергендей болады. Сондықтан, мұндай отбасылық жаңалықты жария етудің қажеті жоқ, – дейді ол. Департамент өкілі осы себепті адамдар отбасындағы бәзбір жақсы жаңалықтарды жалпы жұртқа жария етудің ақыры жақсылыққа апара бермейтінін назарларында ұстаса екен деген тілегін де жеткізді. Жоғарыда ұрлық, пәтер ұрлығы республика бойынша да, Алматыда да
азайғанын айттық. Қуанарлық жайт. Алайда, бұл қылмыстың қайталану деңгейінің көптігі, яғни рецидивистер қуанышымызды көпке создырмайтын мәселе. Өйткені, адам пенде болған соң бір қателік жасайды. Ол кешірімді де. Ал, сол қателігін қайта-қайта жасау, оның үстіне, саналы түрде, бұл ойлантарлық және кешірілмейтін дүние. Себебі неде?! Сөздің ретіне қарай мұны біз «кешірілмейтін дүние» дегенімізбен, гуманизацияға бет бұрған заңымыз сұғанақ қолдыларды кешіріп жатады екен. Ресми өкіл Салтанат Әзірбек бір себебін осы жазаны ізгілендіруден іздейтінін жасырмады. «Ұрлық – жеңіл дәрежедегі қылмыс санатына жататындықтан, бізде гуманизация болғаны белгілі, жалпы, гуманизацияның осындай теріс ықпалы бар. Ұрлық қылмысын жасаған адам жәбірленуші тараппен сот кезінде татуласып, келісімге келіп, бостандыққа шығып жатады.
Әрине, жасаған теріс әрекеті үшін жаза тартпағаннан кейін, ешқандай нәтиже болмайды. Жазасын өтеп шыққаннан кейін де осындай қылмыстық жолға қайтадан түсушілер көп», – дейді орган өкілі. Яғни, бұдан түйетін ой қазіргілер «ұрлық түбі – қорлық» бола бермейтінін жақсы біледі. Сондықтан, департамент өкілі Қытайдағы секілді тым қатаң етпесе де, жалпы, бұл қылмыстарға жазаны қатайту керек деген пікірде. Өйткені, жаза жеңіл болған соң қала жағалаған «аннан-мұннан қашқандар, еш жерде жұмыс істемейтіндер осындай қылмысқа бейім болып келеді»-мыс.
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий