Жаңалықтар | Новости

Алматыдағы кезекші сыныптарға тек 1-2-сынып оқушылары қабылданады

Алматыдағы кезекші сыныптар тек 1, 2-сыныптың оқушыларын қабылдайды. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында қалалық білім беру басқармасының басшысының орынбасары Қайрат Жұманов айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Жұмыс істеп жүрген ата-аналардан кезекші сыныптарды ашу туралы өтініштер келіп түсті, соған байланысты жалпы білім беру мектептеріндегі бірінші және екінші сынып оқушыларына кезекші сыныптар ашу туралы шешім шығарылды. Арнайы түзету мектептері мен интернаттарындағы бастауыш сыныптардың штаттық режимде жұмыс істеуіне рұқсат берілді”, – деді Жұманов.

Еске салайық, енді оқушылардан COVID-19 анықталса, сыныпты толығымен карантинге жібереді. Ал мектептер штаттық режимге көшкен күннің өзінде әр ата-ана баласын қашықтан оқытуға құқылы. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа оқу жылына қатысты бірнеше санитарлық талап қойды.

Санитарлық ережеге сәйкес, 2021 жылдың қаңтарына дейін мектептерде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, спорттық додалар өткізуге тыйым салынған. Егер сырқаттардың қатары тұрақты түрде кеми берсе, оқу аралас форматқа ұласады.

Комментарий