Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Қызылорда облысы бойынша филиалы кәсібін жаңа бастаған фермерлер үшін ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен «Нәсіптің кілті – кәсіпте» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды.

Семинар Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында орналасқан «Ысамаддин» шаруа қожалығында өтті. Бұл семинар қатысушыларына шаруа қожалығының соңғы жылдардағы жетістіктерін өз көзімен көруге мүмкіндік берді. «Ауыл» ХДПП мүшесі, «Ысамаддин» шаруа қожалығының басшысы Жанарбек Нұрымбетов семинар қатысушыларына шаруашылығын аралатып, кәсібінің қыр-сырымен таныстырды. Оның айтуынша, «Ысамаддин» шаруашылығы 10 жылдан аса іріқарамен жылқы өсірумен айналысып келеді. 2012 жылы мұнда бірауысымда 2,5-5 тоннаға дейін ет өңдейтін кешенінің жұмысы іске қосылды. Бүгінгі таңда шаруа қожалығы Қызылорда облысының тұрғындарын азық-түлікпен (сүт, май, ет), шикізатпен (жүн, тері) қамтамасыз етуде.

Сонымен қатар, семинарда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының «Бастау бизнес» жобасы бойынша аға кеңесшісі Мадина Қасымжан жастарға бизнес бастаудың тәжірибе кеңесімен бөлісті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар, субсидиялар, кредиттер және т. б. туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Қатысушылар семинардың шаруа қожалығында өткені, олар үшін өте қызықты, танымды және жақсы
тәжірибе болғанын атап өтті. Өйткені, олар бүкіл шаруашылықтың жұмысын, малды ұстау жағдайларын
көру мүмкіндігіне ие болды. Аймақтың жетекші фермерлерінің өз тәжірибелерімен бөлісуі , олардың жұмыстағы жетістіктерін көру семинар қатысушылары үшін келешекте мақсат қоюға және оған жету жолында табандылық танытуға шабыттандырды.

«Ауыл» партиясы Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Серікбай Өмірзақовтың айтуынша,
партияның көптеген филиалдары мұндай жиналыстарды өндірісте өткізеді.Өйткені, дәл осындай формат
өзінің тиімділігін дәлелдеді. Шаруашылықтың шынайы жағдайымен танысқан болашақ кәсіпкерлер үшін бұл
тұңғыш тәжірибеден өткенмен бірдей. Осындай семинарлардан кейін олардың салаға деген қызығушылығы
артып, аграрлық салада алғашқы қадамдарын бастайды.

Айта кетейік, аталмыш семинар «Ауыл» ХДПП-ның XVI съезінде қабылданған партияның «Ауыл-достар»
саяси бастамасы аясында өтті. Бастама мақсаты туған ауылының болашағына бей-жай қарамайтын партияның барлық жақтастарын, өз Отанын сүйетін ел патриоттарын біріктіруге бағытталған.

Ерлік КЕБЕКБАЙ
«Заң газеті»

Комментарий