Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

Ерден Әріпов, Жоғарғы Cоттың судьясы: “Интернет арқылы лаңкестікті насихаттайтындарды тыю қиын”

– Ерден Рауанұлы, бүгінде лаңкестік пен экстремизмнің адамзат үшін қаупі орасан болып отыр. Бұл жағдайдан әлемнің бір бөлшегі Қазақстан да шет қалмауда. Осыдан он жылдай бұрын террор жайлы шетелдік БАҚ-тардан ғана еститін болсақ, қазіргі таңда мұндай сипаттағы қылмыс біздің елімізде де жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Неден қателестік, енді қандай қадамдар жасалуы керек?

– Иә, қазіргі жағдайда мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі лаңкестік пен экстремизмнің қылмыстық-құқықтық көріністерімен күреске бағытталып отыр. Лаңкестік әлдеқашан жекелеген мемлекеттердің шекарасынан шығып, тұтас әлемді алаңдатқан түйткілді мәселеге айналды. Соңғы он жыл ішінде мұндай
қылмыстық әрекеттер Қазақстанда да бой көрсетуде. Әсіресе Атырау, Ақтөбе, Алматы қалаларында жиі көрініс беріп отыр. Өздеріңізге белгілі, бұл бағытта Қазақстан заңдарына өзгерістер енгізілді. Заң жасаушылар лаңкестік және экстремизммен байланысты құқықбұзушылықтарды қоғамға аса қауіпті қылмыс түріне жатқызды. Осы шешімнің негізінде терактіні ұйымдастырып, оған белсенді мүше болған адамдардың және
шетелге барып соғысқа қатысқандардың кінәсін толық дәлелдеу арқылы оларға қатаң жаза қолдану мәселелері қазіргі уақытта жүзеге асып отыр.

– Демек, бүгінде террористік қылмысты сотта қараудың белгілі бір тәжірибесі қалыптасқан болар?

– Әрине! Негізінен, лаңкестік және экстремистік қылмыстық құқықбұзушылықтарды қарау кезінде судьялар
Конституция, Қылмыстық кодекс, лаңкестікке қарсы әрекет туралы, экстремизмге қарсы, заңсыз жолмен алған қаржыны жылыстату туралы, лаңкестікті қаржыландыру заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін және лаңкестікке қарсы күрес туралы біздің мемлекетіміз ратификациялаған халықаралық келісім нормаларын басшылыққа алады. Қолданыстағы заңдарды дамытып, одан әрі жетілдіру үшін сот тәжірибесінің маңызы зор. Сондықтан бұл санаттағы істер жүйелі түрде талданып, таратылады.

– Бірізді тәжірибе қалыптастыру үшін Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы қабылданған болар?

– Иә, құқық қолдану ісінде туындайтын көптеген өзекті мәселелер Жоғарғы Соттың «Лаңкестік және экстремистік қылмыстар туралы заңнамаларды қолдану бойынша сот тәжірибесінің кейбір мәселелері» туралы 2017 жылдың 8 желтоқсанында қабылданған №11 нормативтік қаулысының дайындалуына негіз болды. Бұл бірыңғай тергеу, сот тәжірибесінің қалыптасуына белгілі бір бағыт берді.

– Жалпы, елімізде лаңкестік әрекеттер жиі жасала ма? Қылмыстың қауіптілік деңгейі қандай?

– Негізінен, қандай ел болса да қазіргі таңда бұл қауіптен қорғалмаған. Десе де, егер бұрын лаңкестікпен күрестіңжаһандық рейтингісінде біздің мемлекет орта деңгейдегі қатерлі елдердің санатына қосылса, қазір Қазақстан лаңкестіктің болар-болмас қаупі бар елдер санатына жатқызылып отыр. Шынайы статистикалық мәліметтер аталған категориядағы істердің азайғанын көрсетеді. Айталық, ағымдағы жылдың соңғы 7 айы
ішінде республика соттары 33 лаңкестік бағыттағы қылмыстық істі қарады. Мысалы, Қылмыстық кодекстің лаңкестікті насихаттау немесе жария түрде лаңкестік актіні жасауға шақыру жөніндегі 256-бабы бойынша 23 іс, лаңкестік топ құру, оны басқару және оның жұмысына қатысу жөніндегі 257-бап бойынша 9 іс, лаңкестік қызметті қаржыландыруға қатысты 258-бап бойынша 1 іс қаралды. Алғашқы екеуі бойынша барлығы 32
адам сотталып, 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Экстремистік бағыттағы әлеуметтік,
ұлттық, нәсілдік, сословиелік және діни алауыздық тудыру қылмысы дәйектелген 174-бап бойынша және Қылмыстық кодекстің қызметі экстремизм мен лаңкестікке байланысты болғандықтан тоқтатылған қоғамдық және діни ұйымдарды ұйымдастыру, жұмысына қатысу әрекеті бойынша талап айқындалған 405-баппен 20 іс қаралып, 25 адам сотталды. Істердің бұл сыныптарына сәйкес сотталғандарға қолданылған басым жазалар бостандықты шектеу болды. Бұл шара барлық сотталғандардың 17 пайызын қамтыды, яғни, 17 адам сотталды. Бас бостандығынан айрылғандар саны – 8, бұл – барлық сотталушылардың 32 пайызы.

– Негізінен, кімдер сотталды?

– Екі мыңыншы жылдардың басы мен ортасында Дакка, Богру, Бангладештегі және басқа елдердегі лаңкестердің жаттығу орталықтарында болған азаматтардың соғыс әрекеттеріне қатысуға біздің елдің тұрғындарын үгіттеп, қатарына тартқаны белгілі. Осы тұста адасып, өз ұстанымынан ажыраған, өзгелердің
ықпалында кеткен отандастарымыз аз болмады. Солардың біразы исламның дәстүрден тыс жиһадтық-салафиттік бағытындағы көзқарасын ұстанып, әскери әрекеттер аймағына кеткен еді. Ал мұндай жандар қоғамды бұзатыны, жастардың санасына кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

– Лаңкестікке қатысты ауыр қылмыстардың көбі интернетті қолданумен байланысты екені белгілі…

– Иә, интернетте қалай лаңкестік әрекетті ұйымдастыру қажеттігі айтылған уағыздар арқылы жастарды тарту
фактілері бар. Интернет арқылы лаңкестікті насихаттауды толығымен тоқта ту мүмкін болмай отыр.
Ақтөбеде болған терактіде ұйымдастырушылар интернеттегі материалдарды жинақтап, бірге намаз
оқитын адамдарға ұсынғаны анықталды. Бізде Бас прокуратурада соттың шешімімен Қазақстанда
құрылмайтын, құрылса таратылатын лаңкестік ұйымдардың тізімі бар. Бірақ олардың ғаламтордағы
әрекетіне тосқауыл қою өте қиын.

– Жалпы лаңкестікке қатысты қылмыстық істерді сотта қарау кезінде қауіпсіздік шарасы жасалған ба?

– Әлбетте, істердің санатына орай зардап шеккендердің, куәгерлердің және өзге де процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда ұсталады. Сондай-ақ, мемлекеттік құпияларды сақтау мақсатында мұндай сот процестері жабық жағдайда өтеді. Қылмыскерлердің қауіптілік деңгейіне
орай, сот өтіп жатқан ғимарат айналасын қарулы күштер күзетіп, сот орналасқан орам тағы да қоршауға алынуы мүмкін.

– Еліміз әскери тартыстар аймағына кеткен біраз отандасымызды қайтарып алғаны белгілі…

– Иә. Қазақстанның осы әскери тартыстар аймағынан өз азаматтарын қайтаруға күш салғаны ізгілікті шара болды. Мұны әлемдік қауымдастық та өзге мемлекеттер үшін үлгі болатын ұмтылыс ретінде бағалап отыр. Осы арнайы операция аясында Сириядан отанымызға 595 азамат оралды. Оның 400-і – балалар. Оларға білім алу, қалыпты өмірге кірігу үшін коммуникативтік және басқа дағдыларды игеруге жағдай туғызылуда.

– Арасында халықаралық құқық өлшемі бойынша заңмен қудаланып жүргендері де бар ғой…

– Бұл – шындық. Соңғы уақытта «Жусан» арнайы операциясы аясында елге оралған 14 қазақстандыққа қатысты бірнеше сот процесі жүргізілді. Олардың көпшілігі 2013 жылдан бастап әскери дайындықтан өтіп, Сирия мен Ирак аумағында ұйымдастырылған әскери тартыстар мен басқа да лаңкестік әрекеттерге тікелей қатысқан. Сонымен бірге, бейнероликтер түсіріп, ғаламтор және БАҚ арқылы қарулы жихадқа шақырған,
адамдарды отбасылармен бірге Сирия республикасының аумағына соғыс әрекеттеріне қатысу үшін ұйымдастырып, тартқан, лаңкестікті, діни алауыздық пен дұшпандықты насихаттағандар да заң
құрығынан құтылмайтыны анық. Бірақ оларды қылмыстық жауапкершіліктен босату қажет деген пікірлер айтылуда.

– Қоғам болған соң түрлі пікірдің айтылатыны рас. Солардың бірқатары лаңкестік пен экстремизм сипатындағы қылмыстарды қарауда кемшілік бар деген көзқараста.

– Өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының арнаулы баяндамашысы Ни Аолаин Қазақстанға келіп бірқатар ұсыныс айтқан болатын. Олар, негізінен, Қылмыстық кодекстегі лаңкестікті анықтаудың белгілі деңгейде тарлығы, құқықтық белгісіздік пен қолданылатын терминдердің шашыраңқылығы, құқық қолдану элементтерінің сәйкессіздігі мәселелерін қамтыды. Ұлттық заңнаманы халықаралық өлшемдермен үйлестіру, оның ішінде лаңкестік және экстремистік бағыттың қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысты тұстарына қатысты мәселелер жөнінде Жоғарғы Сот бұрын бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Мұны тек республика деңгейінде ғана емес, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Қауіпсіздік Кеңесінің басқа да халықаралық диалог
алаңдарының күн тәртібіне енгізген еді. Халықаралық сарапшылар қылмыстық заңнамада экстремизм ұғымы және зорлықшыл экстремизм, насихат, қатерлер ұғымының қалай анықталатыны жайлы, лаңкестік пен экстремизм категорияларының байланысы, сот тәжірибесі жайлы бізге ұсыныс, тұжырым айтуда. Әлі де болса бізге әкімшілік пен қылмыстық жауапкершілік арасында туындауы мүмкін бәсекелестікті жою үшін
құқықбұзушылықтың диспозициясын қандай элементтер анықтайтыны жайлы да сындарлы ой-пікірлер керек. Тоқ етерін айтқанда, лаңкестік пен экстремизмге қатысты қылмысқа қарсы құқық қолдануды жетілдіре түсу қажет. Бұл ретте бізге шетелдік мамандармен диалог құрудың берері көп. Қуаныштысы сол, Жоғарғы
Сот тарапынан мұндай бас қосулар жиі өтіп тұрады. Жуырда ғана өткен дөңгелек үстел бұл мәселедегі тың бағыттарды, негізгі басымдықтарды айқындауға, тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік туғызды. Осындай әріптестіктер жалғаса берсе дейміз.

– Ой бөліскеніңізге рақмет!

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий