Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

086 –ДЕНСАУЛЫҚ ӨЛШЕМІ МЕ?

Жұмысқа тұрып, мансап жолында жаңа қадам жасағысы, жоғары оқу орны немесе колледжге түскісі келетіндерді, сонымен қатар түрлі салалық мектепке қабылдануға ниетті жеткіншектерді болашағына жетелейтін арманмен қатар ортақ талап біріктіреді. Ол – 086 және 086-У анықтамаларын алу қажеттігі. Бұл дәрігерлердің қорытындысы және талдау нәтижелерінен, қандай екпелер алғанынан мәлімет беретін құжат. Анықтама сонымен қатар адамның невропатолог, окулист, лор-дәрігер, хирург пен терапевке қаралғанын айғақтайды. Бұл ресми құжатты мемлекеттікпен қатар жекеменшік емханалардан да алуға болады.

Жалпы, анықтама – дәрігерлік комиссияның оқуға түсетін, немесе жұмысқа қабылданатын жас адамның оқу оқуға, жұмыс істеуге жарамдылығы туралы жасаған тексерісінің қорытындысы.

Анықтаманың мақсаты – адамның таңдалған мамандық немесе кәсіпке денсаулығының сай келетіндігі немесе
келмейтіндігіне көз жеткізу. Бұл құжатты жыл бойына алуға болады. Десе де, оған деген сұраныс маусым мен тамыз айларында айрықша артады. Мұның себебі де белгілі. Өйткені, осы уақытта әр түрлі деңгейдегі жоғары және арнаулы оқу орындарына, салалық мектептерге қабылдау басталады. Бүгінде ғаламторды ашып
қалсаң, 086 анықтаманы жасап береміз деген хабарландырудан көз тұнады. Бағалары да әртүрлі: екі мыңнан
басталып, он мыңға дейін жалғасады. Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар емханаға телефон шалып, сұрап білгеніміз – анықтама құны адамдардың жас ерекшелігіне сай белгіленеді екен.

Балаларға бұл құжат екі мың мен төртбес мыңның айналасында жасалатын болса, үлкендерге он мыңға дейін төлеуге тура келеді. Шамасы, бұл ретте оның қаншалықты жылдам жасалатындығы негізге алынатын сияқты. Анықтамаға тез қол жеткізгісі келетіндер, бағасын артықтау төлесе болды, дәрігерлер бар жұмысын ысырып, тек соларға қызмет ете ме деп қалдық. Дәрігердің алдын көрмей-ақ анықтама алатындар бар болып шықты. Оларға бірақ, бұл қызмет делдалдар арқылы көрсетіледі. Делдалдар таныс дәрігерлері арқылы құжатты жасатып сатады. Олар кейде құрықталып та жатады. Бірақ, көбіне мұндай заңсыздықтың
шындығы ашылмайды екен. Алаяқтар бұл анықтаманы жасауға жасанды  мөрлерді пайдалануы мүмкін. Іс бітіп, қу кеткен соң олар қайдан қолға түссін.

Бүгінде мұндай дүниелерді де жасап, айналымға шығаратындар аз емес. Тоқ етерін айтқанда, жұмысқа орналасатын маманның да, оқуға түсетін абитуриенттің де, мектепке қабылданатын жеткіншектің қарым-қабілетінің, денсаулығының көрсеткіші болатын бұл құжат түрлі жолмен оңай олжаға айналып отыр. Ең өкініштісі, қолдан немесе тамыр-таныстықпен жасалатын бұл анықтамалар салдарынан оқу орындарына ақыл-есі кем, немесе қатерлі, жұқпалы ауруы барлардың да қабылдануына себеп болуы мүмкін.

Халықтың табысынан құралатын бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік емханаларда да 086
анықтамасы ақылы түрде беріледі. Біз хабарласқан Нұр-Сұлтан қалалық №7 емханадағылар олардың тек тіркелгендерге ғана тегін жасалатындығын айтты. Солай-ақ болсын. Бірақ, бұл анықтама негізінен оқуға қабылдануға ниетті жастар мен жеткіншектерге қажет. Ал, олардың көбі қалалықтар емес, яғни, алыс аймақтардан келетін діктен, дені мемлекеттік емханаларға тіркелмегендер. Олардың да емханалар бюджеттен алып отырған қаржыда үлесі бар. Олай болса, анықтама үшін олардың қалтасынан неге ақша
шығуы тиіс? Неге мемлекеттік емханаларда бұл құжат тегін берілмейді? Ауылынан алыс шығып, мүсәпір күйде жүргендердің қалтасын қағу қандай адамгершілік қағидатына жатады? Жалпы, біздің медицина тек қана ақы алуға ғана бейіл болып кетті.

Биылдан бастап бұл анықтаманы электронды түрде халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алу жөнінде
шешім қабылданыпты. Енді ол қағаз түрінде талап етілмейді дейді Денсаулық сақтау министрлігіндегілер. 086
анықтамасы ағымдағы жылғы сәуір айынан бастап соңғы өткен медициналық тексеріс нәтижелері негізінде
беріле бастаған. Құзырлы орын оның тегін жүзеге асырылатынын айтып жатыр. Бұған сенуге болар. Бірақ, бәрібір де тексерістен өту үшін адамдардың медициналық қызметке жүгінуге тура келетіні анық. Білуімізше, оны тегін немесе ақылы өткізу әр емхананың өз құзырында. Оңай олжаның дәмін татып қалған ондағылар бұл мүмкіндіктен оңайлықпен айырылмасы анық. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені арнайы тәртіппен реттеп, қадағалауға алғаны жөн.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА
«Заң газеті»

Комментарий