Без рубрикиҚоғам | Общество

Шаңырақты шайқалтпаудың амалы қайсы?

Отбасы – ұлы ұғым. Жалпы, адамзат тарихының қай дәуірін болсын отбасынсыз елестету мүмкін емес. Алайда, уақыт өткен сайын құндылығы жойылып бара жатқан отбасы институтын қайтсек қайта «тірілтеміз»? Шаңырақтың қадірін қайтсек арттырамыз? Осы мәселені талқыға салған едік.

Калима ДУАНБЕКОВА, Алматы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі №2 мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:
– Қызметім бала тағдырын таразылаумен тікелей байланысты болғандықтан, отбасы тақырыбы мені жиі толғандырады. Отбасы құндылығы деген тақырыпты сан қырынан талқылауға болады. Соның ішінде маған ең жақыны бала тағдыры. Қазақта «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген ащы да болса дөп айтылған мәтел бар. Яғни, бұл толыққанды отбасы тек ер мен әйелден ғана емес, баладан да тұрады деген сөз.
Қазір азаматтық некеде өмір сүріп жатқандар көп. Тәжірибеде байқағаным, мұндай «отбасысымақтар» жылдан жылға көбейіп жатыр.
Ең сорақысы, азаматтық некеде тұрғандардың көпшілігі жауапкершіліктен жұрдай болады. Олар әу баста бас қосқанда егер дәм-тұзымыз жараспаса, ажырасып кетеміз деген оймен бірге тұруға шешім қабылдайды. Сонда отбасы құндылығы деген қайда қалды?! Араларында бала болса, оның тағдыры не болмақ?! Олар өз өмірлерін ойрандағандары аздай, жазықсыз балалардың болашағына балта шабады. Сотқа адамдар неше түрлі жағдаймен келеді. Күн сайын заңды некелерін бұзып жатқандарды айтпағанда, балаға таласып немесе өз баласынан өзі жеріп жатқандар қаншама? Мұның барлығы отбасы құндылығының төмендеп кеткенінен. Отбасын құру да, оны бұзу да оп-оңай болып кетті. Кейде азаматтық некеде тұрғандар мен ажырасқандарға айыппұл салу керек шығар деп ойлаймын. Бәлкім сонда бірлі-екілі болса да отбасын сақтап, азаматтардың отбасы алдындағы жауапкершілігін арттырармыз…

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Отбасы, демография мәселелерін зерттеп, оның тереңіне үңілгелі әлем халықтарының гендерлік саясат, теңдік, демократия деп ұрандап жүргендері шын мәнінде отбасының түбіне жететін мәселе ме деп қалдым. Мысалы, Еуропа елдерінде отбасы, отбасылық құндылық деген ұғым жойылуға шақ тұр. Салдарынан халқы қартайып, туу көрсеткіші төмендеген. Бұл еркін өмір, демократия дегендердің жемісі.
Қазақстанға келсек, Салтанат Байқошқарованың «Егемен Қазақстан» газетінде келтірген фактілеріне сенсек, қазақстандық әйелдердің орташа бала көтеру жасы 35 болса, 45 жасқа дейінгі ерлердің он-ақ пайызы ұрпақ қалдыруға қабілетті көрінеді. Айналып келгенде бұл қыздарымыздың гендерлік теңдікті желеу етіп уақытында тұрмысқа шықпай, еркіндік деп ер азаматтарымыздың сүрбойдақ болып жүріп алуына себеп болуда. Мұның сыртында материалдық құндылықтардың алға шыққаны тағы бар. Мысалы, Қазақстан халқы тәуелсіздік алған кезде 17 миллион болса, одан бері ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де 18 миллионнан енді ғана асыппыз. Онда да шеттен келген қандастарымыздың есебінен көбейдік. Өзбек халқы осы уақытта екі есеге дейін өсті. Өйткені олар, біріншіден, өздерінің ұлттық дәстүр, болмысын сақтап қалды. Екіншіден, олар үшін отбасылық құндылық
бірінші орында тұрады. Мысалы, олардың ажырасу мәселесін ауылдың ақсақалдар кеңесі қарайды. Кінә кімнен екенін анықтайды. Егер дүние-мүлікке қатысты
болса, шешімін табуға ықпал етеді. Шамалары келмесе, аудандық ақсақалдар
кеңесі шешеді. Яғни, мәселені ажырасуға жеткізбеуге тырысады. Ал, ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптылар өтемақы төлеуге міндетті. Содан кейін оларда әйелдер комитетінің өкілдері жұмыс жасайды. Араларында бала болса алты ай, соңғы шешім қабылдау үшін тағы үш ай уақыт беріледі. Бізде бәрі басқаша.
Бір сөзбен айтқанда, отбасы құндылығы бүгінгі жаһандану үрдісіне жұтылып кете ме деп қауіптенем…

Сауалнаманы дайындаған Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Комментарий