Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ПРАЙМЕРИЗ ПАРТИЯ ҚҰРАМЫН ЖАҚСАРТУҒА ЫҚПАЛДЫ МА?

«Nur Otan» партиясы алғаш рет тарихта праймериз өткізіп жатыр. Праймериздің мақсаты – партияның сапалық құрамын жақсарту. Яғни партия төңірегіне қоғамға сөзі өтімді, белсенді мүшелерді топтастыру, партия фракцияларының жұмысын күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру, жастармен жұмысты жандандыру. Ендеше, праймериз қалай жүзеге асып жатыр? Праймериздің кандидаттары кім? Талқылайық.

Мәди Ахметов

Мәди АХМЕТОВ, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:

– «Nur Otan» партиясы тарихта алғаш рет праймериз өткізіп жатыр. Праймериз демократияның көрінісі әрі әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ететін ішкі саяси дода. Бұл жерде партия қатарында жүрген қарапайым азаматты, ертең мәжіліс, маслихатта отыратын азамат ретінде әлеуметтік лифт арқылы қалыптастыруға болады. Ал ол үшін партияға идеясы бар, ісі мығым, көшбасшы ретінде танылған, бірлікте жұмыс жасайтын, қиын сәтте халықтың ортасынан табылатын, халықтың ішінен шыққан, халықтың жағдайын білетін азаматтар келуі қажет. Сонда ғана алға жылжу, жемқорлықтан арылу, әділеттілікке жол ашу пайда болады.

Елімізде праймериз тамыздың 17-сі күні басталды. Тамыздың 28-не дейін үміткерлерді тіркеу болады. Одан кейін үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Ары қарай дебат, сайлау секілді кезеңдермен жалғасады. Мұның бәрі саяси мәдениетті қалыптастырады деп ойлаймын. Жалпы, үш-ақ күннің ішінде 3000-нан аса кандидат праймеризге қатысуға өтініш білдірген. Демек, халық қызығушылық танытып отыр. Мұны жақсы бір тенденция деп білемін. Одан бөлек, праймеризге квота бойынша 20% жастарға, 30% әйел азаматтарға орын бөлінді. Сонымен қатар, кандидаттар ішінде белсенді, ел танитын азаматтар, көп балалы аналар мен кәсіпкерлер де бар. Көпшіліктің көкейінде праймериз қаншалықты шынайы өтеді деген сауал бар.
Негізгі мәселе де осы. Ең бірінші мақсат – праймериздің ашық түрде өткізілуі. Қазір праймериз электронды, онлайн форматта жүргізіліп жатқандықтан, кез келген адам интернет платформасы primaries.kz арқылы барлық жаңалықтарды бақылай алады. Халық праймеризге кімдер қатысып жатыр, кім ұсынылды, қай аудан, облыстан кандидат бар, бәрін көре алады. Праймериз әділ өтіп, «кіл мықтының ішінен кім мықты?» дегендей, мықтылар оза шапса, партияда жаңару процесі жүзеге асады. Сондықтан қолынан іс келетін азаматтарды праймериз іріктеп береді деп ойлаймын. Өз басым праймеризге үлкен үміт артып, сенім білдіріп отырмын.

Бахнұр ЗИЯБЕКОВ

Бахнұр ЗИЯБЕКОВ, «Alpha Academy»қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Праймеризге қатысып жатқан кандидат:

– Праймеризге үміткерлердің, әсіресе, жастардың белсенділігі жоғары. Мен де, бағымды сынап, «Nur Otan»
партиясының праймеризіне қатысуды жөн көрдім. Биыл қоғамның барлық өкілдеріне үлкен мүмкіндік ұсынылып отыр. Мақсат – билікке ұмтылу емес, елдік мәселелерді шешуге үлес қосу. Алдағы уақытта елдің көкейінде жүрген түйткілдерді назарда ұстап, сенімді ақтауға күш саламын. Мұндағы мақсатым қазақ тіліндегі контентті нығайту, қазақ тілінің сапасын көтеру. Қазір интернет заманында қазақ тілінде контент санын көбейту керек.

Әлеуметтік желілерде, сайт, порталдардың басым бөлігінде қазақ тілді сапалы контенттер аз. Ал интернетте отыратын жастардың басым бөлігі мектеп оқушылары мен жастар. Оларға керек ақпаратты қазақ тілінде ұсынуымыз керек. Осы күнге дейін бірде бір университет guide, яғни нұсқаулық контенті жасамаған. Біздің академя соны қолға алып, ҚазҰУ-да осындай контент жасадық. Екі аптаның ішінде 10 мыңнан аса қаралым жинады. Бұл жақсы көрсеткіш. Мәселен, «Ағылшын тілінен деңгейді қалай көтеруге болады?» секілді тақырыптарда нұсқаулық жасауды қолға алудамыз. Бес жылдан бері Медеу ауданының тұрғындарына ағылшын, орыс, қазақ, кәріс, француз, неміс тілдерін тегін оқытып жүрміз. Екі жылдан бері Алматы облысына қосылған ауылдарды да оқытуды қолға алғанбыз. Мұның бәрін айтып отырғандағы себебім, мен халықтың ішінен шығып отырған адаммын. Егер праймериз әділ өтіп, сахнаға жаңа лек, яғни жастар келетін болса, партия жаңарады деп ойлаймын.

Сауалнаманы дайындаған Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий