Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ЕРКІНСУГЕ ӘЛІ ЕРТЕ

2020 ЖЫЛДЫҢ 17 ТАМЫЗЫНАН БАСТАП ЕЛ АУМАҒЫНДА КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН АЛЫНЫП ТАСТАЛАДЫ. ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ А. ЦОЙДЫҢ ЕЛІМІЗДЕ ҚАЛЫПТАСҚАН ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫН ЖЕҢІЛДЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰСЫНЫСТАРЫ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ АСҚАР МАМИННІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНДА МАҚҰЛДАНДЫ.

17 тамыздан бастап барлық өңірлерде жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет
түрлерінің тізбесі бекітілді. Бұған дейін жабылып қалған сауда үйлері (бутиктер), сауда желілері, жабық базарлардың қызметіне рұқсат етіліп, аталған нысандарда 1 адамға арналған аумақ 4 шаршы метрден кем болмауы тиіс және келушілер үлесі нысан ішіндегі аумақтың 30% ғана толтыруы тиіс деген шектеу қойылды.

Сұлулық салондары, шаштараздар, СПА орталықтарда, косметологиялық қызмет көрсететін объектілерде
әлеуметтік арақашықтық сақталады және алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге кемінде 4 ш.м тиесілі болады. Балаларды түзету кабинеттерін, білім беру орталықтарын ашуға алдын ала жазылу бойынша 5 адамнан аспайтын топқа жол беріледі. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде бірінші кезеңде жасы бойынша 15 адамнан аспайтын кезекші топтар ғана қызметін қайта бастайды. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, келушілер ағынын реттеу және міндетті маска режимін сақтау арқылы ашық ауадағы аттракциондар қызметін қайта бастайды. Бассейні жоқ фитнес-орталықтарда 1 келушіге 5 шаршы метрден кем емес алаң бөлінсе және алдын ала жазылу бойынша келушілер қатары 50% аспайтын жағдайда қызметін қайта бастауға болады.

Монша, бассейні жоқ сауналарда 1 келушіге кемінде 4 ш.м бөлініп, әлеуметтік арақашықтық сақтаған кезде
ғана нысан ішін 50% толтыруға рұқсат. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, ұлттық компанияларда, кеңселерде және қашықтан қызмет етуге мүмкіндігі бар басқа да мекемелерде бұрынғыша қызметкерлерінің 80% қашықтан жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар, ашық ауада 5 адамнан аспайтын жеке және топтық жаттығуларға рұқсат етіледі. Ұлттық
құрама және клуб командалары үшін спорттық жаттығулар 30 адамнан аспайтын, спорт базаларында тұрған,
эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды сақтаған жағдайда рұқсат. Тұрғындарға қатысты қабылданған рұқсат етілген шешімдерге келсек,  бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан аспайтын топ көшеде, саябақ, скверлерде, жағалауда ашық ауада бірге жүре алады. Сонымен бірге, қоғамдық көлік қозғалысы қайта басталады. Алайда, толымдылық талаптары сақталуы қажет және соңғы аялдамаларда автобустардың ішін желдетіп, дезинфекциялау үшін міндетті түрде кондуктор болуы тиіс.

Коронавирус індеті елімізге келген алғашқы сәттерде жарияланған алғашқы карантиннің тұсында қауіпті
кеселдің барына сене қоймаған халық шектеулерге мән бермей, жиын-тойларын өткізіп, алаңсыз жүргені шындық. Шектеулер алынған соң да жай-барақаттыққа салынып, бетперде тақпай, салынған тыйымға қарамастан емін-еркін қыдырып жүрген халық ауруы асқынып, дәрі-дәрмек тапшылығы сезіліп, өлім-жітім көбейген кезде ғана аяқтарын тарта бастаған-ды. Дейтұрғанмен, той-томалақтарын жасырын түрде өткізіп, жаназаға барып, өзінің және ағайын-тумасының, айналасындағылардың денсаулығы мен өміріне жауапсыздықпен қарағандары да болды. Тіпті мұны айыппұл мөлшерінің еселеп көбейгені де тоқтата алмағаны анық. Індет өршіп бара жатқан соң, мемлекет тағы екі аптаға карантин жариялап, шектеу
шараларын қатаңдатқан болатын. Олар күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтандырылып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендетілді.

COVID-19 және пневмонияға шалдыққан науқастар туралы мәлімет барынша ашық болу үшін ҚР Денсаулық
сақтау министрлігі 1 тамыздан бастап COVID-19 бен пневмонияны бірге есепке ала бастады. 17 тамыздағы мәлімет бойынша, қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 18 841 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 99 бала бар. Стационарларда 3 279 науқас жатыр. 15 562 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастар арасында 406 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 103 науқастың жағдайы аса ауыр деп бағалануда, 72 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Карантиндік шаралардың жеңілдетілгеніне қарамастан, тұрғындарға қатысты бірқатар қызметтерге салынған тыйымдар сақталады. Атап айтсақ, ойын-сауық, спорттық, отбасылық, еске алу, салтанатты және басқа да шараларға, тіпті үйде өткізуге, бар, түнгі және ойын клубтары, караоке, кинотеатр, фудкорт және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының, діни нысандардың жұмысына; мәдениет объектілерінің, мұражайдың қызметіне, конференцияға, көрме, форум өткізуге; бассейн, қалалық және қоғамдық жағажай, ашық аквапарктердің жұмысына; қала маңындағы жолаушылар пойызы/электр пойызына, жұмыс пойыздарына, қалааралық автобус/ шағын автобустарды қоспағанда, ортақ вагондарды қалыптастыруға тыйым салынады.

Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары
сақталады. Мәселен, 65 жастан асқанадамдардың жүруіне тыйым с алынады, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды, халыққа қызмет көрсететін бизнес нысандарының қызметі тоқтайды. Маска режимі мен әлеуметтік
қашықтықты сақтау міндетті санитарлық талаптар және бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережелерге айналуы қажет. Сонымен бірге «Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы ұмытпай, көпшілік жиналған жерлерге барудан бас тартуды әдетке айналдырған жөн.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Камиша ЕСМҰХАМБЕТҚЫЗЫ, заңгер:

Коронавирус жұқтырушылардың көбеюі, індеттен көз жұмғандар санының артуы елімізде карантиндік шектеуді қайта енгізуге түрткі болғаны белгілі. Қазір пандемияның беті қайтты. Соған орай шектеулер де алынды. Бұл қатаң режимге барынша шыдаған халықтың еркінсіп, жаппай індет жұқтыруына жол ашпауы керек. Біз кемшіліктерден сабақ алуға тиіспіз. Індетке байланысты енгізілгенкарантин ешкімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Барлық саланың тірлігі қалыпты ырғағынан жаңылды. Әсіресе, коронавирус отандық медицинаның олқы тұстарын ашып көрсетті. Еліміздің Денсаулық сақтау саласының бір мезгілде науқастың
үлкен легіне қызмет көрсетуге, емдеуге дайын еместігіне көз жеткіздік. Науқастар өз ақшасына дәрі таба алмады, ауруханада емделіп жатқандардың өзі қажетті дәріні туыстарына алдырды. Ақ халаттылардың
біліктілігі туралы әңгіме басқа. Өкініштісі бүкіл дәрігерлер коронавирустың емін іздеп, өзге науқастар қараусыз қалды. Тіпті аяғы ауыр аналардың өзі медициналық көмекке кешігіп қол жеткізіп жатты. Осының бәрі
сала жұмысының жүйесіздігін, тәртіптің әлсіздігін көрсетсе керек. Ең бастысы халық індеттен сақтанудың жалғыз жолы өз жауаптылығына байланысты екенін жақсы түсінді деп ойлаймын. Өйткені, карантиндік
шектеулер алынған бірінші кезеңде азаматтар сақтық шараларын қолдан шығарып алды. Еркінсіп, қауіпсіздікті ұмытты. Қауіпсіздікті ұмыттырған тағы бір себеп – қажеттілік, шарасыздық. Мемлекет тарапынан
берілген 42500 теңге бір отбасының жыртығын бүтіндей алмайды. Бала аш қалмас үшін амалсыздан жұмысқа шыққандар да жеткілікті. Оның соңы халықтың жаппай ауыруына ұласты. Мұның бәрін тек дәрігерлерге жаба берген дұрыс емес. Егер әр әкімдік өз жұмысын дұрыстап үйлестірсе, қай салаға ненің керек екенін алдын ала болжап, әрекет жасаса кешегідей қайғылы жағдайлар орын алмас еді. Шыны керек, коронавирустың алдын алуға, емдеуге бөлініп жатқан қаржы жеткілікті. Тек соны үйлестіріп, дұрыс бағыттай білу керек

Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті

Комментарий