Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

МӘМС: ЖАРНАМАСЫ МЫҚТЫ ЖОБА

ОСЫДАН ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҒАЖАЙЫП ЖОБА РЕТІНДЕ НАСИХАТТАЛА БАСТАДЫ. СОЛ КЕЗДЕГІ ЖОБА ЖАЙЛЫ АЙТЫЛҒАН СӨЗДЕРГЕ СЕНЕТІН БОЛСАҚ, МӘМС ТОЛЫҚ ЕНГІЗІЛГЕН СОҢ ЕМХАНА, АУРУХАНАЛАРДА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ ЖАҚСАРЫП, ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ АРТА ТҮСЕДІ. ЯҒНИ, ОСЫ ЖҮЙЕ АУРУХАНАЛАРДЫ БАРЛЫҚ ҚАЖЕТТІ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП, ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БӘРІН ЖЕТКІЛІКТІ ЕТЕДІ. МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТІ ТЕГІН БОЛЫП, ҚЫЗМЕТ АЯСЫ КЕҢИДІ, ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ТҮСЕТІН САЛМАҚ АЗАЙЫП, ОЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨБЕЙЕДІ. ТОҚЕТЕРІН АЙТҚАНДА, МЕДИЦИНАНЫҢ ЖЫЛДАР БОЙЫ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕСІ ОСЫ МӘМСТІҢ АРҚАСЫНДА ЖОЙЫЛАДЫ.

Жарнамасы мықты жоба аясында үлкен қалаларда ескерту жасамай-ақ тұрғындарды бір емханадан екінші емханаға ауыстырып жатты. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы да әр қазақстандықтың ем алу мүмкіндігінің кеңейгенін айтып сендіргені есте. Алайда, МӘМС енгізілген биылғы жылдың басынан мұның бәрінің бос сөз екені көріне бастады. Өйткені, науқастар жанына қажет емнің бәрін тегін алып жатыр деген әлі ертегі іспеттес. Сол секілді дәрігерлер жүктемесі азаяды деген де бос сөз. Емханадағы кезек те қысқармады. Қажет дәрігерге дер кезінде кіріп, ем тағайындату, ауруханаға қабылдаудың жайы да сол қалпы. Жұртшылық әлі де дәрігерге бір ай бұрын жазылады.

Ал, магниттік-резонанстық томография мен компьютерлік томографияны тегін алу тек жолы болғандардың ғана еншісіне тиетін болып шықты. Бұл жағдай, әсіресе, СOVID-19 індеті тараған кезде айқын байқалды. Өз бетімен үйде емделгендерді айтпағанда, ауруханада жатқандардың өзі бұл вирустан жазылу үшін өз қалтасынан қаржы шығаруға мәжбүр болды. Құны 2500 теңгелік ПТР тесті үшін әр қазақстандық аз дегенде 12 мыңға дейін төлеп жатты. Дәріханалардағы дәрі-дәрмектің құны аспандап кетті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми парақшасынан жұртшылықтың осындай келеңсіздік жайлы көптеген пікірін оқуға болады.

Ондағы айтылғандарға сүйенсек, сақтандыру қорына жарна аударғандар тіпті жанды шыдатпайтын сырқатқа да дер кезінде көмек ала алмай, кабинеттен кабинет жағалаумен уақыт өткізген. Мұндай жағдайда сырқаттың асқынып, емдеудің қиынға түсетіні, оның ақыры жаман айтпай жақсы жоқ өлімге душар етуі мүмкіндігін денсаулық сақтау саласындағылар ойлағысы келмейтін сияқты. Олай болса МӘМС-тің шығынды азайту үшін аурудың алдын алуға бағытталған мақсаты қандай қисынға келеді? Ауырған адам дер кезінде дәрігердің қарапайым қабылдауына жете алмаса, онда бұл жүйе қалай медициналық қызметтің сапасын арттырады?
Көш жүре түзелер дерміз.

Алайда, МӘМС-тің медицинаның қордаланған мәселесін шеше алмайтыны қазірден бастап айқын көріне бастады. Ақиқатын айтқанда бұл жоба да өгіздің алдына байланған арбаның керін киіп тұр. МӘМС тиімділікке жету үшін алдымен дәрігерлік қызметтің көрсетілу тетіктері дұрыс жасалу керек еді. Соның бірі – дәрігерлерден сырқаттарды қабылдау нормативтерін өзгерту. Қолданыстағы тәртіп бойынша олар күн сайын екі сағат қана жұмыс істеу керек. Екі сағат ішінде дәрігер өзіне келген он сегіз адамның алтауын ғана қабылдай алады. Осының салдарынан емханаларда бүгінде қалың кезек жойылмай отыр. Сол секілді жоспарлы ота жасау үшін де белгіленген тәртіп емделушіге қиындық тудыруда. Өйткені, 0,5 жүктемемен жұмыс істейтін маманның қалған ақысын емделуші өз қалтасынан төлеуге мәжбүр.

Мемлекеттік ауруханаларда дәрігерлер адам емдеумен емес, қағаз толтырумен айналысатыны да қызмет сапасына көлеңке түсіруде. Олар үшін сырқаттың жайы емес, қай шығындардың орнын жабу, барлық индикатор бойынша есеп беру маңызды. Сол секілді порталға тіркелу арқылы ем алу тәртібі де сырқаттарды әуре-сарсаңға салып қояды. Онда, мәселен, ота жасатуға келген пациентті көп салалы аурухана бірден тексеріп, емдеуге алудың орнына, оны қайтадан емханаға жібереді. Ол сол емханада порталға тіркелу керек. Бұл пациенттер үшін ыңғайсыз. Цифрлы медицина мұны сол көпбейінді ауруханада да жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Олай болса, мұндай артық жүріс не үшін қажет? МӘМС, міне, қарапайым осы мәселелердің
өзін жолға қоя алмай отыр. Олай болса, оған ақша аудару не үшін қажет? Жалпы, оған төленіп жатқан жарна қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр? Өкінішке орай, бүгінгі медицина саласындағы қалыптасып отырған жағдай ол қаржының орнын тауып жатқанына күдікті күшейте түседі. Ал, МӘМС-ке түсіп жатқан қаржы көлемі аз емес, ол және жыл сайын артып барады. Мысалы, 2017 жылы қазақстандықтардың оған аударған
қаржысы 32,2 млрд теңге болса, 2018 жылы оның көлемі 100,7 миллиардқа жеткен. Былтыр қанша қаржы аударылғаны белгісіз. Бірақ, қор бюджетке 1,3 млрд теңге салық аударған.

Тағы белгілі болып отырған жағдай, алғашында алты адам болған қор қызметкерлері санының былтыр 416-ға жетіп, олардың жалақысының қор шығынының ең көп бөлігін құрап – 3 млрд теңгеге жеткені. Оны әр қызметкерге бөлгенде ай сайын 600 мың теңгеден келеді екен. Адамдар сырқатына дер кезінде дауа таппай, кабинеттердің табалдырығын тоздырып жүрсе, олардың шыбын жаны үшін аузынан жырып төлеген
қаржысы қордағылардың қалтасын қалыңдатуда. Олай болса, бұл қорды одан әрі халықтың есебінен қаржыландыруға жол беру қажет пе? Жалпы, медициналық қызметті онсыз да шекесі қызып отырмаған халықтың қалтасына қарату қаншалықты қисынды? Есеп комитеті жыл сайын миллиардтаған игерусіз қалған қаржы көлемін анықтап жатады. Неге оларды дұрыс жоспарлап, осындай әлеуметтік мәселелерге бағыттамасқа деген сұрақ туады.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»

Комментарий