Судья мінбері | Судебная система

Сақтандыру дауларының алдына алуда обудсмандар қызметінің тиімділігі артуда

Дау-жанжалды сотқа дейін реттеу институты елімізде 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Аталған инситутты одан әрі дамыту мақсатында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңымен сақтандыру омбудсманының қызметі кеңейтілгені баршаға мәлім. Айта кетерлігі, алғашқы кезде заң бойынша омбудсманның өкілеттіктері автокөлік иелерінің жауапкершілігін сақтандыруға ғана қолданылған болатын. Ал, бүгінде арнайы заңға енгізілген түзетулерге сай омбудсмандар сақтандырудың өзге де түрлеріне араласа алады.

Алдымен медиация институына келсек, әрбір азамат сотқа дейін де, соттың өзінде де татуласып, келісімге келуге құқылы. Татуласудың басты артықшылығы тараптар бітімгершілік келісім, медиация тәртібінде дау- жанжалды өзара реттей алады. Нақты айтқанда, біріншіден, екі тараптың да көңілінен шығатын шешімге қол жеткізіледі, екіншіден, уақыттан ұтады, үшіншіден, материалдық шығындарын үнемдейді. Ең бастысы, тараптар арасындағы тұрақты қатынас, татулық сақталады. Әрі қоғамдық келісімнің сақталуына да әсер етеді. Жалпы, дау-жанжалды сотқа дейін немесе сотта медиация тәртібімен реттеу өз кезегінде азаматтар бойында құқықтық мәдениетті қалыптастырады. Сол арқылы іскерлік абыройды халықаралық деңгейде нығайтуға қол жеткізіледі. Медиацияның тағы бір артықшылы, сот жүйесіне түсетін жүктеме азаяды. Ал, бұл жайт, судьялардың күрделі істерге бөлер уақытын көбейтіп, олардың сапалы қаралуына ықпал етеді.

Қазіргі күні сот саласында түрлі реформалар жүзеге асып, солардың аясында қанатқақты жобалар жұмыс істеуде. Мысалы, “Татуласу: сотқа дейін, сотта”, “Сақтандыру дауларының алдын алу”, “Отбасылық сот”, “Түнгі сот”, т.б. Еліміздің барлық өңірінде татуласу орталықтары бар. Мұндай жобалардың даулардың алдын алуда маңызы зор. Сақтандыру дауларының алдын алу бойынша айтсақ, сақтандыруға қатысты іс түскен кезде судья тараптарға сақтандыру омбудсманына бару құқығын түсіндіреді. Тараптар келіскен жағдайда талап қою арызы қоса тіркелген құжаттарымен талапкерге қайтарылады, ал, көшірмесі шешім қабылдау үшін сақтандыру омбудсманына жіберіледі. Сонымен қатар, сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, тараптар істі қараудың әр сатысында сақтандыру омбудсманын тарту туралы өтініш жасай алады. Мұндай жағдайда іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады және де тараптар арасында татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы келісім жасалады. Нақты айтқанда, шағымданушы істі сотқа жеткізбей шешуге мүдделі болса омбудсман қызметіне жүгінеді.

Осы тұста тоқталарлығы, сақтандыру омбудсманы өз қызметін атқаруда тараптардың теңқұқылығын сақтап, әділдік пен бейтараптылықты басшылыққа алады. Сақтандыру құпиясын және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сыртқа шығармауға, тараптардың құқықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін құрметтеп, даудың негізді шешілуін қамтамасыз етуге міндетті. Сақтандыру омбудсманының қызметі ҚР Сақтандыру қызметі туралы заңнамасы мен сақтандыру омбудсманының ішкі қағидалары негізінде жүзеге асырылады.

Жалпы практикаға сүйенсек, соттарға сақтандырушылар мен сақтандыру компаниялары арасындағы дауға қатысты түскен істердің сақтандыру омбудсмандарының араласуымен шешілгендері жетерлік. Нәтижесінде соттарда сақтандыруға қатысты даулар саны азаюда.

Әлемдік тәжірибеде дау-дамайдың 80 пайызы омбудсмандарға шағым жіберу кезеңінде шешіледі екен. Егер сақтандырушылар мен клиенттер келісе алмаса істер сотта шешімін табады. Омбудсманға жүгіну құқығы заңмен күшейтілді. Қазіргі күні дауларды реттеу институты сақтандыру омбудсманын тарту арқылы жұмыс істейді. Сақтандыру компаниясының клиенті сақтандырудың кез келген түрі бойынша төлем мөлшерімен ке-ліспеген жағдайда сақтандыру омбудсманына жүгіне алады. Сақтандыру даулары бойынша соттан тыс немесе сотқа дейінгі реттеу – бұл даудың алдын алудағы тиімді тәсілдердің бірі деуге толық негіз бар.

Айдос Байғалиев,

Талғар аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

Комментарий