Қоғам | Общество

Аңсаған сәби» бедеулік пен белсіздік мәселесін толықтай шеше ала ма?

Келер жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында мемлекеттік квотаны жеті мыңға дейін арттыру мәселесі мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. Белсіздік пен бедеулік мәселесі неге елімізде дендеп кетті? Мемлекеттік квота бұл мәселені толықтай шеше ала ма?

Белгібай ШАХМЕТОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
— Негізі елімізде институттар көп. Бірақ олардың әрқайсысының өзінің айналысып жатқан тақырыптары болғаннан кейін, нақты еліміздегі бедеулік пен белсіздік мәселесін зерттеп, оның көбейіп кетуінің сырына үңіліп жатқан мамандар жоқ. Мемлекет үшін ең басты құндылық адам ғой. Сондықтан нақты осы мәселені зерттеп, алдын алу жолдарын қарастыратын ғылыми зерттеу орталығы керек.
Бедеулік пен белсіздіктің көбеюіне әсер ететін нәрсе көп. Шыны керек, қазір ішкен тамағымыз да, жұтқан ауамыз да, киген киіміміз де табиғи емес. Оған телефоннан, компьютерден, ұшақтан алып жатқан радиацияны қосыңыз. Екіншіден, әлеуметтік бедеулік деген бар. Жастар жасанды урбанизацияға, яғни әлеуметтік босқындыққа ұшырап ауылын тастап амалсыздан жұмыс, білім іздеп қалаға келеді. Үй таба алмай, күй таба алмай тентіреп жүргенде 30-40 жылы өтіп кетеді. Денсаулығы құриды, сосын балалы болатын жағдайы да қалмайды. Ол да денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Ал қабыну процестері әйел мен еркектің ұрығының сапасының төмендеуіне, ұрық жолдарының бітеліп қалуына немесе қызметінің бұзылуына алып келеді. Жолдауда айтылып өткендей елімізде әр алтыншы отбасы бала сүйе алмайды. Тіпті соның салдарынан ажырасып кетіп жатқан отбасылар қаншама?! Мемлекет басшысы «Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстан халқының өсуіне қатысты болжамы көңіл көншітпейді», – деген еді. Демек демографиямызға қатысты мәселе бар. Сондықтан бұл мәселеге мән беретін уақыт жетті. Бастап мемлекет тарапынан бағдарлама арқылы көңіл бөлінуде. Енді осындай отбасылар да мәселеден қашып, ажырасып кетпей, немесе бақсы тәуіп жағалап жүре бермей қайта мәселенің шешу жолдарын нақты мамандармен бірге іздестірсе дұрыс болар еді.
Еліміздің экономикалық жағдайы жақсарған сайын, мемлекеттен бөлінетін квота саны да ұлғая береріне сенімдімін. Соның айғағы квота саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, алғашқы 2010 жылы осы мақсатта небары 100 квота ғана бөлінсе. Биыл бұл мәселеге қатысты мыңның үстінде квота қарастырылған екен. Келер жылдан бастап бұл статистика жеті еселеніп өсе түсуде. Сондықтан еліміздің демографиясына «Аңсаған сәби» айтарлықтай үлес қосарына сенім мол!

Салтанат Байқошқарова, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог:
— Ең алдымен жұмысты елімізде бала сүйе алмай жүрген отбасылардың нақты статистикасын анықтаудан бастауымыз керек. Бұл мәселеге көңіл аударылмағандықтан қазір балаға зар отбасылардың белгілі бір бірыңғай статистикасы да жоқ. Дегенмен келер жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы бастау алатынына өте қуаныштымын. Қоғамда бала сүю бақытына жете алмай жүрген жұптар қаншама. Олардың қалтасындағы соңғы тиынын қағып немесе басындағы үйін сатып барынша балалы болуға тырысып жүргенін көргенде жаным қиналатын. Әрине баласынан ештеңе аямайтын қазақпыз ғой. Бірақ онсыз да көңілдері жүдеу сол жандардың қалтасына салмақ түскенін көру оңай емес. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл мәселеге көңіл аударылып жатқаны қуантады.
Бедеулік пен белсіздік өмірге тікелей қауіп төндіретін, аз уақытта емделетін ауру болмағандықтан осы уақытқа дейін оның статистикасы жасалмаған. Талай жанұя да уақыттан үміт етіп өміріне қауіп төніп тұрмағандықтан, аз уақытта емделе салатын дерт болмағандықтан уақыт оздырып жүре береді. Сондықтан бұл мәселе кейінге шегеріліп қала берді. Бір нақтысы осы бағдарламаның арқасында квота кезегінде тұрған мыңдаған әйелдің 60-70%-ына көмек көрсетуге мүмкіндік болатынын ұғынып отырмыз. Рас, бедеулік пен белсіздіктің емі қымбат. Ол ойымыздан шығарып отырған баға емес. Бір квотаға 1 млн теңге шамасында қаржы бөлінеді. Оның жартысы медициналық технологияға, жартысы дәрі-дәрмекке жұмсалады. Қолданылатын емінің өзі қымбатқа түседі. Сондықтан экстрокорпоральды ұрықтандыруға мүмкіндігінше бала сүю мүмкіндігі жоғары жұптарды аламыз. Аз квотаны тиімді пайдалану үшін барынша мүмкіндігі жоғары жандарды таңдап алуға тырысатын едік. Енді мүмкіндігінше көптеген жұптарды қуантуға мүмкіндік туып тұр.
Дегенмен алдағы уақытта медициналық сақтандыру жүйесі толықтай іске қосылса, бөле жарып, квотаға байламай осы мәселемен бетпе бет келген барлық жандарды емге алсақ дұрыс болар еді. Ресейде сақтандыру жүйесі іске қосылған кезде әрбір әйел жылына бір рет ЭКҰ жасау мүмкіндігіне ие болды. Ол жерде жасы мен нәтиже тобы маңызды емес, барлығына мүмкіндік береді. Бізге де осындай жүйе маңызды. Сонда квотаға қол жеткізу үшін қитұрқылыққа барып, жемқорлыққа жол беріп, талас та туындамас еді. Шыны керек, бұрын квота аз мөлшерде болғандықтан қаншалықты әділ бөлініп жатқанын бақылап отыра алмайтынбыз. Әрине талас та жоғары болатын. Сондықтан квотаны шынайы әрі әділ бөлу үшін барлығын электронды түрде жасап, еліміз бойынша балаға зар барлық отбасының арнайы бірыңғай кезегін жасау керек. Соған сай жүйелі жұмыстар жүргізілсе саладағы қордаланған мәселелер шешілер еді.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий