Жаңалықтар | Новости

ЕРІКТІ БОЛУ – ЕРЛІКПЕН ТЕҢ

ЕЛІМІЗДЕ КОРОНАВИРУС ПЕН ПНЕВМОНИЯ ӨРШІГЕН ТҰСТА НАУҚАСТАРҒА КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗҒАН ЕРІКТІЛЕР КӨБЕЙДІ. МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАНДА БІРІ ОТТЕГІ БАЛЛОНДАРЫН ТАСЫМАЛДАУҒА, БІРІ ДӘРІ-ДӘРМЕК, АСХАНАҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК АПАРУҒА, ЕНДІ БІРІ НАУҚАСТАРДЫ РЕАНИМАЦИЯҒА ЖЕТКІЗУ ЖҰМЫСТАРЫНА ЖҰМЫЛДЫРЫЛДЫ. ЕЛ БАСЫНА ТӨНГЕН ҚАЗІРГІДЕЙ ҚИЫН ЖАҒДАЙДА ЖҮРЕГІ ЖЫЛУҒА ТОЛҒАН МҰНДАЙ ЖАНДАРДЫҢ ІСІ ЕРЛІКПЕН ПАРА-ПАР. ВИРУСПЕН КҮРЕСТЕ ДӘРІГЕРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСІП, АЛҒЫ ШЕПТЕ ЖҮРГЕН ЕРІКТІНІҢ БІРІ – АБЫЛАЙ ТАЛҒАТҰЛЫ.

Тараз қаласының тұрғыны Абылай Талғатұлы ауруханада дәрігерлер жетіспеушілігі байқалған тұста қол ұшын беруге сұранып келген. Қазіргі кезде еріктінің Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығында жұмыс істегеніне бір айға жуық уақыт болды. Ол басын қатерге тігіп, мұндай қадамға баруына анасының ауырғаны түрткі болғанын айтады.

– Анам қатты ауырып, қала бойынша қажет дәріні таба алмадым. Содан таныстарымды, достарымды ортаға салып, Алматыдан дәрі тауып, Таразға алдырттым. Сол кезде «анамнан айырылып қаламын ба?» деген үрей бойымды билеп, қатты уайымдадым. Дегенмен ем-домның арқасында анамның денсаулығы жақсарып, беті бері қарады. Дәрігер жеңгем анамның жағдайын біле келгенде менен: «Не істеп жүрсің?» – деп сұрады. Мен демалыстамын дедім. Содан жеңгем: «Дәрігер аз, көбі әйел. Ауруханада адам көп. Үлгермей жатырмыз.Науқасты көтеріп апарып, орнына жатқызудың өзі ауыр жұмыс. Бізге ерікті боп келсеңші», – дегенде, үйде шыдап жата алмадым.Тәуекелге бел буып, Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығына ерікті боп бардым, – дейді Абылай.

Абылайдың айтуынша, емханада тәртіп қатал. Қорғаныш киімін киіп, шешудің де өз тәртібі бар. Сонымен қатар, еріктілер атқаруы тиіс жұмыстар да көп екен.

– Науқастардың жақындарына емханаға  кіруге рұқсат берілмейді. Науқасты жеткізу, онымен сөйлесу тәртібі де бар. Жұмысты бастамас бұрын дәрігерлер де, волонтерлар да қорғаныш киімін киеді. Қорғаныш киімдерін төрт сағат сайын ауыстырамыз. Киімдерді жуып, дезинфекциялап, үтіктеп әкеліп отырады. Маска, антисептик, арнайы көзілдірік – бәрімен қамтылған. Қорғаныш киімдерін киіп, шешудің де тәртібі бар. Хлорға аяқтарымызды  салу, міндетті түрде жуыну секілді қағидаттар да бар. Емханада екі ерікті ғана болдық. Мен және Нұрсұлтан есімді жігіт. Екеуміз атқаратын жұмыс жетерлік. Жедел жәрдем әкелген науқастардың әлі жоқ, жүруге шамасы келмей жатады. Сол кісілерді көтеріп, реанимация бөліміне жеткіземіз. Қайтыс болған адамдардың денесін дезинфекциялап, оттегі балонын тасып, тағы басқа жұмыстарды да атқардық. Жеке өз басыма істеген жұмыстарым емес, анасынан, бауыры мен жақынынан айырылып, жоқтаған адамдардың көз жасын көру қиын болды, – дейді ол.

«Ерікті ретінде ауруханаға алғаш келгенде ахуал ауыр болды», – дейді Абылай. Оның айтуынша, төтенше
жағдай кезінде ауруханаға адамдар толассыз келген. Тіпті, дәрігерлердің тамақ ішіп, бір-бірімен сөйлесуге де
уақыты болмапты.

– Коронавирус жұқтырғандар көбейген тұста орталығымыз лық толды. Ауруханамызда хәлі ауыр науқастар саны артты. Дәрігерлер науқастарды қабылдап, үлгермей жатты. Жедел жәрдемге хабарласатын адамдардың саны үш есеге артып, науқастарды алып келген жедел жәрдем көліктері далада кезекте тұрды. Бір күнде он екі жедел жәрдем көлігі кезекте тұрған сәт те болды, – дейді ерікті.

Кейіпкеріміз: «Ерікті болу арқылы өмірдің қысқа екенін түсіндім. Еріктілер – сіз бен біз сияқты қарапайым
адамдар. Олардың ең басты айырмашылығы, өзі тұратын қаланың, ондағы адамдардың тағдырына
бейжай қарай алмауында.

-Өмір – есікті ашып, жапқандай өте қысқа екен. Шыны керек, науқастардың жанында жүріп өлімді көп ойлайтын болдым. Жанымда жүрген жақындарымды ренжітпесем, ешкімге жамандығым тиіп кетпесе екен дедім. Науқастармен жұмыс істегенде, оларға қатты жаным ашып, жүрегім ауырды. Оттегін мұрындарына қойып, өмір мен өлім арасында күресіп жатқан сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көз алдымда қаншама адам қайтыс болды. Емхана сыртында жиналған елдің қолыңнан тартып, «Анамның жағдайы қалай? Әкем қай палатада жатыр? Жағдайлары жақсарды ма?» деп сұрақ жаудырғаны, үмітпен қарағаны қатты әсер етті. Сыртта үміт болса, іште арпалыс жүріп жатты. Ары қарай айтудың өзі ауыр», – дейді.

Абылайдың негізгі мамандығы – театр және кино актері. Ол бүгінде Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма
театрының актері. Емханадағы өмір мен өлім арасында арпалысқан науқастарды емдеп жүрген дәрігерлерді
көргеннен кейін ерікті жігіт «медицина саласындағы қызметкерлердің қадірін түсіндім» деген еді.

– Шыны керек, дәрігерлерге көзқарасым өзгерді. Ақ халатты абзал жандарға деген құрметім артты. Өйткені, отбасын, бала-шағасын тастап, күн-түн демей жұмыста жүрді. Өз өмірлеріне қауіп төніп тұрса да, жауапкершіліктен қашпай, қолдан келгендерін жасады. Осы күнге дейін бүгінгі елдің батырлары – елді басқарып отырған биліктегі адамдар, спортшылар деп ойлаушы едім. Жоқ, бүгіннің батыры – дәрігерлер. Қарусыз соғыста, көзге көрінбейтін нәрсемен күресте дәрігерлердің еңбегі орасан зор болды. Дәрігерлерге басымды иіп, алғыс білдіремін. Бірақ кей адамдар науқасты әлсіз, аурудың шегіне жеткен кезде алып келіп, «сендер өлтірдіңдер» деп дәрігерлерге ауыр сөздер айтып жатты. Мен бұған ренжідім. Дәрігер – Құдай емес. Олар қолдан келер жұмысын істеді. Егер сегіз жыл уақытты артқа қарай жылжыта алсам, дәл қазір мамандығым актер емес, дәрігер болатын еді, – деді Абылай.

Бүгінде Жамбыл облысында коронавирус және пневмониямен ауыратын науқастар ем алған стационарлар
жабылды. Соңғы науқастардың емделіп шығуына байланысты инфекциялық және провизорлық ауруханалар қалыпты жұмыс режиміне көшті. Ал Абылай Талғатұлы – осы орталықта соңғы науқас қалғанша қызмет еткен жанның бірі.

Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий