Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Асхат Қасенғали, саясаттанушы: Отты бері өткізбейтін өзеніміз – бітімгерлік

–Қазақстан – әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын, көптеген дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу тәсілін ұсынып келе жатқан мемлекет. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың бір парасын айтып өтсеңіз. Бүгінге дейін қандай бітімгерлік миссиялары орындалды?

–ХХІ ғасыр – бұл адамзаттың жаңа ойын ережелерімен ойнайтын ғасыры. Жалпы, бітімгерлік миссиясы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, әлемде жаһандық кезекті соғысты туындатпау мақсатында БҰҰ сынды татулықты, бейбітшілікті сақтаудың бірегей институты пайда болған сәтте үлкен қолданысқа ие бола бастады. Корей түбегіндегі соғыстан бастап, қазіргі күнгі қақтығыстарға дейін бітімгерлік күштері маңызды рөл ойнап
келеді. Ал тәуелсіздігіне 30 жыл енді толатын біздің ел үшін мұндай миссияларға қатысу өте маңызды. Діндар
Мартин Нимеллердің: «Алдымен олар социалистерді тұтқындауға келді, мен үндемедім. Өйткені социалист емес едім. Артынша олар кәсіподақ мүшелеріне келді, мен үндемедім. Өйткені кәсіподақта жоқ едім. Одан кейін олар еврейлерге келді, мен үндемедім. Өйткені еврей емес едім. Ең соңында олар маған келді, сол сәтте мен үшін үн қататын ешкімнің қалмағанын түсіндім», – деген әйгілі сөзі бар. Маған осы сөз қатты ұнайды. Бұл сөз бітімгерлік миссиясының басты ұраны болуы тиіс деп те ойлаймын. Өйткені бір сөзбен
бітімгерліктің күшін, ықпалын, мақсатын көрсетіп тұр. Қазақстан тәуелсіздік алған соң, бірден бітімгерлік миссияларына қатысуға тура келді. Оған КСРО құлап, оның орнына пайда болған елдердегі саяси ахуалдың нашарлап, соңы қақтығыстарға ұласуы себепкер болды. Ең бірінші болып біз азамат соғысының құшағында қалған Тәжікстанға аттандық. Бес жылдың ішінде он мыңнан астам сарбаз өз борышын өтеп, бітімгерлік миссиясын орындады. Тәжікстан біз үшін Ауғанстаннан келуі мүмкін экстремистік ағынды тоқтатудың алдыңғы шебі ретінде қарастырылды. Және бұл дұрыс! Өкінішке орай, бұл елде біраз сарбазымыз оққа ұшты. Олар тектен тек қаза тапты деп айта алмаймыз. Тәжік жерінде көз жұмса да, қазақ елінің мүддесін қорғады.
Артынша Ирактағы соғысқа біздің сарбаздарымыз жарылғыш заттарды залалсыздандыру бойынша маңызды
миссиямен аттанды. Бұл елде де миссия құрамындағы сарбаздар үшін қайғылы оқиғалар болды. Дейтұрғанмен сарбаздар үлкен тәжірибе жинақтады. Тәуелсіз ел үшін сарбаздардың кәсіби болуы аса маңызды. Міне, сондай кәсібилік осындай миссиялармен келеді. Қазір еліміздің әскери күштері күні
кеше ғана жойқын жарылыс болған Ливанда бітімгерлік миссиясымен жүр. Одан бөлек біз НАТО, ҰҚШҰ, БҰҰ аясында түрлі бітімгерлік миссияларына қатысып келеміз. Мемлекетіміз көпвекторлы саясат ұстануға тырысатындықтан, тек қана бір тараптың емес, түрлі мүддені көздейтін ұйымдардың миссияларына қатысу арқылы тәжірибе жасақтаудамыз.

– Қазақстан әскері бітімгерлік миссияларына да бұрыннан қатысып келеді ғой. Мәселен, тәжік-ауған шекарасын күзеткен қазақстандық сарбаздардың есімдері ел жадында. Ал кеше ғана қазақстандық әскери қызметшілер тобы Ливанға бітімгершілік миссияcын атқаруға аттанды. Бітімгерлерді соғыс аймағына жіберу тәуекелге бел буу деген сөз емес пе?

– Әрине, тәуекелге бел буу. Бұл – үлкен тәуекел, үлкен қауіп. Тәжік стандағы оқиғаны жақсы білесіздер. 1995 жылдың 7 сәуірінің жаңғырығы құлағымызға әлі келеді. Жап-жас қазақтың сарбаздары ауған-тәжік шекарасында оққа ұшты. 17 сарбаз көз жұмды. Бұл біз үшін үлкен қайғы. Міне, тәуекел дегеніміз осы. Бірақ, бір жағынан, егер біздің күштер Тәжікстанға бармағанда және бітімгерлік миссиясын атқармағанда, жас ержүрек сарбаздарымыз кеудесін оққа тоспағанда, бәлкім, ол елдегі азамат соғысы тұтас Орталық Азияға жайылып кетер ме еді? Сондықтан сөзсіз бұл тәуекел. Егер сіз ақпарат беттерін ашып қалсаңыз, Африкада, Таяу Шығыста БҰҰ аясында қызмет ететін түрлі елдердің бітімгерлік күштері оққа ұшып жатқанын оқи аласыз. Олардың басым бөлігі АҚШ пен Еуропа елдерінің сарбаздары. Дамыған елдер, қуатты державалар. Соған қарамастан, олар қауіпті аймақтарда тәуекелге бас тігіп, өз борыштарын өтеп жатыр. Өздерінің елдерінің мүдделері үшін. Біздің күштерге де осы әрекет тән.

– Қалай ойлайсыз, бізге бейбітшілік орнататын мемлекет ретінде халықаралық аренада жүру қаншалықты қажет?

– Қазақстанды біз таңның атысы, күннің батысы қанша жерден мақтасақ та, ақиқат біреу. Қазақстан – әскери
қуаты әлсіз, экономикасы енді дамып келе жатқан ел. Әлсізді кез келген күш тұқырта алады. Сондықтан біз үшін тыныштық пен бейбітшілік маңызды. Сол себепті де, біз Сириядағы соғыс тоқтасын деп шыр-пыр боламыз. Әзірбайжан мен Армения соғысып кетпесін деп алаңдаймыз және бізге әсері тікелей не жанама тиюі мүмкін қақтығыс ошақтарын тыныштандыруға тырысамыз. Кейде ол сәтті болады, ал кейде мүлде нәтиже бермей жатады. Бірақ бұл дұрыс позиция деп санаймын. Неге? Өйткені біз туындаған қақтығыстар мен соғыстардың өз аумағымызға өтіп кетуінен сақтанамыз. Қытайдың «өртті өзеннің бергі бетінен
тамашала» деген нақыл сөзі бар. Ал біз үшін отты бері өткізбейтін өзеніміз ол – бітімгерлік күштеріміз, бейбітсүйгіш позициямыз, дауласушы, қақтығысушы тараптарды татуластырушы алаңдарымыз.

– Саяси-тарихи дәлелге жүгінер болсақ, дүние жүзінде өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет жоқтың қасы. Ал Қазақстан әлемде көлемі жағынан төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, күллі әлемге үлгі болды. Не ұттық, неден ұтылдық?

– Бұл сұраққа дәл қазір нақты жауап беру өте қиын. Себебі, Қазақстан әлі бірде-бір елмен әскери
қақтығысқа түскен емес. Мысалы, Украина да дәл біз, сияқты ядролық қаруға ие мемлекет еді. Әлемдік державалар арқадан қағып, беттен сүйіп, ол қарудан бас тартқызды. Болашақта аумақтық тұтастығына кепіл беріп, тәуелсіздігінің баянды болатынын жеткізді. Бірақ картаны ашып қараңыз, жаңалықтарды қосыңыз, сайттарды оқыңыз. Сол кепілдіктер мен уәделер орындалды ма? Жоқ! Мүлде! Украина бүгінде сиырдың бүйрегіндей бөлшектелген ел. Аумақтық тұтастығы тас-талқан болды. Бәлкім ол қолында ядролық қуаттылықты сақтап қалғанда, қазіргідей қиын жағдайға тап болмас па еді?! Сондықтан Қазақстанның
ядролық қарудан бас тартқанына баға берер сәт әлі туған жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий