Құқық | Право

Қазақстан криминологиясының негізін қалаушы

Үзеке Жекебаевпен 1990-жылдары танысқан едім. Авторефератыма пікір алу үшін алдына алғаш барғанымда ол менімен ұзақ әңгімелесті. Содан алғашқы қазақ тіліндегі Криминология оқулығыма (УМО) оқу әдістемелік басқармасында бекіту үшін керемет ғылыми пікір жазған болатын. Біз ол кісімен кездескенде терең ғылыми сұxбаттар жасайтынбыз және бір кафедрада қызметтес те болдық.
Үзеке Сүйкінбайұлы – заң ғылымының мүйізі қарағайдай, көрнекті өкілі, Қазақстанның қылмыстық құқық және криминология ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Ол ТМД криминологтарының ең беделді ондығына кіреді, ал, ғылыми жұмыстарынан дәйексөз келтірілуі жағынан көш басында тұр. Профессор Ү.Жекебаев криминология мен қылмыстық құқық ғылымының әлеуметтік-психологиялық проблемаларын тереңінен зерделеудің негізін қалаған заңгер ғалымдар қатарынан. Оның шығармашылығының өзіндік ерекшелігі – теориялық тұжырымдарын тәжірибенің маңызды қажеттілігімен үйлесімді түрде байланыстыра білуінде. Үзеке Жекебаев 1927 жылдың 28-ақпанында Семей қаласында дүниеге келген. Мал өсірумен айналысқан әкесі Сүйкінбай мен анасы Күлипа сауатты адамдар еді. 30-шы жылдардағы ашаршылық кезінде үй-ішімен Ресейдегі Алтай өлкесіне қоныс аударуға мәжбүр болды. Үзеке жеті жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін көп тартты. Сол кезде Алтайдағы ауыл мұғалімі И.Годовиков балаға қамқорлық жасап, оқуға баулыпты. 1939 жылы ағасы Дүтбай Жекебаев баланы туған еліне алып кетеді. 1948 жылы Алматыдағы ҚазКСР Әділет министрлігі жанындағы екі жылдық заң мектебін бітірген Ү.Жекебаев халық тергеушісі болып жұмыс істеді. Сол кезде Алматы мемлекеттік заң институтында сырттай оқып, 1952 жылы күндізгі бөлімге ауысты. Институтты 1953 жылы үздік тәмамдап, Мәскеудегі КСРО ҒА Мемлекет және құқық институтының аспирантурасына түсті (1954–1958 жылдар). 1958 жылы з.ғ.д., профессор В.Шуршаловтың ғылыми жетекшілігімен «БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің дауларды бейбіт жолмен шешудегі құзыреті мен рөлі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын тамаша қорғап, халықаралық құқықтан Қазақстанның тұңғыш ғылым кандидаты атанды. Кейін Ү.Жекебаев криминология мәселелерін ғылыми зерттеуге ден қойып, 1975 жылы академик В.Кудрявцевтің ғылыми кеңесімен КСРО Прокуратурасы жанындағы ҒЗИ-де «Қылмыскердің тұлғасын және қылмыстық мінез-құлықты криминологиялық зерттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Осы зерттеуінде қылмыстық мінез-құлықтың әлеуметтік психологиялық негіздеріне назар аударып, жүйелік-құрылымдық талдау әдісін қолданды. Жас зерттеушінің тың ғылыми тұжырымдары ғылымның осы саласының дамуындағы жаңа елеулі кезеңге бастау болды. Ү.Жекебаев еңбек жолын 1942 жылдың күзінде бастады. Алдымен Семей ет комбинатында жұмысшы, кейін Семей облысы Жаңа Семей ауданы халық сотында хатшы (1943–1945 жылдар) болып істеді. 1949–1952 жылдары Алматы облысы Балқаш, Қаскелең аудандары прокуратурасында тергеуші болып жұмыс жасады. Заңгерлік қызметінде ғылымның дамуына өзіндік үлес қосқан ғалым 1958 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері, ал, 1963 жылдан бастап аға ғылыми қызметкері болды.

Ұстаздардың ұстазы

1966–1994 жылдарда аталмыш институттың қылмыстық құқық ғылымдары бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1994 жылы Ү.Жекебаев Қазақ гуманитарлық заң университетінің (Алматы қаласы) қылмыстық құқық және криминология кафедрасын құрып, 2004 жылдың желтоқсанына дейін оның меңгерушісі болды. 2005 жылдың ақпанынан бастап Астанадағы ҚазМЗУ қылмыстық, қылмыстық-атқару құқығы және криминология кафедрасының профессоры болды. Студенттерге арнап қылмыстық құқық (жалпы бөлім), криминология, шет елдердің қылмыстық құқығы; магистранттар мен докторанттарға арнап қазіргі заманғы криминологияның өзекті проблемалары, ҚР ұлттық қылмыстық құқығы және шет елдердің қылмыстық құқығы; халықаралық қылмыстық құқық бойынша дәріс оқыды. Үзеке Сүйкінбайұлы Қазақстанның ғылыми-педагогикалық кадрларын дайындауға баға жетпес зор үлес қосты. Отыз жылдан астам уақыт ҚазМЗУ жанындағы кандидаттық және докторлық диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Оның ғылыми жетекшілігімен М.Нәрікбаев, Р.Нұртаев, Н.Дулатбеков, К.Балтабаев сынды 30-дан  астам атақты заңгер-ғалым кандидаттық диссертациясын қорғады. Ү.Жекебаев жарыққа шығарған ғылыми жұмыстардың жалпы саны 180 баспа табақтан асады. Ғылыми қызметінің негізгі салалары – криминология мен қылмыстық құқықтың теориялық және тәжірибелік мәселелері. Негізгі бағыттарының бірі – қылмыстылық проблемаларын зерттеу және алдын алу шараларын әзірлеу.

Ғалым
Қылмыстылық сияқты әлеуметтік құбылысты тереңінен зерттеуге, қылмыскер әрекетінің шын себебін анықтауға ұмтылған ғалым таным теориясының, диалектика, философия тарихының ережелерін, қазіргі заманғы ғылымның философиялық аспектілерін, кеңістік-уақыт проблемаларын, сондай-ақ, қазақ болмысының феномені ретіндегі қазақтың философиясы және қазақ тілі мәселелерін ғылыми зерттеуге көп көңіл бөлді. Қылмыстылық – криминология, қылмыстық құқық саласындағы негізгі ұғымдардың бірі, бірақ оның криминологиялық аспектісіне қатысты даулы мәселе мен түсінік көп. Профессор Ү.Жекебаевтың пікірінше, қылмыстылық – біршама дербес әлеуметтік құбылыс, қоғамда ол өзінің ішкі заңдары бойынша қызмет етеді және оның өзін туғызатын жағдайларға кері әсер етуге мүмкіндігі бар. Әлбетте, оның әсері жағымсыз. Жалпы қылмыстылықтың біршама дербес болатыны оның сабақтастығымен расталады (кәсіби, рецидив қылмыстылық, арго және т.с.с.). Ғалымның пікірінше, әлеуметтік құбылыс ретіндегі қылмыстылықтың біршама дербестігінің сипаты – оның көрсеткіштерінің қайталанатыны. Ол қоғамдық өмір тұрақты болған жағдайда ерекше көрініс береді. Сондай-ақ, ғалым қылмыстылықтың алуан түрлерінің бір-біріне өзара әсер ететініне (пайдакүнемдік және зорлық қылмыстылықтың байланысына) назар аударды. Зерттеушінің теориялық идеялары заңгерлер қоғамының оң бағасын алды. Бұған бірқатар елде (ТМД мемлекеттері, Германия, Франция, АҚШ, Канада) жарыққа шыққан көптеген рецензия дәлел.  Үзеке Сүйкінбайұлы қылмыстық саясат және криминология проблемаларына, адамның демократиялық құқықтарына, оқу процесінде инновациялық технологияларды қолдануға арналған халықаралық форумдарға, қылмыстық заңнама дамуының өзекті бағыттары туралы конференцияларға қатысты. Ол теориялық және ғылыми ізденісінің мақсатын тарылтпай, заңгерлік тәжірибеде қолдануды көздеді.

Ғылымдағы соны сүрлеу
1965–2010 жылдары оның Қазақстан Жоғарғы Сотының ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі, ҒКК секциясының төрағасы қызметін атқарғаны да бұған себеп болған шығар. Сондай-ақ, ол он жыл бойы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды. Сот тәжірибесін жалпылау кезінде Үзеке Сүйкінбайұлы «себепсіз қылмыстар» деген құбылыстардың табиғаты бірыңғай түсінілмейтінін аңғарды. Бұл жайт жауаптылықты дараландыру туралы заңды дәйекті қолдану мен қылмыстың тиісті жазасын беруді айтарлықтай шектеді. Сондықтан мәселені теориялық тұрғыда көтеру қажет еді. Принципшіл ғалым Ү.Жекебаев ғылыми ақиқатты саяси үрдістен әрдайым жоғары қоя білді. 1987 жылы бірлесіп жазылған «Қылмыстың уәждемесі және қылмыстық жауапкершілік» («Мотивация преступления и уголовная ответственность») деген кітаптың «Қылмыстың байыпталмаған себептері және олардың криминологиядағы мәні» атты арнайы бөлімін дайындаған ол «буржуазиялық» рационализмнің өкілі деп шетқақпайланған З.Фрейд (1856 1939) мақалаларына сүйенген еді. Содан кітапты басу жағынан көп қиындық туды. З.Фрейд іліміндегі қылмыстың байыпталмаған уәждерінің табиғатын түсіну үшін Ү.Жекебаев рационализация, ығыстыру және т.с. деп аталып жүрген психологиялық қорғанысқа назар аударды. Ол «психологиялық қорғаныс – әрбір дұрыс адамға тән тұрақтандыру механизмі» деп жазды. Ол жанжалды жете түсінуге байланысты үрей сезімін жоюға немесе мейлінше азайтуға бағытталған. Психологиялық қорғаныс сананы жағымсыз және жаралайтын күйзелістен «қорғайды», сөйтіп ішкі тұрақтылықтың бұзылуына жол бермейді. Агрессивті мінез-құлықтың себебі туралы бұлдыр түсінігіміз адам ашуын немесе өшін кездейсоқ объектіден алатын (бұзақылық жасайтын) жағдайда да қалыптасады. Көптеген қылмыстың, мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, бостандығы мен қадір-қасиетіне қарсы қылмыстардың, рецидивтің, «топтық» қылмыстардың уәждемесін жете түсіну үшін қорғаныстың психологиялық механизмдерін ескеру қажет. Қазір адамның мінез-құлқына, соның ішінде қылмыстық мінез-құлқына психиканың санасыз процестері айтарлықтай әсер ететіні жалпы мойындалған жайт. Ү.Жекебаевтың ғылыми ізденісінің нәтижесінде криминология мен әлеуметтік психологияның арасында тығыз байланыс орнады. «Қылмыстық мінез-құлықтың әлеуметтік-психологиялық аспектілері туралы» («О социально психологических аспектах преступного поведения») деген кітабында ол қылмыскер тұлғасының және ортаның арасындағы әлеуметтік-психологиялық байланыстарды ашып көрсетті. Демек, еліктеу, жұқтыру, сәйкестендіру, келісімпаздық сияқты әлеуметтік психологиялық заңдарды елемеуге болмайды. Осының бәрі көп жағдайда референтті топтар теориясымен байланысты. Әлеуметтік психологияның бұл деректерінің мәні қылмыстық мінез-құлық механизмін түсіну үшін және сәйкесінше қылмыстылықтың алдын алу үшін де қажет. Бұл криминологиядағы жаңа тәсіл еді.

Әлемді мойындатқан маман
Профессор Жекебаевтың «Қылмыстық мінез-құлықтың әлеуметтік-психологиялық аспектілері туралы» деген кітабының (1972 жыл) криминология ғылымы үшін ең маңызды қағидалары  Парижде шығатын «Reune de science criminelle et de droit penal compare» журналында көрініс тауып, жоғары бағаланды. Берлинде шығатын Staat und Reсht (Мемлекет және құқық) журналындағы рецензияда профессорлар Г.Перш пен Х.Штанинерт Ү.Жекебаевтың монографиясына оң бағасын беріп, оны қоғамға қарсы және адамгершілікке жат мүддені көздейтін қылмыстық мінез-құлықтың әлеуметтік-психологиялық аспектілерін зерттеу жолындағы бірінші талпыныс деп атады.
Ал, «Криминология (теориялық проблемалар)» деген кітапта немістің мамандары оның зерттеуіндегі қылмыскердің әлеуметтік-психологиялық типологиясына өте жағымды пікір білдірді. Жекебаевтың криминологиялық идеяларына ғылыми қызығушылық білдірген профессор П.Соломонның арқасында олар Канадаға да таралды. Ресейдің атақты криминолог ғалымдары да қазақстандық ғалымның ғылыми көзқарастарына оң пікір білдірді. «Қылмыстылықтың әлеуметтік салдары» («Социальные последствия преступности») деген кітабында з.ғ.д. профессор М.Бабаев әлеуметтік құбылыс болып табылатын және өзінің тарихы мен ішкі логикасы бар қылмыстылықтың біршама дербестігі жайындағы оның пікірін қолдай отырып, «қылмыстылықтың біршама дербестігінің тағы бір көрінісі – қылмыстылық белгілі бір дәрежеде өзін-өзі жаңғыртады» деп өзінің пікірін қосты.

 Ізденістің жемісі
Жекебаевтың ғылыми ізденісінің нәтижесінде Қазақстанда тұңғыш рет криминология бойынша оқу бағдарламасын құрды. Сөйтіп ол Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінде криминологияның жалпы курсынан бірінші болып дәріс оқыған ұстаздардың бірі болды. Бұл қызметін 10 жылдан астам уақыт атқарып (80-ші жылдар), көп шәкірт дайындады. Үзеке Жекебаевтың теориялық ізденісі қылмыстық заңнама мен сот тәжірибесінен де көрініс тапты. Ол ТМД елдерінің үлгілік Қылмыстық кодексін (1995 жыл), ҚР Қылмыстық кодексін (1997 жыл) алғаш әзірлеген заңгерлердің қатарында болды. Қазақстанда заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын белгілеу және кінәні мойындау жөніндегі мәміле деген құқықтық институтты (the plea bargain) тәжірибеге енгізу туралы ұсынысты бірінші болып жасаған заңгерлердің бірі. Ғылым мен тәжірибеге зор үлес қосқан Ү.Жекебаев еңбегі еленіп көптеген медаль, марапатқа ие болды. 2006 жылы Қазақстанның Криминологтар қауымдастығының жалпы жиналысында оған «Жыл криминологы» атағы берілсе, Мәскеудегі «Заңгерлер клубы» ғалымға «Фемида» жоғары заңгерлік сыйлығының дипломын табыс етті. Үзеке Жекебаевтың 2019 жылы 92 жасында өмірден озуы бүкіл ғылыми қоғамдастық үшін орны толмас ауыр қаза болды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, осынау біртуар ғалымның ел игілігіне жазған құнды еңбектері болашақ криминолог заңгерлерге мұра болып қалмақ. Көзі тірісінде бағаланбай, өзі ондайға аса құштар да болмайтын. Әріптестер мен шәкірттері мақтаныш тұтатын ұстаз еді. Жатқан жері жарық болғай демекпіз.
Есберген АЛАУХАНОВ,
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», заң ғылымдарының докторы,
профессор

 

Комментарий