Қоғам | Общество

Алматыда мемлекеттік қызметтерді үйден алушылар қатары артты

Егер бұрын халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарын үйлеріне ерекше қажеттіліктері бар, 1-2 топтағы мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері ғана шақырта алса, енді 65 жастан асқан азаматтар да мемлекеттік қызметтерді үйден ала алады. Бұл Қазақстанда бірқатар шектеу шараларының енгізілуімен байланысты. Атап айтқанда, 65 жастан асқан адамдардың қозғалысына шектеу қойылған болатын.
Мемлекеттік корпорация қызметкерін үйге шақырту үшін азамат немесе оның қамқоршысы 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, қызметке сұраныс қалдыруы керек. Бұдан кейін Азаматтарға арналған үкіметтің мамандары өтініш қалдырушымен байланысып, құжаттардың толықтығын нақтылайды және үйге барып мемлекеттік қызмет көрсетудің күні мен уақытын белгілейді. Айта кететіні, қызметкерлер өтінішті қабылдағаннан кейін қызмет алушыға 7 жұмыс күнінен кешікпей баруы керек.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры данияр Қырықбаевтың айтуынша, биылғы жылдың 7 айында мемлекеттік филиал қызметкерлері үй-үйге барып 2 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.
Мобильді топты үйге шақыру кезінде халықты құжаттандыру қызметін көші-қон полициясының қызметкерлері жүзеге асыратынын ескеру қажет. Сондықтан, егер жеке куәлікті жарамдылық мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыру қажет болса, үйге бару және құжатты дайындау уақытын ескере отырып, өтінішті кем дегенде 2 апта бұрын қалдыруқажет
«Үйге шақырту барысында алынатын ең танымал қызметтердің ішінде төлқұжаттар мен жеке куәліктер беру, мүгедектерді сурдо-тефлотехникалық және міндетті гигиена құралдарымен қамтамасыз ету, мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек көрсету үшін тиісті қағаздарын дайындау сияқты қызметтер бар», – . деп атап өтті Қырықбаев.
Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус пандемиясы жағдайында қызметтерді барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып көрсетеді. Барлық маман маска мен антисептиктермен қамтамасыз етілген.

Комментарий