Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Отбасы берік болса – мемлекет те мықты

Әлем жұртшылығы 15 мамырда Халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Бұл күн БҰҰ Бас ассамблеясының Қарарымен 1993 жылы мереке ретінде бекітілген болатын. Әлемдік қауымдастық қазіргі замандағы отбасылардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, қоғамның негізгі институттарының бірі ретінде отбасының маңызын арттыру мақсатында осы күнді белгілеген. Шындығында әр отбасының беріктігі мемлекеттің де қалыпты дамуына негіз болмақ. Ендеше, «Қазақ еліндегі отбасылардың сапалық деңгейі қандай, демографиялық өсіміміз қалай өріс алуда, халық санын қайтсек арттырамыз?» деген сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Ресми деректерге сүйенсек, дәл қазіргі таңда елімізде 3,5 миллионнан астам отбасы бар. Олардың 30 пайызы 5 және одан көп адамнан құралған отбасылар. Бес және одан көп баласы бар аналар саны 300 мың екен. Осылайша, 2018 жылдың соңында ел тұрғындарының саны 19 миллионға жуықтаған. Өткен жылы 500 мыңға тарта сәби дүние есігін ашып, 162 536 адам қайтыс болған. Табиғи өсім 249 393 адамды құраған. 2000 жылдардың басында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев кезекті Жолдауында Үкіметке 2020 жылға қарай халық санын жыл сайын 10 пайызға көбейте отырып, межелі уақытта 20 миллионға жеткізуді жүктеген еді. Бұл өсім жыл сайын 160 000-ға жуық адамды құрайтынын ескерсек, дәл қазіргі таңда демографиялық дамуымыз дұрыс екенін көрсетеді. Алайда, бұған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, демограф ғалымдардың есебінше, ұлан байтақ жерімізді қорғап тұру үшін халқымыздың саны кемінде 50 миллион болуы қажет. Өйткені, екі жағымыздағы екі алып көршіміздің халық саны жүз миллиондап, бірі миллиардтап есептелетінін ескерсек, бізге де күн сайын көбею керек-ақ.
Ал, қалай жедел көбейеміз деген сауалға келгенде демограф ғалымдар мен ұлтжанды азаматтар БАҚ беттерінде бірнеше жолды ұсынып жүр. Соларды жинақтай келгенде төмендегідей түйін шығады. Біріншіден, зерттеушілер елімізде қазіргі күні тіркелген 3,5 миллион отбасының жыл сайын жартысында бір баладан өмірге келсе, шетінегендерінен аман қалатыны 1,5 миллион болса, демографиялық өсім жедел қарқын алатынын айтады. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш бүгінде 500 мыңға жетпей отыр. Ол үшін биылдан басталған көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау ісі қарқын алуы қажет. Ай сайын берілетін жәрдемақыға қосымша жеңілдікпен баспана беру жанданса, көпбалалы отбасылар қатары артары анық. Демографтар ең жақсы өсім осы табиғи көбею екенін айтады.
Екіншіден, отбасылардың беріктігін сақтап, ажырасуды азайту керек. Баланы тірідей жетім, ананы жесір қалдырып жатқан кеселдің бірі осы ажырасу болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Ресми мәліметтерге қарағанда, қаладағы ажырасу деңгейі 40 пайызға жетіп, қарқындап тұрса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 пайыз. Ажырасулардың 40 пайызы алғашқы бес жылда орын алатыны да ойландырады. Соңғы бес жылда елімізде тіркелген некенің саны азайып, керісінше ажырасулардың саны артқан. Соның салдарынан толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны 40 мыңнан асып отыр. Бұл жәй сан емес, әр баланың тағдыры екенін ойласақ, ажырасу деген дертпен қоғам болып күресіп, кешенді іс-шаралар жүргізілуі тиістігін ұғар едік. Үшіншіден, әлемнің отыздан аса елінде тарыдай шашырап жүрген қазақтарды тарихи отанына қайтару қажет. Тағы да ресми деректерге жүгінсек, қазіргі таңда елімізден тыс жерде 6 321 564 қазақ бар екені айтылады. Туған жерде жүргендері 13 миллионға жуықтағанын ескерсек, қазіргі есеп бойынша жер жүзіндегі халқымыздың санын 20 миллионға жетіп қалды деуге негіз бар. Әрине, шетелдегі қандастарымызды елге қайтару экономикамызға салмақ болатыны белгілі. Алайда, жыл сайын есеп комитеті әр министрлікте миллиардтаған қаржы игерілмей қалып жатқанын жариялағанда, жат жердегі бауырларды елге қайтаруға қаржы табуға болады екен-ау деген ойда қаласың. Себебі, адам капиталы біз үшін басты мәселе болып тұр. Солтүстіктегі 5 облыста соңғы он жылда халық саны күрт азайып кеткен. Тарихи отандарына өзге ұлттардың көшуі, табиғи өсімнің төмендеуі, өлім жітімнің көбеюі секілді бірнеше себептер осындай жағдай қалыптастырды. Оның үстіне Қытайдағы 2 миллионнан астам, Ресейдегі 1,5 миллионға жуық қандастарымыздың алып елдің ассимиляциясына түсу қаупі соңғы жылдары күшейіп барады.
Әсіресе, Қытайдың қысымы қатты болып тұр. Ондағы қандастарымыз Қытай тарапынан көшуге рұқсат берілсе де, олар үрейден өздері елге оралуға өтініш жасай алмайды дейді осы мәселені зерттеп жүрген қоғамдық ұйым өкілдері. Сондықтан Қазақстан Үкіметі солтүстік облыстардағы еңбек күшінің жеткіліксіздігін, қазақтардың ана тілінде білім алуын, діни және салт-дәстүр құқықтарының бұзылмауын нақты фактор етіп ұсынып, қандастарымызды тарихи отанына қайтаруға ұсыныс жасауы тиіс. Бұл енді миллиондаған бауырларымыздың арман, тілегі… Осы орайда тағы да жан-жақтағы көршілерге көз жүгіртсек, демографиялық өсімі қарқынды дамып келе жатқан Өзбекстан көзге түседі. Тәуелсіздігін алған уақытта бізден сәл ғана көп, 17 миллион халқы болған ала шапанды ағайындар бүгінде 32 миллионнан асып отыр. Экономикасы бізден төмен, жер көлемі де, байлығы да аз олар бұл нәтижеге қала  жетті дегенге келсек, бұған зерттеушілердің жауабы дайын. Әлеуметтанушылардың пікірінше, олар ең алдымен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды берік сақтайды. Алдымен ажырасу деңгейі өте төмен, 10-ақ пайыз. Салыстырмалы түрде қарасақ, бізде бұл кесел 46 пайыз. Сонымен қатар, ала тақиялы ағайындарда бір шаңырақтың астында 2-3 әйел балаларымен тату-тәтті тұра береді. Барға қанағат, үнемшілдік, бауырмалдық деген қасиеттер жалпы өзбек қоғамына жақсылап сіңген. Міне, бұл өзбек ағайындардың демографиялық дамуына басты себеп болып отыр.
Енді дамыған Еуропаға көз жүгіртсек, оларда халқының қартаюы мен аралас неке деңгейі жоғарылап кеткен. Әсіресе, Францияда мемлекетті құраушы ұлт – француздардың кемуі байқалған. Мәселен, Францияның Маршал қаласы тұрғындарының 60 пайызы арабтардан құралған. Ал, Бельгияның астанасы Брюссель тұрғындарының 49 пайызы мұсылмандар. Яғни, ол жақтарда негізгі ұлттың жойылып кетуіне аралас неке себеп болып отыр. Соның салдарынан ақ нәсілділер азайып, арабтар мен қара нәсілділер көбейюде. Француздың гуманист ғалымы Коши Огюстен Луи «мемлекеттік биліктің өлшемі оны құраушы ұлттың санына байланысты» деп мәселе көтерген. Бүгінде француз бен француз үйленсе үкіметі қаржы төлеп, ынталандыратын жағдайға жетті. Бұл ретте біздің де шекеміз қызып тұрған жоқ. Соңғы уақыттары қаракөздеріміздің өзгенің етегінен ұстауы белең алып бара жатқаны жасырын емес. Сондай-ақ, бала тууға қабілетті жастағы кәрі қыздар мен ажырасқан әйелдер 1 миллионнан асқан. Сондықтан, ұлт қамын, еліміздің болашаған ойлаған әрбір азамат пен азаматша берік отбасы құрып, өмірге мүмкіндігінше көп бала әкеліп, табиғи көбеюімізге үлес қосуы тиіс. Еліміздегі отбасылар берік болса, мемлекетіміздің де қарыштап дамитыны даусыз.
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий