Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

АУЫР ҚЫЛМЫСҚА ЖЕҢІЛ ЖАЗА КЕСУ ЗАҢДЫ МА?

Елімізде жыл сайын бала зорлау фактісі көбейіп келеді. Статистика 2018 жылы Қылмыстық кодекстің
120.4, 121.4, 124-баптары бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыс жасағаны үшін 145 адам сотталды десе, былтыр 151 адам бас бостандығынан айырылған. Демек, қоғамда мұндай аса ауыр қылмысқа баратындардың саны, өкінішке қарай, азаймай тұр. Қоғам белсенділері, әлеуметтік желідегі ағайындар бала зорлағандардың жазасын қатаңдату керектігін жиі айтады. Алайда, күні кеше, Оралда 12 жасар қыз баланы зорлады деп айыпталған А.Марченконы түрмеге тоғытпай, оған тек 2,6 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Аса ауыр қылмыстың жазасы неге мұнша жеңілге ауысқанын ретімен баяндасақ.

21 жастағы А.Марченко ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабына сәйкес, «Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін
пайдаланып жыныстық қатынас жасау бес жылдан сегіз жылға дейінгімерзімге ба с бостандығынан айыруға жазаланады, қамауға алынып, ісі сотқа беріледі. Айыптау актісі бойынша А. Марченко кәмелетке толмаған
қыздың дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынасқа барған және онымен бұрыннан таныс делінген.
Бала зорлау оның психикалық және физиологиялық дамуына кері әсер ететіндіктен, қай елде болса да, аса ауыр қылмыс саналады. Дегенмен, біздегі заң бойынша аса ауыр қылмысы үшін сотталушы өз ісін алқабилердің қарауына өтініш білдіре алады.

Сотталушы Марченко да қызбен жыныстық қатынасқа екіжақты келісіммен бардық деп екінші мәрте алқабилермен сот отырысы өтуіне рұқсат сұрайды. 20 тамызда өткен сотта А.Марченко өз сөзін дәлелдеген болып тұр. Себебі, алқабилер істі қарағаннан кейін, қыздың психикалық және физиологиялық дамуына
байланысты жыныстық қатынас оның келісімімен болды деген тұжырым жасайды. 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас ерікті түрде болғандықтан, іс 122-бапқа ауыстырылып, қылмыс орташа ауыр деп
танылады. Бұған қоса, алқабилер айыпталушының бұрын сотталмағанын, бір жасар баласы бар екендігін және жағымды мінездемесін жазаны жеңілдететін жайтқа санапты. Сонымен, сот алқасының дауыс беруімен
А.Марченкоға 2,6 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарылады.

Судья Шара Зайнуллина: «Істі қарау кезінде алқабилер жыныстық қатынас жәбірленушінің келісімімен болған деген қорытынды шығарды. Жәбірленуші оның физикалық және психикалық дамуына байланысты жыныстық қатынастардың маңыздылығын түсінді. Сотталушы зорлық жасамаған, бірақ, 16 жасқа толмаған жасөспіріммен ерікті түрде жыныстық қатынасқа түскен. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабымен қайта қаралды», – деді.

Осындай ауыр қылмысты орташа деп бағалап, зорлық жасаған адамға 2,6 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындаған алқабилер кім деген сұраққа жауап берейік. ҚР Алқабилер туралы заңының 10-бабына
сәйкес, диспансерде тіркеуде жоқ, 25 жасқа толған ҚР азаматы алқаби бола алады. Тізімді жергілікті атқарушы орган жасақтайды. 10 алқаби таңдалып, әрқайсысы дауыс беру арқылы бір судьяның қатысуымен үкім шығарады. Марченко ісінде алқабилердің қатарында 7 әйел, 3 ер адам болған. Алқабилердің шешімі жасырын дауыс беру арқылы қабылданады. Судья бұған ықпал жасай алмайды.

Енді «12 жастағы қыз расымен жыныстық қатынысқа ерікті түрде бара ала ма?» деген сұрақты психолог Салимова Аидаға қойдық.

Ол : «12 жаста қыз бала «жеткіншек кезеңге» аяқ басып, оның бойында физиологиялық, психологиялық өзгерістер орын ала бастайды. Бұл өтпелі кезеңде қыз балаға өзін-өзі қабылдау қиынға соғады. Ол өзін қабылдауды үйреніп жатқанда, бөгде ер жігітті қабылдап, онымен жыныстық қатынасқа баруы екіталай. Қыздың денесінде зорлық белгілері жоқ болды дегеннің өзінде, оған психологиялық қысым көрсетілген болуы мүмкін. Бұл жағдайдан соң оған ата-анасының қамқорлығы екі есе қажет, одан бөлек психологпен жұмыс істеп жарасын жазу керек. Себебі бұл – өте ауыр соққы», – деді А.Қанатқызы.

Марченко ісінде үкім заңды күшіне енген жоқ. Алайда үкімді жәбірленуші жақ апелляцияға бере ме, белгісіз. Неге істің бұлайша басқа арнаға бұрылып, жеңіл жаза тағайындалғанын білмек болып Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің басшысы Нұргүл Қанатбаеваға хабарласқан едік. Алайда, сот ісі жабық түрде болғандықтан, ешқандай ақпарат бере алмайтынын жеткізді. Әлеумет алаңдаушылық танытқан осынау істің ішінде нақты не болғанын, жәбірленуші қыздың жәй-күйін, неліктен ерікті түрде бардым
деп айтқанын біле алмай отырмыз. Жабулы қазан жабулы күйінде тұр.

Бұл іс ненің көрінісі? Бұл – педофилдерге баланы зорлап, кейіннен жыныстық қатынас ерікті түрде болды деп жеңіл жазамен құтылуға болатындығының көрінісі. Қалай десек те, адам оң-солын тану үшін 12 жас аздық етеді. Қоғамда қандай да бір бала зәбір көрсе, ол әр азаматтың жауапкершілігінде. Керісінше, біз кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық көрсеткендерге жазаны қатайту арқылы оның санын азайтуымыз керек.

Еуропаның көп елдерінде, АҚШ-та педофилдерді бас бостандығынан айырудан бөлек хирургиялық, фармакологиялық кастрация жасалады. Ал, Иран, Солтүстік Корея, Мысыр, Үндістанда қылмысы әшкереленген педофилді өлім жазасына кеседі. Елімізде жыл басынан бері сот шешімі бойынша 87 сотталушыға химиялық кастрация жасаған.

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНДАҒЫ МӘЛІМЕТТЕР БОЙЫНША, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДА БІР ЖАРЫМ МЫҢҒА ЖУЫҚ ПЕДОФИЛ ЖӘНЕ 2800-ДЕН АСТАМ ЗОРЛЫҚШЫ ЕСЕПТЕ ТҰРҒАН. ҚАЗІР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРҒА ҚАТЫСТЫ СЕКСУАЛДЫҚ СИПАТТАҒЫ ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАНЫ ҮШІН 1600- ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ЖАЗАСЫН ӨТЕП ЖАТЫР. БҰЛ ЦИФРЛАР БІЗГЕ БЕЛГІЛІ ЖАҒДАЙЛАР, АЛ, БЕЛГІСІЗІ, ЖАСЫРЫП-ЖАБЫЛҒАНЫ ТАҒЫ БАР.

Даяна ТОҚБЕРГЕН,
«Заң газеті»

 

Комментарий