Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ТҰРҒЫН ҮЙ АЛУДЫҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шаралар аз емес. Тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй құрылысын реттеу үшін арнайы заң қабылданып, бірнеше заңнамалық акті қабылданды. Тұрғын үй құрылысы бойынша 4 мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Соған қарамастан, елімізде баспана мәселесі әлі де өзекті мәселе болып тұр. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы тұрғындардың баспанамен қамтамасыз етілуі 1 адамға 21,6 шаршы метрден келеді. Бұл көрсеткіш тәуелсіз достастық елдерімен салыстырғанда төмен. Мәселен, Ресейде бұл көрсеткіш 24,9 шаршы метр болса, Беларусьта – 26,8 шаршы метр, Арменияда – 31,4 шаршы метр.

Шығыс Еуропаның көптеген елдерімен салыстырғанда да Қазақстандағы тұрғын үйге деген сұраныстың
өтелуі әлдеқайда төмен. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дегендей тұрғындар үшін қолайлы баспананың болуы өмірдің сапасын білдіретін басы ашық қажеттіліктің бірі. Осыған орай тұрғын үй мәселесін жылдам шешу үшін Елбасы бастамасымен 2018 жылы «7-20-25» бағдарламасы қабылданған болатын. Жылжымайтын мүлік нарығын зерттеуші сарапшылардың айтуынша, бұл сұранысқа көп ие болған бағдарлама. Бүгінде осы шараның аясында миллионнан астам отбасы өзінің баспанаға қажеттілігін өтеді. Десе де, оның тұрғын үйге мұқтаждардың барлығының оң жамбасына келіп тұрмағаны шындық. «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алу үшін алдымен расталған табыс деңгейі болу керек.

Иелігінде ипотекалық қарызы және тұрғын үйі жоқ болуы тиіс. Осындай талаптарға орай бұл бағдарлама
бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ғана көптеген тұрғындар баспанаға қол жеткізе алды. Бүгінде
ондағылар осы шара аясында ұсынылған қарыздың 51 пайызын еншілеп отыр екен. Ал, табыстарының
шектеулі әрі аздығына орай бірқатар аймақ тұрғындары арасында оның пайдасын көргендер қатары өте аз.
Бұл тұрғын үймен қамтамасыз етілу мәселесі тұрғындар табысының артуына тығыз байланысты екенін
көрсетеді. Өйткені, құрылысқа қажет цемент, металл, әр түрлі өңдеу секілді заттар құны әлемдік нарықтағы бағаға тәуелді болғандықтан қымбатқа түсіп отыр. Сондықтан, баспана мәселесін тұрғын үй бағасын түсіріп шешуге болады деген үмітке алданудың жөні жоқ. Оның орнына тұрғындар табысын арттырудың мүмкіндігін қарастыру қажет. Осы ретте Президент тапсырмасы бойынша іске қосылып жатқан «5-10-20» несиелік баспана жобасының мақсаты көңілден шығатындай.

Өйткені, ол құрылысты экономиканың дамуындағы күшті ынталандырушы күшке айналдыра келе халықты жұмыспен қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолдауға бағытталып отыр. Оны жүзеге асыру үшін бюджеттен
бөлінген 390 млрд теңге де аз қаржы емес. Қазір қолданыстағы бағдарламамен салыстырғанда 10 пайыздық
алғашқы жарнамен несиенің 20 жылға берілуі едеуір жеңілдік. Бұл қазіргідей әлемдік экономика үлкен зиян шегіп, инфляция өсіп бара жатқанда батыл қадам, әлеуметтік маңызы зор шешім дейді экономистер де. Өйткені, мемлекет салынып отырған инвестицияны қайтара алмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ең бастысы халық баспаналы болса, бұл адал шығын болар еді. Алайда, осы тұрғыда көңілде күдік тудыратын мәселе бар. Өйткені, бағдарлама бойынша аймақтардағы халық миграциясын тоқтатуға басымдық беріліп отыр. Шыны керек, ондағы қауым қалаға баспанасы жоқтықтан емес, жұмыссыздықтан ағылып жатыр. Олай болса, бұл бағдарлама қаншалықты тиімді болмақ? Аймақтағы халықтың бәрі құрылыста жұмыс істей алмайды. Бізге халық аймақтарға орналасуы үшін алдымен баспана емес, күнкөріс көзі болу керек.
Сонымен қатар, бұл бағдарламаға қатысу үшін 10 пайыз көлемінде алғашқы жарнаның болуы да аймақ
тұрғындары үшін үлкен салмақ. Жұмыссыздықтан тұрғылықты жерін тастап көшуге мәжбүр болып жатқандарда мұндай қаржының жоқтығы анық.

Президент айтқан тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалану да аймақтағылардың мүмкіндігінен тыс. Бүгінде қазақстандықтардың 80 пайызының зейнетақы қорындағы қаржысы 1 млн теңгеден төмен. Олардың дені өндірісі тоқтап қалған аймақтардағы тұрғындар екені даусыз. Жалпы, экономистердің айтуынша, зейнетақы қорындағы қаржының дені бүгінде тірі ақша емес, көбі бағалы қағаздар. Сондықтан бұл бағдарлама азаматтардың белгілі бір тобы үшін ғана қолжетімді болып, оның схемасы сыбайласқан жемқорлықтың уысына түсіп кетпесе дейсің. Ондай жағдайда қолжетімді баспана ешкімге керексіз баспанаға айналып, бұдан тек құрылыс компаниялары ғана ұтатын болады. Ал, бұл онсыз да инфрақұрылымы тозып тұрған ірі қалаларға салмақ түсіретін болады. Жұмыссыз адам баспанасы мың
жерден жайлы болса да күнкөруге жағдай жоқ жерде тұрақтай алмайды. Айналып келіп, жұртшылықтың
таңдауы Алматы мен Нұр-Сұлтанға түсе береді.

Сондықтан, аймақтардағы шағын және орта бизнеске жан бітіру, әр өңірдің мүмкіндігіне, әлеуетіне сай
өндіріс ошақтарын ашып, тұрақты жұмыс орындарын құру керек. Жұмыссыздықтың жойылуы, адамдардың
сапалы өмірін қамтамасыз ете алатын тұрақты табысқа қол жеткізуі – барлық мәселенің шешімі. Жалпы «Тұрғын үй» бағдарламасын жасауда халықтың нақты табысы есепке алыну керек.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»

Комментарий