Жаңалықтар | НовостиОйталқы | Разъяснения

ЕРІКТІЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ҚАЛАЙ ҰТЫМДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУҒА БОЛАДЫ?

Еріктілер жылы деп жарияланған кезде оны әркім өзінше жорып, сан-саққа жүгірткен. Алайда, бұл қозғалыс қажет екенін және ол қоғамда лайықты бағалануы керектігін әлі де толық түсінбейтін сияқтымыз. Оны волонтерлардың өзі де ашық айтып отыр.

Азиз КАЖДЕНБЕК

Азиз КАЖДЕНБЕК, ерікті:

– Мен тек Алматы қаласының деңгейінде ғана айта алам. Бізде волонтер болғым келеді деген жастардың жолына көбіне әке-шешесі, туыстуған, дос-жараны кедергі қойып жатады. «Шықпа, қандай адамдармен жұмыс істейтініңді білмейсің» деп сақтандырады. Әрине, волонтер болған соң вирусты бірінші кезекте жұқтырып алу мүмкіндігі жоғары. Бірақ, мұқтаж адамдарға көмектескендегі сезім басқаша деп ойлаймын. Сондықтан, ең бірінші волонтерлік қозғалысты пандемия кезінде ұйымдастыру әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты. Өзім шықпасам
болды демей, заң жағымен жұмыс істеу қажет. Волонтер деген таңнан кешке дейін жүріп тамақ тарату ғана емес, қасыңдағы адамдардың еріктілер қозғалысына қатысты ой-пікірін өзгерту, еріктілер қатарын көбейту. Екінші, волонтерлар саны соңғы жылдары жылдам өсіп келе жатыр. Бірақ, бетперде, антисептик сияқты қорғаныш заттары әлі де көп жерлерде жеткіліксіз. Егер волонтер болам деп штабқа қосылып жатсам, ең бірінші өзімді қорғайтын қорғаныш заттарын бермесе, мен қалай басқаларға көмектесе алам? Сол себепті бірінші кезекте ең алдымен оларды қажетті қорғаныш заттарымен толық қамтамасыз ету керек деп ойлаймын. Сол кезде еріктілікке адамдар көптеп жинала бастайды. Үшінші, осы уақытқа дейін бізде волонтерміз деп келген ұйымдар аз емес. Егер олар ресми тіркелген болса, концерттерді ғана жағаламай, осындай жағдайда
да ең алдыңғы шепте жүруі керек. Мемлекет жағынан, мүмкін, олардың бәрін ұйымдастырып, бұған міндеттеу керек шығар. Мемлекеттен бұған дейін қандай да бір көмек алдың ба, кеңсе алып, тегін отырдың ба? Онда солардың бәрі ортақ іске атсалыссын. Осы кезде жұмылған жұдырықтай болып атсалыспаса, басқа кезде
волонтер болғанынан не пайда? Бұл жердегі мәселе, меніңше, алдымен қоғамда сияқты. Волонтерлікті көбейту үшін билік қоғамға, халыққа үндеу жолдау керек сияқты. Телеарналарда, радиоларда арнайы бейне-аудио роликтер көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдары үгіт-насихат жұмысына түгел қатысуы керек. Әйтпесе,
қазір бәрі сөйлеген кезде шебер, ал аулада біреу құлап жатса, сыртқа шығып көмектеспейтіндер көп.

Бағдат Анарбаева

Бағдат АНАРБАЕВА, Волонтерлар лигасы Алматы бөлімшесінің төрайымы:

– Волонтерлік жұмыс ұтымды болу үшін, ең алдымен, онымен қоғамды дұрыстап таныстыру керек деп ойлаймын. Волонтер деген кім? Қандай мақсатта жұмыс істейді? Қандай бағыттары бар? Оның бәрін түсіндіру керек. Өйткені, қоғамда көптеген адамдар әлі де волонтерлік жұмысты толық білмейді. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтерлар жылы деп жариялаған кезде, ол негізгі 7 бағытқа бөлінген болатын. Қазір осы бағыттар бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Өйткені волонтерлік жұмысты жүйелендірудің арқасында бұған дейін болмаған жаңа бағыттар ашылды. Одан
бөлек көптеген мекемелер тарапынан оған басқаша көңіл бөліне бастады. Оқу мекемелері оқушыларға, студенттерге волонтерлік жұмысты әлі де жан-жақты таныстырып, кейде тағлымдама мен тәжірибеден волонтерлік арқылы өтуге болатынын көрсетуі керек шығар. Қазіргі таңда соңғы жағдайларға байланысты көмекке мұқтаж адамдар өте көп. Осыған орай волонтерлер санын қажеттілікке байланысты әлі де арттыру керек деп ойлаймын. Бұдан бөлек еріктілерді қоғамға таныстырумен қатар, волентерлік жұмыстың қауіпсіздік жағын әлі де ойластыру қажет. Белгілі бір деңгейде оларға жеңілдіктер жасалатын болса, артық болмас еді деп ойлаймын.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Комментарий