Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

«Отбасылық сот» жобасы оң нәтиже беруде

Соңғы жылдары Жоғарғы Соттың көптеген қанатқақты жобаға бастамашы болып, жаңа реформаларға жол ашқанынан халық хабардар. Соның ішінде «Отбасылық сот» жобасының енгізілуі көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болған еді. Өйткені, жетістік пен өрлеуді отбасындағы тәрбиемен байланыстыратын ұлт үшін шаңырақтың шайқалмауы, жанұядағы жарасымдылықты сақтау барынша өзекті.

Отбасылық сот жобасы бүгінде республикамыздың арнайы іріктелген соттарында қолданысқа енгізіліп, жұмысын жүргізіп жатыр. 2018 жылдан бастау алған бұл жобаның бүгінде оң нәтиже бере бастағаны байқалады. «Күш бірлікте», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді бабаларымыз тегінен тегін айтпаған. Отбасы институтының маңызын да тек соттың күшімен, ынтасымен арттырамыз десек қате болар еді. Міне сондықтан да бұл игілікті іске күйзеліс орталықтарының мамандары, психологтар, медиаторлар, әлеуметтік сала мамандары тартылды. Сонымен бірге олардың тегін ақыл-кеңес беріп, жастарға жол сілтеуіне барлық жағдай жасалды.

Статистикалық деректер Қазақстандағы отбасылық институттардың әлсірегенін, ажырасушылар санының жыл өткен сайын көбейіп бара жатқанын алға тартқан еді. Отбасылық сот жобасының қолға алынуына да осы көңілсіз сандар септігін тигізген болатын. Жоба неке бұзуға шешім қабылдаған жандарды жарастыру, сол арқылы отбасылардың бірлігін сақтау тұрғысында көптеген жұмыстар атқарды. Соның арқасында толық емес отбасылардың саны азайып, балалардың балалық шақты өз ата-анасының жанында өткізуіне мүмкіндік берілді. Мәселен  2019 жылы 18 503 ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш білдірген. Отбасылық сот жобасының көмегімен соның 3151-інің некесін сақтап қалуға қол жеткізілді. Осы аралықта отбасы ішінде туындайтын даулар 1,74 пайызға азайған.

Жоба барысында анықталғандай ажырасуға арыз бергендердің себебі бірнешеу. Ерлі-зайыптылардың 48 пайызы мінездерінің жараспағанын алға тартса, 15 пайызы жұбайының адалдығына күмән келтірген. Арызданушылардың 13 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдамағанын, 12 пайызы жұбайының маскүнемдікке, нашақұмарлыққа салынғанын айтып, ажырасуға бел байлаған. Тұрмыстық қиындық, баспананың жоқтығы мен табыстық жетпеуі ерлі-зайыптылардың 5 пайызының екіге бөлінуіне себеп болған. Ал арыз бергендердің 2 пайызы жұбайының құмар ойындарға салынғанын алға тартса, 3 пайызы отбасына бөгде адамдардың араласуына шыдамаған.

Осындай себептер анықталған соң Отбасылық сот аясында түсіндіру жұмыстары, ажырасудың алдын алу шаралары қабылданды. Қалай болғанда да мәселенің себебімен күрескеннен гөрі, салдарымен күрескен тиімді. Судьялар да ажырасам деп тас түйін бекініп отырған жандарды жарастыруға, табыстыруға барынша мүмкіндік жасайды. Олардың отбасы алдындағы, балалары алдындағы жауаптылығын оятуға тырысады. Өйткені, бала жанында ата-анасы болғанда ғана бақытты. Ешбір адам оның туған ата-анасын айырбастай алмайды. Екі жаққа кетуге шешім қабылдамас бұрын үлкендер сы мәселеге мән беруі, ұл-қызының жүрген жаралап алмауы керек.

 

Гульжан Имансерикова,

Алматы қаласы,

Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий