Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

БИЫЛҒЫ ҚОҢЫРАУ БҰРЫНҒЫЛАРДАН ӨЗГЕРЕК

Мектеп. Алғашқы қоңырау. Көңілді балалар. Гүл ұстаған ұстаздар. Бұл жыл сайын 1 қыркүйекте болатын дәстүр еді. Биылғы Білім күні де, оқу жылы өзгерек болмақ. Себебі де белгілі, әлемді жайлаған белгісіз індет өмір сүру салтымызды өзгертті. Оған көндіккенімізге жарты жылдан асыпты. Оқушылар да үйден қашықтан білім алуға көшті. Елдегі ахуал реттеліп келе жатқанына қарамастан, біз короновирусты жеңбедік, сол себепті 2020-2021 жылғы оқу жылы еліміздің барлық мектептерінде 1-11 сыныптар үшін оқу дистанциялық форматта өтеді. Тек шалғайдағы ауылдардағы оқушы саны аз мектептер мен бастауыш мектептердің «кезекші сыныптары» дәстүрлі режимде оқытылады. Тек барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтау қажет.

Мектеп оқушылар білім ордасына бармай оқиды. Тек 1-2 сынып оқуышылары «кезекші сыныптарға»
барады. Балалардың байланысынмейлінше азайту үшін қоңырау әр топқа әртүрлі соғылады. Мектептің
кіре берісіне дезинфекциялау тунелі, төсеніштер орнатылады. Ал қол тазалайтын санитайзерді ғимараттың
бұрыш-бұрышында орналастырмақ. Оқушы саны да он бестен артық болмауы шарт. Баласының мектепке
барып-бармауын ата-ана шешеді, таңдау өз еріктерінде.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов былай деді: «Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Сәйкесінше, бұл топтардағы балалардың саны он бестен аспауы тиіс. Балалар ата-аналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар бес баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысатын болады».

Биыл елімізде 7391 мектепте 3,3 млн астам оқушы білім алады. Оның ішінде 1 сыныпта 396 мыңнан аса
бала оқиды. Тұңғышы 1-сыныпқа қадам басқалы жатқан Ринат Дүйсен қызының мектепке барғанын қалайды.

«Үйде бала еркелейді, ойнағысы кеп тұрады. Ал мектепте ұстазының айтқанын тыңдап оқуға ынтасы ашылады. Үйде жүрдім-бардым қарап, әліппені тануы қиындау. Сол себепті қызымызды мектепке жібереміз», – дейді Ринат Орынбасарұлы.

Мұндай шешімге келген ата-аналар вирустан қорғанудың дағдыларын балаларға қазірден түсіндірген жөн. Короновирустан сақтану дың амалдары мектепте де балаларға түрлі көрнекілікпен көрсетілген. Жаңа
талапқа сай, мұғалім кабинеттен шықпауы тиіс. Мектепте жиналыстар өткізуге тыйым салынбақ. Асханалар шағын мектептерде ғана жұмыс істейді. Ондағы тамақтану орындары бейнекамералар арқылы бақыланбақ.
Дәліздерде қашықтық сақтай отырып, әжетханаға да бір оқушыдан кіру керек. Балалардың мектепке кіретін
және шығатын есіктері бөлек болады. Сабақ ұзақ дегенде үш сағатқа созылады. Ұстаздар қашықтан оқытып жатқанда, балаларға қосымша телеарналар арқылы телесабақтар да көрсетіледі. Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілмек, оның көбі дайын. Оқушылар үшін өте ыңғайлы әрі қолжетімді құрал болмақ. Теледидар сабақтары «әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі.

Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Қазіргі күні 604 елді мекен үшін осы арналардың қолжетімсіз екені анықталды, бірақ оның 314-інде ғана оқушылар бар. Бұл мәселе туралы министр А.Аймағамбетов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, осы арналармен қамтылу картасы дайындалғанын айтқан болатын. Жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік
антенналар орнату арқылы шешілмек. Оқушылардың қашықтан оқытуға тағы бір кедергі – балалардың
электронды құралдарының болмауы.

«Мектептегі компьютерлерді оқушыларға таратып береміз» деген министрлік өкілдері бұл мәселенің әлі де нақты шешілмеген айтты. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов: «Жалпы, тапшылық бар. Бұл
туралы ашық айту керек. Бүгінгі таңда республика бойынша 185 мың білім алушының компьютері жоқ. Тапшылық әсіресе, көп балалы, аз қамтылған отбасыларда байқалады. 1 қыркүйекке дейін аталған санаттағы 500 мыңнан астам бала компьютер техникасымен қамтамасыз етіледі», – деді.

Оқу жылының басталуына аз уақыт қалса да, бұл мәселе реттелген жоқ. Алматы қалалық білім басқармасы қыркүйектің ортасына дейін электронды құралдар оқушыларға берілетінін жеткізді. Ал ЖОО студенттері мен колледж оқушылары қашықтан оқытылады. Техникалық, аграрлық және табиғи бағыттар, медицина және өнер мамандықтары бойынша дәрістер мен семинарлар 70 пайызы онлайн форматта, ал зертханалық және практикалық сабақтар санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта өткізілетін болады. Магистратура мен докторантурадағы сабақтар аралас принциппен оқытылады.

Биыл 1 қыркүйек – Білім күні онлайн форматта өтеді. Расымен, ерекше алғашқы қоңырау болмақ. Әсіресе,
бірінші сыныпқа баратын балақайлар осы күн соғылатын алғашқы қоңырау сыңғырының дауысы мен әдемі әсерін сезе алмайтын болды. Бірақ, бастысы – ол емес. Бастысы, әлем короновирус инфекциясын жеңіп, төрт көзіміз түгел қалыпты өмірге оралуымыз. Әзірше, мектеп оқушылардың шуын сағына тұруына тура келеді.

Дайана ТОҚБЕРГЕН,
«Заң газеті»

Комментарий