Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

БІЗДІҢ ҚОҒАМ ӘДІЛЕТТІ МЕ?

Кез келген мемлекеттің іргетасы берік болуы үшін қоғамда әділеттілік орнауы керек. Әділеттілік дегеніміз – бірінші кезекте барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік, теңдей құқық беру, әлеуметтік жағдайын теңестіруге ықпал ету. Нарықтық экономиканың өз заңдылықтары бар, дегенмен мемлекет осы мәселеде өз ұстанымынан айнымағаны абзал. Қазақстанда қазір қызық жағдай қалыптасты. Қылмыс жасап түрмеде жатқан азаматты асырауға бюджеттен бөлінетін қаражат қарапайым тұрғынды қолдауға бөлінгеннен екі жарым есе көп.

Сотталғандар ел бюджетінің есебінен қаржыландырылады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазір бір сотталғанға немесе тергеу тұтқынындағы адамға қазынадан күніне 3063 теңге бөлінеді екен. Бұдан басқа заңға сәйкес бiр сотталған адамға 3 шаршы метр мен 5 шаршы метр арасында тұрғын алаң бөлінеді және жеке жатын орын, төсек жабдықтары беріледі. Сондай-ақ гендерлік-климаттық жағдайды ескере отырып, сотталғандар маусымға сәйкес киіммен, тамақпен және күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға, кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ науқастарға тамақтанудың жоғарылатылған нормалары белгіленеді. Жарайды, басқасын санамай-ақ қоялық, егер күніне 3063 теңге болса, сотталған адамға бір айда 91 890 теңге бөлінеді екен.

Карантиндегі халыққа айына – 42 500 теңге, сотталғанға – 92 мың теңге
Карантин кезінде қарапайым халық та қамалды. Айырмашылығы – тек үйінің төрт қабырғасына қамалды. Мемлекет жұмыс істеп, табыс табуға да мүмкіндік бермеді. Ал сол үшін
алған өтемақысы бар болғаны – 42500 теңге. Онда да өтемақы тек бұрын жұмыс істегендерге ғана берілді ғой. Демек, отағасылар осы ақшаға тек бір өзі күн көрген жоқ, бала-шағасын да асырады. Ал дәл сол кезде бұрын қылмыс жасап, қазір салқын жердегі салулы төсекте жатқандардың әрқайсысына (соқа басына) мемлекет айына 92 мың теңгеге жуық ақша бөліп отырды. Әділдік пе?

Бала денсаулығы маңызды ма, сотталған адам ба?
Жақсы, карантин күнде бола бермейді дейік. Енді мемлекеттің басқаларды қолдау мәселесіне келейік. Мысалы, балабақшадағы бүлдіршіндер – елдің болашағы. Мемлекет оларды тәрбиелеуге қандай қамқорлық жасап отыр? Соңғы жылдардағы өзгерістерден кейін қазір ата-ана бүлдіршіндердің тамағының, кеңсе тауарларының, кезекші топтың құнын толық, 100 пайыз төлейді. Біз сұрастырған ата-аналардың айтуынша, балалардың тамағына айына шамамен 20 мың төлейді екен. Бірақ бұл жердегі мәселе онда емес. Мәселе мынада – мемлекет балабақшадағы бүлдіршіннің тамағына бір теңге жұмсамайды, бірақ түрмедегі адамның тамағын толық көтереді. Бастауыш сынып оқушыларының түскі асына келейік. Мемлекет оларға ыстық тамақ беруден де бас тартқан. Еліміз бойынша тек 3-4 облыста ғана жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, оқушыларға тегін тамақ беріледі. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы 2019 жылы бұл үшін бюджеттен 4,7 млрд теңге бөліп, әр балаға күніне 358 теңгенің ыстық тамағын беріп отырған. Оқушылар айына 24 күн сабаққа барады деп есептесек, айына бір балаға 8 592 теңге бөлінген екен. Қысқасын айтқанда, болашағымыз балалар деп жиналыс сайын айтатын мемлекет балалардың тамағына түрмеде жатқан адамға қарағанда он есе кем қаражат бөледі.

ӘРИНЕ, БІЗ БҰЛ ЖЕРДЕ СОТТАЛҒАНДАР АДАМ ЕМЕС НЕМЕСЕ ОЛАРДЫ АСЫРАУ ТОҚТАТЫЛСЫН ДЕП ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ. ОЛАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТ ЕСЕБІНЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛУЫНА ҚАРСЫЛЫҒЫМЫЗ ДА ЖОҚ. БҰЛ ЖЕРДЕ БІЗ ТЕК КЕЙБІР ФАКТІЛЕРДІ САЛЫСТЫРЫП ҚАНА ОТЫРМЫЗ. АЛ СОТТАЛУШЫЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚОҒАМ ҮШІН ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР ДА БАР.

Комментарий