Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры:«Лаңкестікпен күрес дінмен күреске айналып кетпеуі керек»

– Айнұр Әбдірәсілқызы, дін төңірегінде таласты пікір көп. Бүгінде осының салдарынан қазақтың өзі жікке бөліне бастады. Шын мәнінде бұл институт елді ыдыратуға емес, біріктіруге қызмет етуі керек еді. Осының бәрі біздің дін табиғатын түсіне алмауымыздың салдары емес пе?
– Құндылықтарын қайта сараптап үлгермеген қарапайым қоғам өкілдері «дін» дегенді әлі күнге сеніммен немесе нақты құлшылық рәсімдерімен ғана байланыстырады. Діннің көкжиегі санадағы шектеулерден әлдеқайда кең екенін, адамзат тарихындағы сан түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің негізінде дін жатқанын, «дін» ұғымының руханият әлемімен балталаса бұзылмастай болып кірігіп кеткенін, өкінішке қарай, өркениетті сана деңгейіне көтерілуге тиіс замандастарымыз өрелі түрде пайымдай бермейді. Бейнелі түрде айтқанда, дін – мәдениет, дін – тарих, дін – әдебиет, дін – дәстүр, керек десеңіз, дін – өнер де. Яғни, осы салалардың бәрінде діни таным іздері сайрап жатыр. Сан ғасырлық соқпақтан өткен дін әлдеқашан қоғамдық сана негіздерінің біріне, қоғам өмірінің шындығы мен сұранысына айналып кетті. Ол – өмірден тыс тұрған әлдебір тылсым құбылыс емес, өмірмен қиюласа кірігіп кеткен рухани құндылықтар жүйесі. Дінді осылай түсінгендіктен де кешегі қазақ қауымында ғасырлар бойы не фанатизм, не радикализм құбылысы байқалмады. Қазақ діннің рухын сезінді, дінді дінилендірген жоқ, оны өз рухына сәйкес руханиландыра білді. Мұхаммед пайғамбардың: «Қиындатпаңдар – жеңілдетіңдер, қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» деген тағылымын қазақтан артық түсінген халық жоқ секілді көрінеді кейде…
– Қазір осындай ізгі тағылымның өңін айналдырушылар бар. Бүгінде лаңкестік әрекеттер негізінде осындай пиғылдар байқалады…
– Лаңкестік әрекеттер бір ғана аты жаман ИГИЛ ұйымымен, бір ғана өрт шалған өлкемен шектеліп отырған жоқ. Кез келген уақытта ұйымдасқан лаңкестік әрекетті жүзеге асыруға дайын қауіпті күштердің әлемнің әр түкпірінде қалыптасып үлгергенін соңғы кездері жиілеп бара жатқан қантөгістер айқын аңғартып отыр. Бұл – алаңдатарлық емес, уайымдатарлық жайт. Жаһанданудың қайтарымсыз үдерісі, ашық шекара саясаты мен ашық ақпарат кеңістігі еркін байланыстарға ғана емес, жағымсыз салдарға да жол ашты. Өкінішке қарай, өркениетті даму сатысына өткен шағында адамзат осындай қауіппен өмір сүруге мәжбүр болып отыр. Атап айту қажет, жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін мұндай қантөгістер өз кезегінде әлемдік қауымдастықтың лаңкестіктің алдын алу шараларында күш біріктіріп, жұмыла түсуіне, пәрменді тетіктер қалыптастыруына әсер ететіні айқын. Ұлттар мен мемлекеттердің өзін-өзі сақтау инстинкті мен қалыптасқан қауіпсіздік институттары еріксіз осыған алып келеді. Бірақ екінші жағынан «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп атамыз қазақ айтпақшы, мұндай оқиғалар түсінігі біржақты тұлғалар санасында исламофобияны өршітуге тағы да себеп болатынын жасыруға болмайды. Оған мүдделі күштердің жан сала кірісіп отырғаны да айқын.
Осы орайда «Не істеу керек?» деген дәстүрлі сұрақтың туындауы заңды.
– Тек осы мәселе бойынша жауап берер болсақ, бір нәрсені ескеруіміз керек, Ислам қайраткерлері мен күллі мұсылман қауымы лаңкестікті қатаң айыптап отырғанымен, ақпарат кеңістігінде исламофобияны қоздыруға себеп болатын ақпараттардың көптігі белгілі бір дәрежеде өз салдарын тудырады. Ал Исламға деген жеккөрінішті көзқарас өз кезегінде кері әсер қалыптастырып, қарапайым мұсылмандардың ашу-ызасы мен наразылығына себеп болатыны анық. Сондықтан, лаңкестікке қарсы күрестің басты бағыттарының бірі ақпарат кеңістігін азаматтарды исламофобияға жетелейтін орынсыз айыптауларға толы жағымсыз ақпараттардан арашалау, осы тектес мәліметтерден мүмкіндігінше тазарту болуға тиіс. Сонымен бір мезгілде, діннің шынайы болмысын, реттеушілік функциясын терең түсіндіретін жанжақты, мазмұнды мәліметтерді көптеп жариялау қарқынды түрде жүргізілуі қажет. Қазақтың «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дейтіні осы. Сонымен қатар, бұған дейін де жүргізіліп келе жатқан экстремистік және террористік мазмұндағы мәліметтер мен ғаламтор ресурстарына тосқауыл қою ісін одан әрі жандандыру, жеделдету қажеттігі – басы ашық мәселелердің бірі. Тек Елбасымыз орынды ескерткендей, «лаңкестікпен күрестің дінмен күреске айналып кетпеуін» ерекше қадағалау маңызды. Себебі, қаласақ та, қаламасақ та рух саулығынан гөрі бас амандығын көбірек ойлау – адамзат қоғамына тән. Қазірдің өзінде «Дінге сенудің, діни сенім бостандығына жол ашудың қажеті бар ма өзі?» деп, сенім мәселесіне тек қауіпсіздік тұрғысынан қарайтын көзқарастардың аз айтылып жүрмегенін ескерген жөн. Бұл да өз кезегінде шектеулі көзқарас болып табылады, ал шектелу белең алған жерде даму тежеледі. Сонымен қатар, шектеулі көзқарастар қашанда қарсы пікір мен наразылықтың туындауына себеп болып табылады.
– Демек…
– Дін мәселесіне қауіпсіздік тұрғысынан қарау жеткіліксіз, оған құндылықтық тұрғыдан назар аудару қажет. Иә, өйткені, дінге ықылас уақыт өткен сайын күшейе түспек, өйткені ол адам болмысында бар қажеттілік әрі қасиет. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана шешуге болады. Дін – қоғамдық сана негіздерінің бірі, рухани мәдениет феномені, адам өміріне мағына мен руханилық дарытушы күш, адамзат болмысының айнымас қажеттілігі, ажырамас бөлшегі, табиғи тірегі ретінде толық мойындалғанда ғана оған қатысты стереотиптер мен әдістер өз-өзінен өзгереді, жанды, қоғаммен байланысы бар, рухтандырушы және руханиландырушы әдістемеге айналады. Осындай жағдай қалыптасқанда радикализацияға тірек болатын құбылыстар еріксіз күшін жояды. Жоғарыдағы «дін мәселесіне құндылықтық тұрғыдан назар аудару қажет» дегендегі айтпағымыз да осы еді.
– Радикализацияға тірек болатын құбылыстарға Қазақ еліндегі жағдайды мысал ете отырып кеңірек тоқталсаңыз.
– Ішкі ахуалы қаншалықты тұрақты болса да, ешбір мемлекет «әлеуметтік-экономикалық мәселелерімізді толық шешіп болдық» деп айта алмаса керек. Қазақстанның да өзіне тән қиындықтары жеткілікті, ол мәлім жағдай және белгілі бір дәрежеде қалыпты құбылыс. Кез келген мемлекет өз тарихының өн бойында даму үстінде болады, оның азаматтарының саны да, сұранысы да өсіп, өзгеріп отырады, мемлекет дүниежүзілік даму үдерістерінен шет қала алмайды, технологиялық өсу қарқыны мен қажеттілігі тағы бар, осының барлығы ерікті-еріксіз барлық мемлекеттерде шешілуі тиіс мәселелерді тұрақты түрде туындатып отырады. Ал рухани саладағы қиындықтар – өз алдына бір төбе. Ол мемлекет азаматтарының тарихи тәжірибені игеру дәрежесі, соның негізінде қалыптасқан рухани деңгейі, сапалық құрамы, рухани сұраныстары мен ішкі-сыртқы байланыстары секілді көптеген факторлар есебінен қалыптасады. Бұл да өз кезегінде тоқтаусыз үдеріс. Осы ерекшеліктердің барлығы табиғи түрде Қазақстан қоғамына да тән болып табылатын қазіргі жағдайда біз де радикалдану үдерісімен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның әлеуметтік-экономикалық және саяси алғышарттарын түйсіне отырып, шешу және алдын алу жолдары көптеп талқылануда, кеңінен қарастырылуда. Әлеуметтанулық-психологиялық зерттеулерде тұжырымдалғандай, мінез-құлық ерекшеліктері жөнінен алғанда радикалды идеология ықпалына бірінші кезекте билікқұмарлар, екінші кезекте пайдакүнемдер, үшінші кезекте барып әсіредіншілдер ұшырайды екен. Шетін көзқарас пен лаңкестік әрекетке еліккіштердің мінез-құлқының ортақ ерекшеліктері ретінде өзіне және әлеуметтік жағдайына көңілі толмаушылық, кез келген қиындыққа өзгелерді (соның ішінде мемлекеттік құрылымды да) кінәлауға бейімділік, әлеуметтік әділеттілікті тар ауқымда түсініп, ортаны өзгертуге құлшыну, тәуекелшіл әрекеттерге бейімділік, өзін көрсету, өзінің бір нәрсеге қабілеттілігін дәлелдеуге тырысушылық секілді сипаттар айқындалған. Демек, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бәрін шешіп, қоғамды гүл жайнатып қойсаңыз да, күйретуші идеялар мен шетін көзқарастарды тудырушылар да, қабылдаушылар да қашанда табылады. Радикалдану үдерісі – ХХІ ғасырдың мәселесі, осы кезеңдегі күйретуші идеялардың көрініс табу тұрпаты. Әзірге ол радикалдану құбылысын қолдан жасаушылар мен жандандырушылар үшін барлық формалардың ішіндегі ең ыңғайлысы болып отыр. Ал ол форма кең өлшемді, терең мазмұнды, түрлендіруге икемді дін қалыбын иемденіп, оның болмысын бұрмалап танытуға тырысқанда, қарапайым сананың ақ пен қараны ажырата алмай сансырап қалуы қалыпты жағдай. Өйткені, ол сананың бұған лайықты дайындығы болған жоқ. Ол заңды да. Радикалдану үдерісінің әлемдік деңгейде осынша жылдам қарқын алатынын болжап біліп, дайындық жасап үлгерген ел жоққа тән. Бұл орайда бүкіл адамзат қоғамы құбылыстың өзімен де, себебімен де емес, салдарымен күресуге мәжбүр болып қалды. Алғашқы ауыр соққылардан кейін ес жинап, етек жауып, болуы мүмкін лаңдардың алдын алуға адамзаттың төселе бастағанына тарихи өлшеммен алғанда көп уақыт бола қойған жоқ.
Бұдан түсінгеніміз, радикализм діни мәселе емес, саяси-әлеуметтік мәселе сияқты…
– Қазақстандық зерттеуші, психолог Л.Шакимова еліміздегі лаңкестік әрекетке немесе оны ұйымдастыруға қатысқан тұлғалардың өмір-дерегін зерттей отырып, олардың әлеуметтік психологиялық мінездемесін жасақтап шыққан еді. Оның сипаттауына сәйкес радикалды идеологияны ұстанушылар ішінде толық емес отбасынан шыққандар – 18 пайыз,  психологиялық соққы алғандар – 39 пайыз, бас-сүйек жарақатын алғандар – 36 пайыз; түзету мекемелерінде болғандар – 32 пайыз; маскүнемдікке салынғандар – 61 пайыз; есірткіге тәуелділер – 27 пайыз; құмар ойынына салынғандар 43 пайыз екен. Мұның ішінде, әрине, осы аталған қиындықтардың бірнешеуін қатар басынан өткерген немесе ішімдік, есірткі мен құмар ойындарына бірдей тәуелділікке түскен тұлғалар аз еместігі айқын. Лаңкестік идеологияға бой ұрғандардың 52-сінің тұрақты жұмыс орны жоқ, 38інің тұрмыс деңгейі төмен, 52-сі баспанасыз болған. Білімі жөнінен алғанда радикалды идеология ұстанушыларының 36 сы – орта, 18-і – жоғары білімді. Тұтастай алғанда 84 лаңкестің мүлде діни білімі болмаған.
– Мұндай ағымдарға ақыл тоқтатып, көзқарасы қалыптасқан жандар тартыла қоймас…
– Иә, жас ерекшелігіне келсек, бұл келеңсіз құбылыста әдеттегідей жастар көбірек төбе көрсеткен. Барлық нәрседе, соның ішінде, рухани ізденістерде де жоғары шекке (максимализмге) бейім тұратын, аңсар-мұраты қалыпты тіршіліктен жоғары, ерлік жасауға құштар, өзгерістерге құлшынысы мол, сонымен қатар ересек буынмен салыстырғанда бос уақыттың да қызығын көбірек көретін жастардың қашанда жаңашыл көрінетін жат идеологиялық және құндылықтық бағдарларға оңай елігетіні әмбеге аян. Радикалды идеология құрығына шындап ілінгендердің 48 пайызы 26-35 жас аралығындағылар болса, 19 пайызы 25 жасқа толмағандар екен. Осының барлығы радикалдану құбылысының әлеуметтік-тұлғалық алғышарттары қаншалықты пәрменді екендігін көрсетеді. Сондықтан, дін қағидаларының дұрыс түсінілуі, шетін көзқарастарға жол берілмеуі үшін діни сауаттылықты жетілдіру қаншалықты маңызды болса, радикалдануға икемді сананы оң сапаға бейімдеу үшін қоғам мүшелерінің әлеуметтік-психологиялық мәселелерін шешуге қолдау көрсетуі де соншалықты маңызды.
− Иә, таразыланбаған талай тақырыптың тұнып жатқаны осылай ой өрбіткенде аңғарылады. Сіздің пікіріңізше, әйелдер ұйымдары экстремизм профилактикасы мәселесін шешуге қаншалықты үлес қоса алады?
− Ең алдымен «экстремизм профилактикасы» деген ұғымның аса кең екенін пайымдағанымыз жөн. Экстремизмнің алдын алу тек шетін көзқарастардың зияндылығын айтып, түсіндірумен немесе экстремистік идеология ықпалына ұшырағандарды райынан қайтару бағытында жұмыс жүргізумен ғана шектелмейді. Экстремизмнің алдын алу ең алдымен жалпы қоғамда, мемлекетте рухани негіздерді дұрыс қалыптастыру, сол мақсатта өскелең буын бойына ғасырлар сынынан өткен бай рухани-мәдени құндылықтарды сіңіру, төл мәдениетті, әдебиетті, тарихты, салт-сананы, дәстүрлі діни көзқарасты игерту, қазіргі зайырлы мемлекеттің ілгері құндылықтары мен адамгершілік-өнегелік қағидаттарын сіңіру, сол арқылы жастар тұлғасында мызғымас берік көзқарас, сарабдал-сыншыл сана қалыптастырудан басталады. Құндылықтары айқын, өлшемі берік буын ғана шетін көзқарастарға бой алдырмайды. Экстремизм профилактикасына осылай кең шеңберде қарасақ, онда бұл мәселеде әйелдер ұйымдарының атқарар рөлі зор екеніне көз жеткізу қиын емес. Қазір Қазақстанда ресми түрде тіркелген 200-ден астам әйелдер ұйымдары жұмыс істейді. Олардың қызмет аясы өте кең. Білім беру, шығармашылық саласы, балалар мен жастар тәрбиесі, руханият, дін, қайырымдылық, құқық, бизнес, медицина, экономика салаларының ешбірі әйелдер ұйымдарының қатысуынсыз қызмет атқарып отырған жоқ. Олардың қай-қайсысы болмасын өз қызмет бағыттары аясында жоғарыда аталған негіздерде экстремизмнің алдын алу шараларына белгілі бір дәрежеде үлес қоса алады. Сонымен қатар, біз «әйелдер ұйымдары» деген ұғымды тек «арнайы тіркелген үкіметтік емес ұйымдар» деп қана түсінуден арылуға тиіспіз. Әйелдер басым шоғырланған немесе қызмет аясы әйелдер аудиториясына бағытталған көптеген ұжымдарды осы түсінік аясында қамтуға болады. Мысалы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрамындағы көптеген мешіттерде әйелдерге арналған сауат ашу курстары бар. Олардың ұстаздары да, аудиториясы да әйел азаматтардан құралған. Дәл осы сауат ашу курсының білікті мамандары өткен жылы жүзеге асқан «Ақтөбе облысында экстремизм мен терроризмнің алдын алу» жобасы аясында нәтижелі жұмыс жүргізді.
− Әйел-ана жайында сөз болған тұста заңды түрде жастар тәрбиесінің жай-күйі сөз болмай қалмайды. Сол аналар тәрбиелеп отырған жастардың радикалдануына жол бермес үшін қандай шараларды жүзеге асырған жөн?
− Алдымен аман қалған аудиторияға қатысты әңгімені айтайын, содан кейін кәсіби тұрғыдағы пайымдауларға көшуді назарыма саларсыз. «Бала тәрбиесі – бесіктен» дейді қазақ мақалы. Бұл қағидадан жастарды радикалды идеологиядан арашалау мәселесі де тыс қала алмайды. Бала тәрбиесі ананың жағдайын жасаудан басталады. Әйел бақытты болса, қоғам бақытты. Әйел дертті болса, қоғам ауру. Дертті қоғамнан дені сау ұрпақ тумайды. Әйелге жағдай жасасақ, ол отбасын өзі реттейді. Әйел – ананың дүниеге ұрпақ әкелуі мен бала тәрбиелеуіне толық жағдай жасалса, жаңа буын мінезіндегі агрессияшылдық пен санасындағы адасушылық анағұрлым азаяр еді. Бірақ, біз бала тәрбиесі тек ана тәрбиесімен ғана шектелмейтінін де түсінуге тиіспіз. Адамды бүкіл орта тәрбиелейді. Шетін көзқарастың алдын алу шаралары дәстүрлі рухани және заманауи ілгерішіл құндылықтарды өскелең буын бойына сіңіруден басталатынын жоғарыда айттық. Мемлекет және қоғам болып, жас тұлғаның бойында жасампаз құндылықтар мен дұрыс рухани-адамгершілік өлшемдерді орнықтыруға, оның саралағыштық қабілетін дамытуға күш салуымыз қажет. Сонда радикалды идеологияның сыналап кіруіне жол беретін рухани бостыққа (вакуум) және жақсы болып көрінгеннің жетегіне еріп жүре беретін ойсыздыққа орын қалмайды. Жастардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, зайырлылыққа қатысты түсініктерін дұрыс орнықтыру, отансүйгіштік және мемлекетшілдік сана қалыптастыру мәселесі келесі кезекте. Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамыту, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету, ғылыми ізденістеріне жол ашу, әлеуметтік мәртебесінің орнықты түрде қалыптасуына (яғни жұмыс, баспана, т.б. мәселелерінің шешілуіне) мүмкіндіктер туғызу да осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Яғни, шетін көзқарастың алдын алу үшін сананың сансырауына жол беретін жайттарды жойып, рухани агрессияның алдын алудың маңызы зор екенін ескеруіміз керек.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий