Қоғам | Общество

Көктемнің алғашқы гүлдерін қорғайық!

Іле Алатауы – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы екі ірі тау жоталарының бірі және бірегейі болып табылады. Бірегейі болатын себебі осы аумақта Қазақстандағы табиғи өсетін өсімдіктердің ішіндегі 5700-ге жуық түрінің 2000-дайы өседі. Бұл тау жоталары шығыста Шарын өзенінен батыстан Шу өзеніне дейінгі 380 км арақашықтықты қамтиды. Климатына келетін болсақ, Іле Алатауының өзіне тән климаты ерекше континенталды, тәуліктік және жылдық температурасы тұрақсыз болып келеді, әсіресе тау баурайында жылу мен суықтың алмасуы басым. Жауын-шашынның жылдық мөлшері тау етегінде жылына 300-600 мм. Теңіз деңгейінен 1500 м биіктікте жауын-шашын мөлшері едәуір көбейеді, шамамен жылына 840 мм жауын-шашын түседі.

Аталған табиғат құбылыстары Іле Алатау флорасының – Солтүстік Тянь-Шаньдағы ең бай флора болып түзілуіне өз септігін тигізуде. Қазіргі кезде, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және осы паркке шекаралас аумақта өсімдіктің 2025-тей түрі өседі, 80 -і эндемикалық түр және 37-і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Қар кетер-кетпестен тау бөктері мен етегін әсем түрге айналдыратын көктемнің алғашқы гүлдері Алатау бәйшешегі (жауқазын), Алтай торсылдағы, Колпаковский құртқашашы шешек жарады. Бұл гүлдер Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ерекше қорғауды қажет етеді. Адами және басқа да факторларға байланысты табиғатта жойылып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктер.

Алатау бәйшешегі немесе жауқазын, Іле Алатауынан бөлек Жоңғар Алатауында, Қаратауда, Батыс Тянь-Шаньда таралған өсімдік. Табиғи өсіп-өну аумағын, көпшілігінде ауылшаруашылық мақсатта игеру және

тұрғындардың гүлді бей-берекет жинауынан таралу аймағында жауқазынның саны күрт азайған.

Алтай торсылдағы – көпжылдық шөптесін өсімдік, шамалы мөлшерде топтасып өсетін түр. Іле Алатауынан бастап Алтайға дейінгі жабайы жемісті ормандар мен шөптесін ортада және бұталы беткейлерде өседі.

Колпаковский құртқашашының ерекшелігі, оның сары топырақты тау етегінде, ылғалдылығы төмен беткейлерде өсетіні. Іле Алатауынан бөлек Қырғыз Алатауында, Батыс Тянь-Шаньда таралған. Тасты жерде өсетін әсем, тамаша өсімдіктің саны кеміп, жойылудың алдында тұр деп табиғат жанашырлары дабыл қағуда.

Таулы аймақта орналасқан табиғат қорғау мекемелері мамандарының негізгі міндеті – саны азайған, жойылу қаупі алдында тұрған өсімдіктерді қорғау болғандықтан табиғат жанашырларымен бірлесіп нақты міндеттерді алға қоюда. Аталған гүлдердің генетикалық қорын сақтау ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құзырында болғандықтан, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2020 жылдың 26 ақпанындағы «Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген гүлді өсімдіктерді қорғауды күшейту туралы» №55 н/қ бұйрығын шығарды. Парк қызметкерлері Қызыл кітапқа енген гүлдерді жинауға жол бермеуге жұмыс атқаруда, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, табиғат қорғау полициясымен бірлескен рейдтер жүргізеді. Әр жұлынған гүл үшін айлық есептік көрсеткіштің жартысындай 1325 теңге 50 тиын көлемінде залал төленеді. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 339 бабына сәйкес «Өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін, сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді, олардың бөліктерін заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою – үш

мың айлық есептік көрсеткішке (3000 АЕК – 7 953 000 тг) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылғы дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны» анықталған. Жас буын өкілдерін, мектеп оқушыларын, студенттерді табиғат жанашыры болуға баулу мақсатында колледж, мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, баяндамалар оқылады.

Алтын қорымыз – табиғатымызды қорғауға барлық жанашыр жандардың атсалысып, әсем гүлдерімізді қорғауға үлес қосқанын қалаймыз.

 

М.Молдасанова

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

ғылыми қызметкер

Комментарий