Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті? | |
Жаңалықтар | Новости

Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталуы мүмкін. Коронавирус бұл жолы кімдерге қауіпті?

Covid-19 инфекциясынан биыл құтылу мүмкін емес, қауіпті вируспен келесі жылы да өмір сүруге тура келеді, – деп жазады informburo.kz.

“Ғылым қоры” АҚ “Қазақстанда коронавируспен аурудың негізгі шарықтау шегі өтті ме?” деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Оған қатысқан респонденттердің 31%-ы біз ауруды жаз кезінде өткердік деп жауап берсе, 26%-ы халық індеттің шарықтау шыңы әлі алда деп қауіптеніп отыр. Ал 43% адам нақты жауап айту қиын екенін жеткізген. Сонымен індеттің екінші толқыны қашан болады? Covid-19 инфекциясына қарсы вакцинаның қай түрін алған дұрыс? Қазақстандық ғылыми қоғамдастық пен дәрігерлер алдағы пандемиямен күресу үшін не ұсынады? Іnformburo.kz мамандардың пікірін ұсынады.

Тұмаумен қатар келген коронавирусты анықтау өте қиын

Эпидемиология, вирусология және медицина саласындағы отандық ғалымдар мен мамандар Қазақстанда індеттің негізгі толқыны жазда өтті деп есептейді. Олардың пайымдауынша, маусым-шілде айында халықтың 20-25 пайызы коронавирус инфекциясымен сырқаттанған. Ендігі мәселе – қауіпті кеселді жұқтырмаған қалған 75% адамды барынша сақтау. Өйткені, алда індеттің екінші толқыны келе жатыр. Мамандар күзден бастап тұмау сынды маусымдық жұқпалы аурулардың өршитінін ескеріп, қауіптің еселенетінін ескертіп отыр. Айтуларынша, дәрігерлерге бұл кезеңде Covid-19 бен респираторлық вирустық инфекциялардың ара-жігін ажырату қиын соғады.

“Екінші толқын қашан басталады деп күтіп отырудың қажеті жоқ. Қыркүйектен бастап респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау, ауруханадан тыс пневмония өршиді. Клиникалық тұрғыда бұл аурулардың белгілері тура коронавирус инфекциясына ұқсайды. Дене қызуы көтеріледі, әлсіздік болады және мұрыннан су ағады. Сондықтан ауруды анықтау өте қиынға соғады. Егер екі түрлі сырқат қатар келсе, адамның денсаулығына айтарлықтай қауіпті. Сол себептен, осы бастан бастап ауруды асқындырып алмау үшін ақпараттық жұмыс жүргізіп, халыққа түсіндіру қажет. Адамдар міндетті түрде дәрігерге көрінуі қажет, оның қандай инфекция жұқтырғанын тек медицина маманы ғана анықтай алады”, – деді “Қарағанды медицина университеті” КЕАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова.

Мамандардың пікірінше, жаздағыдай дүрбелең тудырмау үшін, науқастардың сырқатын анықтау және оны емдеуді дұрыс жолға қою қажет. Ауруханаға тек ауыр халдегі науқастарды жатқызып, оларды аяққа тұрғызу үшін барынша күш салу керек. Ал сырқаты жеңілдер үйде емделсе де жеткілікті.

“Науқастарды дұрыс сұрыптау қажет. Барлық науқасты аурухана төсегіне таңып қою дұрыс емес, оған қажеттілік жоқ. Әр науқасты емдеуде жекелей қарау керек. Әсіресе, созылмалы сырқаттары бар адамдардың жағдайын жіті бақылауда ұстаған жөн. Ал инфекция белгілері жеңіл және орташа түрде өтіп жатқан адамдар дәрігердің нұсқауы бойынша үйлерінде жатып емделсе де болады. Стационарлар тек ауыр жағдайлардағы науқастар үшін бос тұру керек”, – деді “Қарағанды медицина университеті” КЕАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова.

Індеттің екінші толқыны желтоқсанда басталады

Сарапшылардың сөзінше, коронавирус індетін биыл ауыздықтау мүмкін емес. Сондықтан, Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемнің бұл дертпен келесі жылы да қатар өмір сүруіне тура келеді. Себебі, биылға дайындалып жатқан вакциналардың ауруды түбегейлі жеңетініне еш кепіл жоқ. Ал екінші толқынның қаупі елімізге қандай болатынын дөп басып айту мүмкін емес. Өйткені, мамандардың қолдарында халықтың денсаулығы бойынша жалпы мәлімет жоқ. Ол үшін отандастарымызды жаппай скринингтен өткізіп қана болжам жасауға болады. Эпидемиолог Бауыржан Жүсіпов, тек екпеге сеніп қол қусырып отыруға болмайтын айтады. Ол аурудың таралу қарқынын нақтылап, оның жолын кесуге күш салу керек дейді.

“Екінші толқын міндетті түрде келеді. Оған Денсаулық сақтау министрлігі де, жалпы қоғам да дайын болады. Менің пікірімше, екінші толқын көптеген адамдар болжап жүргендей қараша айында емес, желтоқсанда басталады. Қыркүйек пен қазан қалыпты өтеді, қарашада эпидемияға қатысты сауалдар туындауы мүмкін. Осы тұста, кімнің ауру тасымалдаушы екенін және инфекция адамдарға қалай тез тарайтынын түсіну керек. Бізде №12 қалалық клиникалық аурухананың 40% қызметкері ауру жұқтырған, “Рахат” фабрикасының көп жұмысшысы ауырған жағдайлар болды. Мұнда инфекцияның ауа арқылы тарау жолы болуы мүмкін. Сондықтан дұрыс диагностикалау және емдеуді қолға алуымыз керек. Егер жазда біз барлық пневмонияны коронавирустық пневмонияға жатқызған болсақ, күзде індетті анықтау қиын болады. Біз науқастарды мықтап емдеген күннің өзінде өлім деңгейін 30-40 пайызға түсіре аламыз. Бірақ бұл жеткіліксіз”, – деді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының орынбасары Бауыржан Жүсіпов.

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынында науқастарды емдеу үшін, ауруханалардан 52 мың орын дайындап отыр. Мамандар сол орындар 35 мыңға толғанда ұлттық карантин жариялау керектігін айтады. Қатаң шараны дер кезінде қолданса, қауіпті сейілтуге мүмкіндік бар.

Коронавирустың екінші толқыны балаларға қауіпті ме?

Сарапшылардың сөзінше, коронавирустың күзде күтілетін толқыны балаларға аса қауіпті емес. Керісінше бұл кезеңде егде жастағы адамдар мен қарттарды барынша оқшаулауды жалғастыру қажет. Ал балалар сырқаттың жеңіл түріне шалдығады, 95%-ында дерт белгісіз өтеді. Сондықтан, кішкентайлар керісінше ересектерге ауру тасымалдаушы болуы мүмкін.

“Кавасаки синдромы туралы көп сөз болуда. Бұл өз алдына бөлек ауру. Ол коронавирус инфекциясынан кейін немесе басқа да вирустардың, бактериялардың әсерінен пайда болуы мүмкін. Covid-19 сырқатынан кейін ересектер тәрізді балалардың да тамырлары зақымданып, жүйелі қабыну синдромы дамиды. Біздің ойымызша, балаларға бұдан аса қауіп жоқ. Оны осы уақытқа дейінгі өлім көрсеткішіне қарап та айта аламыз. Тек бір жасқа дейінгі балаларға коронавирус жұқса қиын болады. Олар жиі және ауыр түрімен сырқаттанады. Қазақстанда балаларды емдеуге қатысты жеке хаттама дайын. Құжатты кардиолог, педиатор, инфекционист сынды мамандар және бір топ ғалымдар әзірледі”, – деді “Қарағанды медицина университеті” КЕАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова.

“СК-Фармация” ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтың мәліметінше, тамыз айының соңында тұмауға қарсы екпенің 2 миллионнан астам дозасы әкелінеді. Оны тегін алуға жататын топтағы адамдар тұтынады. Мамандар коронавирусты ушықтырмау үшін тұмауға қарсы екпе мен емді дер кезінде қабылдаған жөн дейді.

Комментарий