Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІҢ ТЫНЫСЫН АШПАҚ

Алматының Индустриалды аймағы 2012 жылы құрылып, 2015 жылы «Индустриалдық аймақ – Алматы» ЖШС Басқарушы компаниясының негізі қаланды. Оның жалпы аумағы 490 гектарды құрайды. Ал, жобалар үшін 326 гектар (164 гектар инфрақұрылымға) бөлінген. Бүгінде аумақта 60 компания өз кəсіптерін дөңгелетіп отыр. Олардың 18-і халықаралық кəсіпорындар. Алдағы уақытта жоспар кезең кезеңімен жүзеге асса, 9 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылмақ.

«Алматы ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Білісбеков: «Индустриалды аймақ жеке кәсіпкерлікке
мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған және бірінші кезекте Алматыда өнеркәсіптің басым салаларын, атап айтқанда, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісін дамытуға арналған. Бұл ретте өнеркәсіптік кәсіпорындарды қаланың тұрғын аудандарынан көшіруге, технологиялық, инновациялық өнімдер шығаруға, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық беріледі», – деп Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында айтты.

Бүгінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 273 гектар бөлініпті. Бес жылда Алматының Индустриалдық аймағында жалпы сомасы 69,6 млрд теңге болатын 13 кәсіпорын пайдалануға берілген.
Соның ішінде 2020 жылы металл өңдеу және жылжымалы қоршау конструкцияларын өндіру бойынша кешен
іске қосылып, қуаттылығы 12 125 бірлік болатын 42 жұмыс орны құрылған. Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында, біріншіден, «ДорХан-Алматы» ЖШС кешенінің құрылыс жобасымен таныстық. Аталған өндіріс орны 42 жұмыс орнын ашқан, 416,6 млн теңге сомасына тең, жобалық қуаты 12 125 бірлікті құрайтын, металл өңдейтін, жылжымалы қоршау конструкциялар жасайтын, автоматты қақпалар мен роллқақпақтарды өндіретін кешен құрылысы.

«ДорХан-Алматы» ЖШС-нің сату бөлімінің бастығы Алексей Ленскийдің айтуынша, мұндай өндіріс үшін Алматыдан орын табу өте қымбат.

«Бұған дейін біз 2 мың шаршы алаңда жұмыс жасадық. Біз үшін бұл өте аз болды. Ал, қазір сыртта сақтайтын орындарды қоса есептегенде, шамамен 6 мың шаршы метр жерде жұмыс істеп жатырмыз. Кешеннің орналасқан жері, инфрақұрылымы ыңғайлы болғаны тұтынушылар мен дилерлердің тілектерін толық орындауға мүмкіндік береді. Өнімді тез, жылдам жеткіземіз. Жалпы индустриялық аймақ-бұл Қазақстандағы кәсіпкерлерге құрылыс жүргізуге, дамуға, өсуге және тұтынушыларды сапалы сервиспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тамаша жоба», – дейді ол.

Екіншіден, жұмыс барысымен танысқан кешен – «ЭНКО» ЖШС-і. Индустриалдық аймақта жұмыс істеп
жатқан өндіріс орны – жылу және сумен қамтамасыз ету құралдарын өндіретін зауыт. Аталған мекемеде 80-
нен астам адам жұмыспен қамтылған.

Өндіріс орнының бөлім басшысы Михаил Свирьдің айтуынша, карантин кезінде өнім шығару 50 %-ға төмендеген.

«Карантин кезінде қызметкерлеріміздің 70% үйлерінде болды. Дегенмен барлығы мемлекеттен 42 500
теңге көлемінде төлемақы алды. Біздің шығаратын өнім көлемі әртүрлі, өйткені біз тек бір ғана өнімді өндірмейміз. Бізде олардың 20-ға жуық түрі бар. Бірақ, жыл сайын ұлғаюдамыз. Карантин кезінде өндіріс 50%-ға төмендеді. Бірақ, бұл бір айға созылды. Мамыр айында 100% жұмысқа шықтық. Өндірістегі жұмысшы санын қоса есептегенде, базадағы жұмысшылар саны – 75 адам. Қызмет көрсету бөлімі бар. Өндірісте 40 адам бар. Өндірісті ұлғайту жоспарлануда, яғни қазір адамдарды жұмысқа қабылдау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Дегенмен қалада құрылыс жұмыстары көбейген сайын біздің өнімге де сұраныс артып отыр, – дейді ол.

Үшінші, Индустриалдық аймақта жұмыс істеп жатқан өндіріс орны – шұжықтар мен ет өнімдерін шығаратын «Бижан» ЖШС-і. 1998 жылы негізі қаланған кәсіпорында 250-ден аса адам жұмыс істейді және жылына
3500 тонна өнім шығарады екен.

«Бижан» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң директоры Хадиша Бижанның айтуынша, карантинде жұмыс тоқтамаған.

«Тазалық сақтау – тұтынушылар алдындағы біздің міндетіміз. Қазіргі карантин кезінде тазалық сақтау жағы тіптен күшейтілді. Карантин кезінде жұмыс тоқтаған жоқ. Өйткені, біз Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалар мен өзге облыстарды өнімдерімізбен қамтамасыз етіп отырмыз. Қиындықтар, әрине болды. Қала сыртында, яғни, облыстарда тұратын жұмысшыларымыз қалаға кіре алмай қалды. Олардың барлығын жатақханаларға орналастырып, төсек-орын, тамақ, қорғаныш заттармен қамтамасыз еттік. Индустриалдық аймақ әрдайым жағдайымызды біліп, көмек көрсетіп отырады. Көкшетау қаласында ет өңдеу кешеніміз бар. Ол жерде ірі қара және ұсақ малдарды союмен айналысатын кешен жұмыс істейді. Жақында Ақмола облысында 5 мың ірі қараға есептелген бордақылау кешені іске қосылды. Оның еттері Алматы және Көкшетау қаласындағы екі зауытқа жеткізіледі. Одан бөлек, еліміздің әр өңірінде фирмалық дүкендеріміз бар, – дейді директор.

Жалпы, ағымдағы жылдың соңына дейін 1131 жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 30,1 млрд тг сомасына 9 жобаны іске қосу жоспарлануда. Ал, 2021 және одан кейінгі жылдары 160,7 млрд тг сомасына 5,6 мыңнан астам жұмыс орнын ашу арқылы 38 жобаны іске қосу жоспарлануда екен.

Берікбол МӘНДІБАЕВ, «Индустриалды аймақ-Алматы» ЖШС директоры:

2020 жылдың соңына дейін Алматының Индустриалды аймағында төрт шағын өндіріс паркі іске қосылады. Қазіргі уақытта құрылыс компаниялары («KazStroyTrade» ЖШС, «D&J «Industries & Logistic» ЖШС, «Ala Estate» ЖШС, «ADS Industries» ЖШС) жобалық жұмыстарды аяқтап қалды. Өндірістік ғимараттардың жалпы аумағы 36 мың шаршы метрді құрайды. Оларға құрылыс, жиһаз, жеңіл және тағамдық өнеркәсіп саласында 70-тен астам өндіріс орны орналастырылады. 1100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Барлық іске қосылатын өндірістер импортты алмастыруға бағытталған және ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие. Көптеген компаниялар, мысалы, «Hyundai Trans Kazakhstan», «Техноконт», «Техновид», «BRB APK» жылыжайы өнімдерін таяу шет елдерге экспортқа шығарады. Шағын өндіріс парктерін дамыту жобасы «Алматы бизнес – 2025» шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда.
Оның аясында қала аумағында өндіріс ғимараттарын инвесторлар мен өндіріс базаларының меншік иелері салады. Өндіріс ғимараттары шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен: 5-7 жылға дейінгі мерзімге девальвациялық қауіпке қарамастан беріледі. Ғимаратты жалға алу құны шаршы метр үшін 1000-1200 теңгені құрайды. Ғимаратты сатып алу құны шаршы метр үшін 145 000 теңге. Алматы қаласының аумағындағы Индустриалды аймақта шағын өндіріс паркін салу ісіне қатысуға 70-тен астам компания қызығушылық білдірді.

Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий