Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ – ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТҰСАУ

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады. Алик Шпекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің биылғы жеті айда атқарған жұмыстарының негізгі қорытындылары туралы есеп берді. Агенттік төрағасы саяси мемлекеттік қызметшілер мен жауапты басшыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара
қолданбағаны үшін қызметінен босатуға және нормативтік-құқықтық актілерді жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізуді қалпына келтіруге қатысты Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Президент мемлекеттік органдардың жұмысына қызмет көрсету моделін енгізудің маңыздылығын атап өтіп, Агенттіктің азаматтық қоғам өкілдерімен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық идеологиясын ілгерілету жөніндегі іс-қимылдарына оң баға берді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы 19 тамыз күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте жемқорлық қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатып, қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыруға қатысты берілген тапсырмаларды тезірек заң жүзінде іске асырудың қажет екенін айтты.

Қанша жерден заңды қатайтып, талаптарды күшейіп жатса да, сыбайлас жемқорлық фактілерімен ұсталып, жазаға тартылып жатқандардың күн санап көбейіп жатқаны жасырын емес. Ranking.kz жобасының сарапшылары пара алуға қатысты қылмыстың еліміздің қай өңірінде көбірек жасалғаны туралы деректерді жинап, рейтинг жасапты. 2020 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Қазақстан бойынша 877 пара алған қылмыс тіркеліпті. Бұл, былтырғымен салыстырғанда, 3,2 пайызға өскен. Тек шілде айының өзінде аталған қылмыс түрі бойынша 56 құқықбұзушылық тіркеліпті. Жеті айдың қорытындысы бойынша, 100 пара алу оқиғасымен Батыс Қазақстан облысы аталған рейтингтің көшін бастап тұр. Артынан ілескен Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсысының үлесінде 75 қылмыстан бар екен.

Басқаларға үлгі-өнеге көрсетуге тиісті атқарушы және мемлекеттік органдарының лауазымды иелерінің заңсыз әрекеттерін көргенде, ежелгі ойшыл Аристотельдің: «Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе – бұл заңдар өзге де күн тәртібінің жәрдемімен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы, жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ, дұрыс болмақ», – өз заманында айтып кеткен ұлағатты сөзі ойға оралады.

Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий