Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

«ЕКІНШІ ТЫНЫС» НАУҚАСТАРҒА ҮМІТ СЫЙЛАДЫ

ӘЛЕМДІ ЖАЙЛАҒАН КОРОНАВИРУС ІНДЕТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ДА ӨМІРІН ЖАЛМАП, ЕЛІМІЗДЕ ӨЛІМ-ЖІТІМ КӨБЕЙІП ТҰР. ТАЛАЙ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАРЫМЫЗ БІР ЖҰТЫМ АУА ЖЕТПЕЙ, ӨМІРДЕН ӨТІП ЖАТЫР. ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫНА ТҮСКЕН ҚАЙҒЫҒА ҚАБЫРҒАЛАРЫ ҚАЙЫСҚАН КӘСІПКЕР АЗАМАТТАР МЕН ЖАНАШЫР ЖАНДАР ҚАЛ-ҚАДЕРІНШЕ КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗЫП, ЕЛІМІЗДЕГІ ЕМДЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНЕ ТЫНЫС АЛУ АППАРАТТАРЫН, ДӘРІ-ДӘРМЕК АЛЫП БЕРІП ЖАТҚАНЫНА КҮН САЙЫН КУӘМІЗ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ЖУРНАЛИСТ ӘРІ БЛОГЕР, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ МАГИСТРІ ДӘУЛЕТ ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ МҰҚАЕВ. «ӘР ҚАЗАҚ ҮЙЛІ БОЛСЫН» ДЕГЕН ҰРАНДЫ ҰСТАНЫП ЖҮРГЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ  АҒЫНАН САУАТТЫ АЗАМАТЫМЕН БОЛҒАН СҰХБАТЫМЫЗДЫ ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ.

– Дәулет мырза, «Дəулеттен» қайырымдылық қорының «Екінші тыныс» акциясы аясында оқырмандарыңыздың қолдауымен бір жұтым ауаға зар науқастар үшін 200 тыныс алу аппаратын Түркиядан алдырып жатқаныңызды білеміз. Нақты қанша қаржы жиналды, қанша аппарат алынды, оларды елді мекендерге тарату қалай жүзеге асырылуда? Түркиядағы «Аidyn nury» қайырымдылық қоғамымен жəне басқа да блогерлермен, жанашыр азаматтармен бірлескен игілікті істеріңіз туралы айтсаңыз.

– Қазақтың аяулы қызы, танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаевамен араласып тұрамыз. Айнұр әпкемнің әлеуметтік желідегі постын көріп, оқырмандарыма «Екінші тыныс» акциясын жасау туралы ұсыныс жасадым. Менің оқырмандарым 5 сағаттың ішінде 12 млн теңге жинады. Қомақты қаржы жиналған соң, Айнұр әпкеме «Дәулеттен» қорының да мұндай қайырымдылық шарасынан тыс қалмайтынын айттым. Сөйтіп, екеуміз бірігіп
бастаған қайырымдылық акциясын еліміздегі және шетелдегі өзге де блогерлер мен кәсіпкерлер қолдап, іліп әкетті. Нәтижесінде 1000 дана тыныс алу аппараты алынып, бүгінгі таңда алғашқы партиясы (125 дана) елімізге жеткізілді. Енді бір жұтым ауаға зар болып, дем жетпей қиналып жатқан науқастарға екінші тыныс сыйлайтын баға жетпес бұл құрылғылар республикамыздың түкпіртүкпіріндегі елді мекендерге жол тартады.

– Қайырымдылықпен айналысуды қашан бастадыңыз жəне оған не түрткі болды? 

– Бұл қасиет менің бойымда бала кезімнен қалыптасқан десем болады. Балалық шағым өзім дүние есігін
ашқан Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында өтті. Қарапайым отбасынан шықтым, әкем ағаш шебері
болса, анам – медбике. Семейдегі математик Т.Ы. Аманов атындағы №16 орта мектепте Кеңесова Тамара Құмарқызы, марқұм Сисенбина Тұрсынай Әшірбайқызы, Байзенов Жомарт Байзенұлы сияқты Қазақстанға еңбегі сіңген ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алдым. Қайырымдылықпен мектеп кезінен айналысамын, студент шағымда да достарыммен бірігіп, балалар үйіндегі, қарттар үйіндегі тәрбиеленушілерге киім-кешек, азық-түлік апарып жүретінбіз. Қызылағашты су басқанда волонтерлік жасақта болдым. Уақыт өте келе адам өзгереді, жетіледі. Тағы бір түрткі болған мәселе инстаграм желісіндегі оқырмандарымның көбеюі болды. Көбіне қаржылық сауаттылық туралы пост салып жүретінмін. Оқырмандарым күн санап көбейіп жатты.
Сол кезде оларды тек білімге ғана емес, қайырымдылыққа да жұмылдырсам деген ой келді. «Біз біріксек,
кем-кетігімізді бүтіндеп, жыртығымызды жамасақ, сөйтіп, бір адамның болса да мәселесін шешу қолымыздан келер еді» деген ойымды ортаға салдым. Оқырмандарым бірден қолдай кетті. Сөйтіп, қайырымдылық
іс-шараларын бастап кеттік. Кейін «Дәулеттен» қайырымдылық қорын құрып, ресми тіркелдік.

Қор жарғы бойынша жұмыс істейді. Бірінші бағыты – мұқтаж жандарға баспана әперу болса, екінші бағыты білімге негізделеді, яғни көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан білімді балалардың оқу ақысын төлеп, шәкіртақы тағайындаймыз. Өзім баспана және білімге басымдық беремін. Баспанасы
бар адамның білім алуға немесе көңілі қалаған жұмысымен айналысуына, ізденуге мүмкіндігі болады. Ал білім жинақтаған азаматтар ешқашан жерде қалмайды. Тағы бір бағыт бойынша 12 айдың екі айында «Қайырымды жұма» акциясын ұйымдастыру арқылы сырқат жандарға көмектесеміз.

– Халықтан жиналған қаржының әр тиынының сұрауы бар. Сіздің қорға түскен қаржының есебін ашық түрде беріп отыруыңыз оқырмандарыңыздың сенімін арттыра түскендей.

– «Бір қолыңмен бергенді екінші қолың білмесін» деген тәмсіл бар. Дегенмен қайырымдылық қорымыз заңды түрде тіркелгендіктен, атқарылып жатқан іс-шаралар туралы есеп беруге міндеттіміз. Сондықтан, Әділет министрлігінің де, Алланың алдында да есебімізді беріп отырамыз. Сонымен қатар 90 мыңнан астам оқырмандарымыз үшін берілетін есепті «Дәулеттен» қорының парақшасының күнделікті тарихына үш сағат сайын жариялап отырамыз.

– Мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету барысында қандай əлеуметтік топтарды басты назарға аласыз? Осы күнге дейін қанша отбасыны бақытқа бөледіңіз?

– Халқымызда «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. Осы уақытқа дейін Ақтөбе, Шымкент, Семей, Өскемен,
Алматы, Нұр-Сұлтан, қалалары мен Алматы, Ақмола облыстарынан 20 шақты мұқтаж отбасыға баспана алып
беріппіз. Негізінен көп балалы отбасыларға баса назар аударамыз. Өйткені, олар ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан еліміздегі демографияны арттыруға үлес қосып жатыр. Өзіміздің қаракөз қазағымыз қиналмасын, жыламасын деп осы әлеуметтік топқа басымдық береміз. Бұл қордың жарғысында да жазылған.

– Қайырымдылық мақсаттарыңыз тек баспана алып берумен ғана шектелмей, сырқат жандардың емделуіне, басқа да ізгі істерге бағытталғаны белгілі. Осы туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Дұрыс айтасыз. Осы уақытқа дейін жасалған қайырымдылықтың шегі жоқ. Бір ғана биылғы Рамазан айында 100 млн теңгеге қайырымдылық жасаппыз. Қайырымдылықпен айналысудың бір ерекшелігі – айына бір
рет шулатамыз да, жиналған қаржыны көзделген мақсатқа жұмсаймыз. Оқырмандарым да әбден үйреніп
алған, асыға күтіп отырады. Әр айдағы қайырымдылықтың өз атауы болады. Мысалы, маусым айында «Бала-шағамен – ауылға» жобасы аясында бес отбасына ауылды жерден үй сатып әперіп, алдына екі бұзаулы сиыр саламыз деп жоспарладық. Бүгінгі таңда екі отбасы орналасты, қалғандары өздеріне қолайлы баспана іздестіруде. Оның алдында «Көп балалы отбасы», «Жетім бала», «Жалғызбасты ана», «Жалғызбасты әке» жобаларын жүзеге асырдық. Шілде айындағы шара, өзіңіз айтып отырғандай, «Екінші
тыныс» деп аталды. Тамыз айында тұрмысы төмен отбасылардың балаларына онлайн оқуға қажетті ноутбук,
планшет немесе телефон алып бермекпіз. Мақтааралдағы су тасқыны кезінде мектеп түлектеріне ноутбук
сыйға тарттық.

– Қазақтың қаржылық жағынан сауатты азаматы ретінде өзіңіздің журналистік, блогерлік қызметіңізді тиімді пайдаланып, халыққа үй алу, ақша жинау жөнінде бағыт сілтеп келесіз. Қаржылық сауаттылықты арттыру жөнінде жазған кітаптарыңыз да бар. Бұл жолға қалай келдіңіз?

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес факультетінің бакалаврын
«Мемлекеттік және жергілікті басқару», ал, магистратураны «Инновациялық менеджмент» мамандықтары
бойынша тәмәмдадым. Бітірген соң екі жыл бойы экономфакта оқытушылық қызмет атқарып, болашақ менеджер-маркетологтарға, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандарына, экономист – қаржыгерлерге дәріс  бердім. Он жылдан бері теледидар саласында жүрмін. Кезінде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысына қатысып, кейін студент кезімде сол бағдарламада қосымша жұмыс істедім, артынан «Еларна», «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Хабар» агенттігінде продюсер, редактор, қонақ редакторы болып істедім. Қазір «Хабар» арнасында «Баспанаға бағыт» деген авторлық бағдарламам бар, дүйсенбі мен жұма аралығында тікелей эфирде жүргіземін.

– Баспана зардабын тартып жүрген əр қазақ үйлі болу үшін бірінші кезекте не істеуі қажет? Неден бастаған жөн?

– Біздің қазақ біреудің ақшасын санағанды жақсы көреді. Бірінші кезекте менің айтарым, біз өзгенің емес, өз
ақшамызды санап үйренуіміз керек. Әркім өз қаржылық сауатын арттырып, кіріс-шығыс есебін дұрыс
жүргізіп, калькуляция жасап отырса, жинақтылыққа, ұқыптылыққа, ақшаны шашпауға үйренеді. Отбасы бюджетін үнемдеуде «10-20-70» қаржылық қағидасын басшылыққа алған жөн. Яғни отбасы кірісінің 10 пайызы жинауға, 20 пайызы демалыс, өзін-өзі дамыту, қайырымдылық шараларына, қалған 70 пайызы күнделікті шығындарды өтеуге (несие, пәтерақы, коммуналдық төлемдер, азық-түлік, киім-кешек, байланыс тарифтері, т.б.) жұмсалады. «Дәулетті күнделік» кітабымда кірісшығыс калькуляциясы анық көрсетілген. Ал, «Бизнеске бағыт» кітабымда халықты бизнеске баулудың, жеке кәсіпкерліктің есебін жүргізудің, инстаграмдағы кәсіптің нақты қадамдары егжей-тегжейлі баяндалған. «Жүз мың теңге жалақы аламын» деп ауыз толтырып айту оңай. Ал, сол ақшаның әр тиыны қайда жұмсалғанын сұраса, кім-кімнің де ойланып қалары анық.
Сондықтан әр адам өз ақшасының қалай келіп, қайда кетіп жатқаны туралы ойланатын болса, қаржылық сауаты артып, бірізділікке түсіп, ақша жинаудың жүйесіне көшетін болады. Конфуций ілімінде «мың қадамдық жол бір қадамнан басталады» дейді. Мұны қазақы ұғымға лайықтасақ, «теңге тиыннан құралады» деген түсінікке келіп тіреледі. Депозитінде миллион теңге жинаған адам тағы да үстіне миллион қосқысы келіп тұрады. Жалпы, адам жинауды үйренуі қажет. Нарықтық қоғамда адам баласы құқықтық және қаржылық сауатты болуы тиіс.

– Бүгінгі таңда баспаналы болуға мүмкіндік беретін бағдарламалар жетерлік. Солардың ішінде қарапайым халық үшін, əсіресе, жастарға, жас отбасыларға тиімділері қандай?

– 2018 жылдың соңында баспаналы болу туралы шеберлік сыныптарын өткізгенде, мен «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «50/50» бағдарламасы туралы айтатынмын. Аллаға шүкір, халықтың жанайқайы жоғары жаққа жетіп, қойған талаптары ескеріліп, «Бақытты отбасы», «5-10-20», «Жас отбасы», әскерилерге арналған бағдарлама, жастарға арналған «Жалдамалы пәтер» бағдарламалары
қабылданды. Қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тарапынан жас отбасыларға арналған 6 пайыздық мөлшерлемемен жаңа бағдарлама ұсынылуда. Ол үшін үйленгендеріне үш жыл толмаған жас отбасының ерінің де, әйелінің де атындағы депозиттерде баспананың жарты құнына тең жинақ болуы шарт. «Жалдамалы пәтер» бағдарламасы Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда, алғашқы пәтерлер жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс.

– Экономика ғылымдарының магистрі, сауатты қаржыгер ретінде өзіңізге еліміздің қаржы министрі қызметі ұсынылса, жұмысыңызды неден бастаған болар едіңіз?

– Мұндай жоғары лауазым ұсынылып жатса, бірінші кезекте еліміздің несие саясаты бойынша жұмыстанар
едім. Банктердің пайыздық мөлшерлемелері өте жоғары, осы мәселені қолға алып, халыққа несие беру шарттары мен олардың қайтарылу жолдарын қарастырған болар едім.

– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий