Жаңалықтар | Новости

Балтық елдері Лукашенкоға кіруге тыйым салды

Латвия Беларусьтің 30 азаматына, оның ішінде президент Александр Лукашенко және оның әкімшілігінің қызметкерлеріне елге кіруге тыйым салды. Бұл туралы Латвия СІМ басшысы Эдгарс Ринкевичс мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Олар президент сайлауындағы алаяқтық және Беларусьтегі бейбіт митингілерге қарсы қатаң шара қолданғаны үшін жауапты. Біз тәуелсіз және демократиялық Беларусь пен оның азаматтарын қолдаймыз», — деп жазды Ринкевичс Twitter желісіндегі парақшасында.

РИА Новости мәліметінше, Лукашенко, сондай-ақ ішкі істер және әділет министрі, бас прокурор, ОСК мүшелері және құқық қорғау органдарының кейбір қызметкеріне Эстонияға кіруге бес жылға тыйым салынды.

Эстония СІМ басшысы Урмас Рейнсалудың айтуынша, Таллин осылайша Беларусьте адам құқығының бұзылғанына қатты мән береді және олардың демократиялық өзгерістерге қол жеткізу үшін күшін қолдайды.

Лукашенко бұған дейін Литваға кіруге болмайтындардың тізімінде еді. Вильнюс Еуропалық одақтың Беларусьтегі зорлыққа жауаптыларға қарсы жеке санкция енгізу шешімін қолдайды. Бұл туралы Литва СІМ басшысы Линас Линкявичюс атап өтті.

Беларусь СІМ баспасөз хатшысы Анатолий Глаз Литва, Латвия және Эстонияның Беларусь шенеуніктеріне қатысты санкцияларын асығыс шешім деп атады.

«Біз литвалық, латвиялық және эстониялық тараптың мәлімдемесімен мұқият таныстық. Қалай болғанмен, көрші мемлекет болған соң олардың ойы біз үшін маңызды. Алайда соңғы асығыс шешімдерге қарап, өкінішке қарай, маңызы уақыт өткен сайын жоғалып барады», — деді Анатолий Глаз.

Комментарий