Экономика

ЕКІ ҚОРДЫ БІР ҚОЛҒА БЕРІП, ҚОР БОП ҚАЛМАЙЫҚ

БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫН АЛДАҒЫ УАҚЫТТА БӘЙМӘЛІМ ТАҒДЫР КҮТІП ТҰРҒАН СИЯҚТЫ. ӨЙТКЕНІ, ХАЛЫҚТЫҢ АУЗЫНАН ЖЫРЫП, ҚАМСЫЗ ҚАРТТЫҚ ҮШІН ЖИНАЛЫП ЖАТҚАН ҚАРЖЫ АКТИВТЕРІН БАСҚАРУ ІСІ ҰЛТТЫҚ ҚОРМЕН БІРГЕ ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫ БАСҚАРУ КЕҢЕСІНЕ БЕРІЛУІ МҮМКІН.

Осы дүйсенбіде Парламент Мәжілісінде тұсауы кесілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осындай құқықтық тетік жасалыпты. Мұны осы заң жобасы бойынша Палатада құрылған жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Яковлева бірден байқап, зейнетақы қорының болашағына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Яковлева ханым бұл орайда заң жобасының басты мақсаты – азаматтардың құқын қорғау екеніне тоқтала келіп, осы құжаттағы «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңдағы Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының Зейнетақы активтерін басқару кеңесін алып тастау туралы түзетудің сол ниетке қайшы екенін айтты. Сосын «Аталмыш өзгерістің жасалуына зейнетақы активтерін басқару бойынша құзыреттер Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске берілуі желеу етіліп отыр. Сіздер мұны есептілік формасының өзгеруіне байланысты деп жойып жатырсыздар. Бұл біздің азаматтардың зейнетақыға деп өмір бойы жинаған қаржысының жоғалып кетуіне алып келмей ме? Оны заңнан неге алып тастап жатырсыздар?» деп сұрады. ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың бұған берген жауабы «Мұндағы мақсат аталмыш екі қорды бір ұйым аясында басқару. Бұл оларға инвестиция тарту тұрғысындағы маңызды мәселелерді шешуде тиімді болады. Бұл шара бюджет кодексіне сай» дегеннен аспады.
Оның бұл уәжін жиын тізгінін ұстап отырған Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова құптамады. Гүлжан Жанпейісқызы осы орайда Ұлттық қор қаржысы салық төлеушілердің ақшасы емес, шикізат секторының қаржысы болғандықтан, бұл құрылымның міндеті Жинақтаушы зейнетақы қоры функциясымен сай еместігіне назар аудартты.Мемлекет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сақталуына ғана емес, жылдар бойы онда жиналған ақшаның инфляцияға желінбей, көбеюіне де кепілдік береді. Осыны айтқан ол міндеті екі түрлі қорларға Ұлттық қорды басқару кеңесінің басшылық етуінен қауіптенетінін жасырмады. Депутаттың мәлімдеуінше, мұндай жағдайда Ұлттық қордан жетпеген ақшаны зейнетақы қорынан алуға ықпал ететін шешімдердің қабылдануы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Бірыңғай жинақтаушы қорына қатысты туындап жатқан келеңсіздіктер аз емес. Сондықтан, екі қорды басқарудың міндеттері, қағидаттары, негізделетін өлшемдері нақты екшеліп, айқындалуы тиіс. Оларға бір ұйым аясында жетекшілік жасау үшін осы мәселелер қатаң реттелуі керек.
Нақты қойылған мәселеге Олег Смоляков осы шаралардың бүгінде Үкіметте қаралып жатқанын, алдағы уақытта оған қатысты депутаттарға арнайы хабарланатынын айтып құтылды. Оның бұл жауабы күдікті еселемесе, сейілткен жоқ. Шын мәнінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бәсекелестік ортадан алынып, қолдан қолға көшуі жақсы ойға жетелемейді. Себебі, халықтың қалаған банкке салуына тиіс зейнетақы жарнасына көз аларту көп. Мұның соңы зейнетақы салымдарының депутаттар қауіптенгендей, алаңсыз қарттықты қамдауға емес, оңай олжаны көздеушілердің қалтасын қампитуына кетуіне жол ашпаса игі. Сондықтан, алдағы уақытта бұл заң жобасын қарау барысында мәселені халықтың пайдасына шешудің мүмкіндігін қарастыру қажет-ақ. Жалпы, аталған заң жобасы қаржы нарығын қадағалау функцияларын бөлу, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеу саласындағы тәуекелдерді шектеу мақсатында әзірленген. Соған орай құжат Мемлекет басшысының биылғы 29 наурызда берген қаржы нарықтарын қадағалау функцияларын бөлу, тұтынушылық несие қаупін шектеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді. Олег Смоляковтың сөзінше, қаржы нарығын реттеу және дамыту, сондай-ақ, тұтынушыларды қорғау функциялары тікелей Президентке бағынатын жаңа мемлекеттік орган– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүктеледі. Оның еңбекақы төлеу жүйесін Үкімет анықтайды. Ал, қызметкерлердің мәртебесі Ұлттық банк қызметкерлерімен тең болады. Бұл ретте Ұлттық банк пен агенттік қызметі мұқият үйлестіріледі. Заң жобасы бойынша көзделген екінші бағыт аясындағы шаралар реттеуші арбитраж бен тұтынушылық несиелендіру нарығындағы жүйелі кемшіліктерді жоюды қамтиды. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 5 млн адамның тұтынушылық несиесі бар. Олардың қарыздарының жалпы құны 4 трлн теңгеден асады. Ал, әрбір борышкердің қарызы орта есеппен 800 мың теңге көлемінде. Тұтынушылық несиенің белсенді түрде өсуі реттелмейтін секторларда анық байқалып отыр. Олар негізінен онлайн-кредиторлар, несие серіктестіктері мен ломбардтар. Сонымен қатар, азаматтарды несие алуға итермелеу, реттелмейтін нысандар тарапынан борышкерлер құқын бұзу, әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындарды жауапсыз несиелеудің өсе түскені байқалады. Осы мәселені шешу үшін қадағалаушы органның реттеу құзыретін барлық несиелеу нысандарын қосып, кеңейту ұсынылып отыр. Бұл орайда жасалып отырған құқықтық тетіктер банкке жатпайтын несие ұйымдарын реттеудің сараптамалық жүйесін енгізуді көздейді. Осылайша, Қазақстан азаматтарына қарыз ұсынатын кез келген ұйымның қызметін жаңа қадағалау органы реттейді. Ұлттық банк өкілі, сонымен қатар, несие серіктестіктері, ломбардтар, шағын қаржы ұйымдары, онлаин-кредиторлар бұрынғыдай шағын қаржы қызметі ретінде анықталатынын жеткізді. Яғни, заң жобасы бойынша аталған нысандардың қазіргі бизнес үлгісі өзгертілмейді. Құжатта тек қызмет түріне орай тууы мүмкін қауіпке қатысты нақты талаптар белгіленді. Негізінде бұл қадамымен Ұлттық банк жаңалық ашып отырған жоқ. Депутаттар қаржы нарығында туындап отырған түрлі келеңсіздіктерге орай осындай нақты шараның қабылдануы қажеттігін үнемі айтып келеді. Ал, Гүлжан Жанпейісқызының мәлімдеуінше, бұл бұрынғы бар ұйымның қайта жаңғыртылуы. «Уақытында осындай агенттікті Ұлттық банк қарауына алған кезде, мұның қате қадам екенін айтқан едім. Өйткені, бүкіл әлем қаржы нарығын осылай дербес ұйымдар арқылы реттейді. Бізде бұл жоқ. Ал, аталмыш құзыретті өз еншісіне алған Ұлттық банктің қаржы нарығын қадағалауға қатысты нақты атқарған жұмысын көрген жоқпыз. Қаржы нарығының нысандарына, яғни, банктерге көп нәрсе түсініксіз. Мұндай айқындықтың болмауынан, айналып келгенде, қарапайым азаматтар зардап тартуда», – деген ол кеш те болса аталмыш құзырлы орынның өз қателігін түсініп, осындай шешімге келгенін қуана құптады.
Депутаттар жаңа құрылым қалай жұмыс істейтінін, бюджеті қандай көлемде болатынын қадала сұрады. Мәселен, депутат Бақыткүл Хаменова еліміздегі әрбір үшінші азамат банктерге қарыз екенін, несиені рәсімдеу барысында көбінің құқығы бұзылатынын айта келіп, көрсетілетін қызметтің қандай негізде жүзеге асатынына қызығушылық танытты. Сонымен қатар, ол агенттік өмір сүруі үшін бюджеттен төленетін 10 млрд теңге неге жұмсалатынын сұрады. Олег Смоляковтың бұған берген жауабынан түйгеніміз, Ұлттық банктегі азаматтардың құқын қорғау бойынша қызмет түгелдей агенттікке көшеді. Осы заң қабылданса, бұл ұйым мемлекеттік болатындықтан, азаматтарға қызмет толықтай ақысыз көрсетілмек. Ал, агенттік үшін бюджеттен бөлініп отырған қаржы Ұлттық қор бюджетінің бестен бір бөлігін құрайды екен. Олар негізгі қызметті көрсетуге жұмсалады. Өз кезегінде сауал қоюға сұранған депутат Омархан Өксікбаев бірден «Тағы да агенттік құрып отырмыз. Бұрынғыны сақтау керек еді. Бізде заң бойынша емес, жеке адамның мүддесі бойынша шешім қабылданады», – деп құзырлы орын өкілдерін бір түйреп өтті. Жалпы, депутатты қайта құрылып жатқан ұйым қызметінің өзге қадағалаушы органдар қызметімен қалай үйлесім табатыны алаңдатқан сияқты. Өйткені, оның айтуынша, бүгінде валюталық бақылауды Үкімет те, Ұлттық банк те, Есеп комитеті де жүзеге асырады. Ал, мына заңнамада олардың бірлескен іс-қимылын реттейтін тетік жоқ. Тұсауы кесіліп отырған заң жобасында олар міндетті түрде қайталанбай, сапалы, нақты түрде көрініс табуы керек. Смоляковтың бұған қатысты уәжінен түйгеніміз, барлық мәселе аталмыш құзырлы орындар басшыларынан құралған кеңесте алқалық түрде шешім табады.
Тоқ етерін айтқанда, бізде тағы бір ұйым қайта жаңғырмақ. Бұл ұйым мәселелерді шешуші ме, әлде бюджеттің бүйірін тек тесуші ме, оны уақыт көрсетеді. Әзірге белгілісі, депутаттар заң жобасын қуана қабылдады.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий