Қоғам | Общество

Орынбордың Ресейге берілгеніне 95 жыл болды

Орынбор қаласы мен Орынбор губерниясының Ресейге берілгеніне биыл 95 жыл болды. 1925 жылы ақпанда Қазақ АССР астанасы Орынбордан Ақмешітке көшірілген соң, Орынбор қаласы мен Орынбор губерниясы РСФСР құрамына қосылды. 1934 жылдан бері Орынбор облыс орталығы. 29 аудан мен 7 қала, 6 қалалық округтан тұратын облыс шығысы мен оңтүстігінде Қазақстан Республикасымен шектеседі. Халқының 6 пайызы қазақтар. Олар саны жағынан орыс пен татардан кейін үшінші орында тұр. Аймақта қазақтардың 12 ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестіктері бар. Оның ішінде 4 ұйым ұлттық-мәдени автономия үлгісінде. Қазақ қоғамдық бірлестіктерін 1999 жылы құрылған Орынбор қазақтары қауымдастығы біріктіреді. Облыс әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, қазақ тілін оқытатын білім беру мекемелері Орск қаласы мен Адамовский, Акбулакскоий, Асекеевский, Беляевский, Домбаровский, Новоорский, Оренбургский, Светлинский, Соль-Илецкий, Ясненский аудандарында орналасқан. Орынбор қазақтары туралы 1996 жылы «Казахи Южного Урала: история и современность», 2005 жылы «Казахи Оренбуржья: история и современность», 2006 жылы «Вместе на одной земле. Этническая история и культура казахов Оренбуржья» және тағы басқа да түрлі еңбектер жарық көрді.

Тарихқа көз жүгіртсек Патшалық Ресей патшалығының отарлауына дейін Қазақ хандығының жері болып келген Орынбор 1744 жылы императордың жарлығымен Орынбор губерниясының орталығына айналды. Ал 1919 жылы 10 қыркүйекте Орынбор губерниялық комитеті мен губерниялық атқару комитеті және Қазревком бірлескен отырысында Орынбор губерниясының Қазақ елінің құрамына енуі туралы шешім қабылданды. Соның нәтижесінде Совет үкіметінің 1920 жылы 22 қыркүйектегі Декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы Қырғыз (Қазақ) автономиялы советтік социалистік республикасының құрамына қосылды. Ал сол жылы 1 қазанда Орынборда Қырғыз (Қазақ) автономиялы советтік социалистік республикасы Советтерінің құрылтай съезі өтті. Осылайша 1920-25 жылдары Орынбор қаласы ҚазАССР астанасы болды.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ

Комментарий