Қоғам | Общество

Бедеулік пен белсіздік салдарынан талай бесік бос тұр…

Қазақ үшін ізін жалғар баланың, үйді шаттыққа бөлер шақалақтық орны бөлек. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп, баласыз шаңыраққа қатысты қатаң үкім айтқан халқымыз, бар жақсыны баласының қуанышына шашып, отбасы бақытын да баламен байланыстырады. Өкінішке қарай соңғы жылдары елімізде бала орнына үмітін әлдилеп, жылдар бойына сәби күтіп сарғайған ерлі-зайыптылардың саны артып бара жатқанын статистика айғақтап отыр. Осы орайда келер жылы іске қосылатын, мемлекет қолдауымен жүзеге асып отырған «Аңсаған сәби» бағдарламасы сәби үніне зар болған талай шаңыраққа шаттық сыйларына үміт мол.

«Экомед» медициналық орталығының дәлізінде кезек күтіп отырған ерлі зайыптылардың бірін сөзге тарттық. Екінші рет сәтсіз аяқталған ЭКҰ әдісінен соң денсаулығын қалыпқа келтіру мақсатында ем алып жүрген Гүлден бізбен әңгімелесуге ынталы екенін байқатты. «Жасым 30-дан асып бара жатқан соң биыл мемлекеттік квота күтіп уақыт өлтірмей-ақ еңбек демалысын ала сала, ЭКҰ әдісін жасатуға асықтық. Мұның алдында екі жыл бұрын жасатқан әрекетім де сәтсіз аяқталған болатын. Мемлекеттің біздей отбасылардың мәселесін елеп отырғаны қуантады. Репродуктолог дәрігерім ағзамды кішкене демалту қажет екенін айтуда. Енді ем алып денсаулығымды қалыпқа келтірген соң, келер жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысамын деп отырмын. Жолдасым «Алланың сынағы» ғой деп сабырға шақырады. Осылайша бір бірімізді жұбатып келе жатқанымызға 7 жылдай уақыт өтіпті. Шыны керек бар тапқан таянғанымызды емге жұмсап жүрген біздей жандар үшін мұндай бағдарламаның маңызы зор.  Мемлекеттің қолдауын естігенде жылап алдым әбден. Басына түспей біздің мәселемізді ешкім түсінбес» деп ойлаушы едім» дейді.

Гүлденнің «мәселемізді түсінбес» дегеніндей расында да биылға дейін елімізде белсіздік пен бедеулікке шалдыққан жұптардың нақты статистикасы да жасалмаған екен. Биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова елімізде бала сүйе алмай жүрген отбасылардың нақты статистикасы жоғын, тіпті оны тіркейтін мемлекеттік орган да құрылмағанын айтады. Сондықтан көрсеткіштерге келгенде мамандар халықаралық деректерге немесе түрлі ұйымдар ұсынған статистикаға сүйенуге мәжбүр екен. Ұлтымызда бұл нәзік мәселе болғандықтан ерлі зайыптылар да өздері туралы мәліметтің тіркелуіне қарсы көрінеді. Нәтижесінде әр жерде әртүрлі дәрігерлерге қаралып жүрген, мәселесінің сырына терең үңілетін дәрігерін таппай жүрген, нақты бір жерде статистикасы жасалмаған ерлі зайыптылардың бедеулігі мен белсіздігінің сырына үңіліп отырған қандай да бір орталық та жоқ екен. Биылдан бастап қана енді бұл мәселеге мән бере бастаған, тиісті орындардың мәліметінше Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша елімізде 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр екен. Дегенмен мамандар бұл әлі нақтыланбаған, толықтырылмаған, еліміз бойынша осы мәселемен бетпе бет келген барлық әйелді қамтымаған дерек екен. Мамандар аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін кейбір түйткілді мәселелердің шешім тапқаны дұрыс деп есептейді. Өйткені он шақты жыл өтсе де баланы әулие-әнбиеден сұрап, болмаса үйінің маңындағы гинекологқа ғана барып жүрген әйелдер қаншама?!

Осы орайда айта кетер жайт, репродуктолог Салтанат Берденқызы «елімізде аналар бедеулік диагнозын мойындағысы келмейді. Неше жылдан бері балалы болу үшін бармаған жерім, баспаған тауым жоқ деп алдыма келеді. Әңгімесін тыңдап отырсаң емші, тәуіп жағалаған, қолында денсаулығы туралы толық мәліметі де жоқ болып шығады. Яғни баласыз жандарға көмектесетін, нақты осы мәселемен күресетін біздей орталықтардың барынан да хабарсыз болып шығады. Сондықтан «Аңсаған сәби» бағдарламасы көбірек насихатталса екен, мемлекеттің бұл қамқорлығының мәні кеңірек түсіндірілсе екен» дейді.

2010 жылдан бастап медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылып, мемлекет тарапынан квота бөліне бастаған ЭКҰ әдісі жылдар өте көбейе түсуде. Сол жылы мемлекетіміз 100 квотадан бастаса, биыл әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры 1105 ЭКҰ-ға 943 миллион 800 мың теңге қарастырған. Ал мемлекет басшысы Үкіметке келесі жылдан бастап квота санын 7 мыңға дейін, яғни жеті есеге ұлғайтуды тапсырып отыр. Демек бақытқа бөленген отбасылар саны еселеп артпақ. Бүгінгі таңда Қазақстанда 26 ЭКҰ орталығы жұмысы істейді, оның 21-і – жекеменшік. Сүйіншілеп айта кетер жайт, осы уақытқа дейін елімізде жасанды жолмен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген екен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Ал елімізде ресми тіркелген бедеу жұптардың ұзын саны 15 мыңға жуықтайды. Олардың 10 мыңдайы экстракорпоральды ұрықтандыруға мұқтаж көрінеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей бейресми дерек бұдан да көп болуы әбден мүмкін.

Айнабай Мәлдібеков, уролог-андролог:

  • Шыны керек, елімізде бұл мәселе бойынша емделуге тек әйел келеді, ал ер-азаматтар тек­серілуге онша құлықты емес. Көбі оны өздерінше намыс көреді. Бұрын еркектердің белсіздігі 30-40% еді. Қазір 50%. Ғаламда соның ішінде бізде аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Жалпы, бедеуліктің факторлары аз емес. Оның бірі экология, адамның қозғалыссыз өмір сүру салты, кеш үйлену, өзін-өзі шектеу сияқты себептері көп. Ерлі-зайыптылар мүмкіндік болса, 35 жасқа дейін бала мәселесін шешіп алуы керек. Жас ұлғайған сайын ұрықтың да сапасы нашарлап, генетикалық тұрғыдан әлсіреп, жатырға тоқтауы қиын болмақ. Көп жағдайда материалдық жағдай да ерлі зайыптылардың ем алуына қолбайлау болып жатады. Осы орайда мемлекет тарапынан бұл мәселеге еселеп көңіл бөлінгеніне қуанып қалдық. Енді «Аңсаған сәби» бағдарламасына үміт артып, мәселесін ашық айтатын, дер кезінде ем алуға ұмтылатын немесе балаға бола шаңырағын шайқалтатын отбасыларға бұл айтарлықтай көмек болып отыр.

P.S. Бедеулік ұлтымыздың басты демографиялық мәселесіне айналғалы қашан… Қазақтың өсуі тежеліп отыр. Бір кездері саны өзімізбен шамалас елдердің саны қазір еселеп өскен. Осынау ұлан байтақ даланы ұстап тұру үшін елімізде халық санын өсіру керек екені айтпаса да түсінікті. Саны жеті есе өскен «Аңсаған сәби» бағдарламасымен бірге халқымыздың саны да еселеп өсіп, даламыз бен қаламызды балаға толтырсақ мақсаттың орындалғаны…

 

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий