Қоғам | Общество

АУЭС студенттеріне 800 ноутбук сыйға тартты

Алматыдағы іргелі жоғары оқу орнының бірі – Ғ.Дəукеев атындағы Алматы энергетика жəне байланыс университетінің табалдырығын аттаған бірінші курс студенттеріне ноутбуктерді сыйға тартуда. Мұндай тамаша тарту жасауды аталған университет Қазақстанда, тіпті ТМД елдері аясында алғашқы болып бастап отыр.

Игілікті бастаманың мəн-жайын Ғ.Дəукеев атындағы Алматы энергетика жəне байланыс университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор С.В. Коньшиннен білген едік.

– Университет ұжымы бұл шешімді жазда қабылдады. Əрине, бұған əлемді жайлаған коронавирус пандемиясының салдарынан студенттердің қашықтан оқуы себеп болды. Əу баста 8 дəрісхананы заманауи теледидарлармен жəне LED-экрандармен жабдықтауды жоспарлағанбыз. Алайда пандемия біздің жоспарларымызды мүлдем басқа бағытқа бұрып жіберді. Студенттеріміздің қашықтан оқуына байланысты осы мақсатқа қарастырылған университет қаржысы есебінен 800 ноутбук сатып алуға жəне оны бірінші курс студенттеріне беруді ұйғардық. Өйткені біз олардың тұрмыстық жағдайын білмейміз. Тіпті жүздесіп, танысып та үлгерген жоқпыз. Оқу болса, алғашқы күннен-ақ онлайн форматта өтуде. Сондықтан қатарымызға жаңа қосылған біздің үлкен ұжымның жаңа мүшелерін жатсынбай қарсы алып, сапалы білім алуына жағдай жасаймыз деп шештік.

Сонымен ноутбуктер биылғы оқу жылында грантты иеленгендер мен ақылы бөлімге түскендерді қосқандағы бірінші курстың 692 студентінің арасында ҰБТ-да 80 жəне одан да жоғары балл жинағандарға беріледі.

Бұған қоса шекті балға жетпесе де, ата-ана қамқорлығынан сырт қалған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасынан шыққан студенттерге де беру қарастырылған. Жақын күндері балалардың əлеуметтік мəртебесін растайтын тиісті құжаттары жинақталған соң, қосымша тізім жасалып, олардың қолына тиетін болады.

Құзырлы мамандармен ақылдаса отырып, соңғы үлгідегі, техникалық сипаттамасы жоғары, бағасы 400 мың теңгеге жуық сапалы ноутбуктер сатылып алынды. Пайдалану мерзімі 4 жылға есептелген. Студенттер оқу орнын бітіргенше алаңсыз пайдалана алады.

Айта кетейік, бұл акцияны біз университетіміздің құрылғанына 45 жыл толатын торқалы тойына арнадық. Сонымен бірге еліміздегі өзге де жоғары оқу орындарына үлгі-өнеге болар деген ойдамыз, – деді Сергей Владимирович.

Өздеріне сыйға берілген ноутбуктерін алып шығып келе жатқан студенттерді сөзге тартқан едік.

– Осы университеттің “Электротехника жəне автоматтандыру” мамандығы бойынша грант иегері атандым. Оқуға түстім деп бір қуансам, университет тарапынан осындай тамаша тарту алып, қуанышым еселене түсті. Мен үшін бұл тосын сый болды. Əрі бізге үлкен міндет жүктейді. Университет басшылығының қамқорлығына алғыс айтамын жəне бізге артқан сенімдерін ақтаймыз деп айтқым келеді, – деді батысқазақстандық Шынар Тұрарова.

Айгүл АХМЕТОВА,

“Заң газеті”

Комментарий