Жаңалықтар | Новости

Карантин жеңілдетілді: қандай шектеулер алынды?

17 тамызда COVID-19 пандемиясына байланысты Қазақстан аумағында жарияланған қатаң карантин режимі ресми түрде аяқталды. Осы орайда ел билігі бірінші локдаунда жіберген қателіктерді қайталамау үшін шектеу шараларын алуды кезең-кезеңмен жүзеге асырмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы. 

Айта кетейік, Қазақстанда 2020 жылдың 5 шілдесінде енгізілген локдаун бір жарым айға жуық уақытқа созылды. Бастапқыда шектеу шаралары 2 тамызға дейін жалғасуы керек еді, алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен тағы екі аптаға ұзартылды.

Таяуда премьер-министрі Асқар Мамин 5 шілдеде енгізілген қатаң карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын енгізуді тапсырған еді. Бұған еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанып, қабылданған шаралардың нәтижесін беруі себеп болған. 13 тамызда мемлекеттік комиссия 17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алу жоспарын бекітті.

Оған сәйкес, 17 тамыздан бастап барлық өңірлерде жұмысын қайта бастайтын нысандар белгілі болды. Елде карантиннен шығу кезіндегі маңызды қадамның бірі – шектеу шараларын кезең-кезеңмен алу. Бұндағы мақсат бірінші локдаундағы қателіктерді қайталамау.

Сонымен бүгіннен бастап сауда орталықтары мен сауда және ойын-сауық орталықтары (кинотеатрлар мен тамақтану алаңдарын қоспағанда), сауда желісінің дүкендері мен жабық базарлар, СПА салондары мен сұлулық салондары, фитнес орталықтары, моншалар мен сауналар (бассейндерді қоспағанда), косметологиялық орталықтар (алдын ала жазылым бойынша) және бірқатар басқа нысандар жұмысын бастайды.

Сонымен қатар, көптеген қызмет түрлеріне әлі де тыйым салынған. Мәселен ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сонымен қатар үйде өткізуге; барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына; мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге; бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің жұмысына; діни нысандардың жұмысына; қала маңындағы жолаушылар пойыздарының/электричкалардың қозғалысына, жұмыс пойыздарын, қалааралық автобустарды/микроавтобустарды қоспағанда, ортақ вагондарды құруға тыйым салынған.

Сондай-ақ, республика бойынша маска тағу режимі сақталады. Ел аумағындағы карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету жайлы еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетованың жаңа қаулысында толығырақ баяндалған.

Комментарий