Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ КӨШІ ҚАЙДА БЕТ АЛДЫ?

Дамыған елдердің бәрі спортқа ғылымның бір саласы ретінде қарап, оның дамуына барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Ал, 2050 жылға дейін алдыңғы 30 елдің қатарына қосылуды алдына стратегиялық мақсат етіп отырған Қазақстанда әлі күнге дейін спортқа арналған мемлекеттік деңгейдегі бірде-бір ғылыми зерттеу институты жоқ. Спорт күні мерекесі қарсаңында бұл мәселеге жұртшылық назарын аудару үшін ардагер спортшылардың басын қосып, алқа ұйымдастырған едік.

– Еліміз спортты дамытуға қаншалықты көңіл бөліп отыр?

Таңат САҒЫНДЫҚОВ:

– Біріншіден, Кеңес үкіметі заманында спорттық жүйеміз біршама жақсы еді. «Буревестник», «Қайрат», «Зенит» сияқты түрлі спорт қоғамдары болды. Әрқайсысы өз спортшыларын дамытты. Кеңес Одағы құлағаннан кейін солардың ішінен тек «Динамо» мен «ЦСКА» ғана қалды. Екіншіден, жасөспірімдер
спорт мектептерінің бәрі білім министрлігінің құзырында болатын. Қазір бәрі Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитетіне қарайды.

Мектептердегі секциялар да жабылды. Спорт базаларын күнделікті жаттығу үшін оларға ешкім бермейді.
Бұрын балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің өз спартакиадасы болатын. Бұдан бөлек жастар ойындары мен КСРО халықтары спартакиадасын жиі өткізіп отыратын. Яғни, даму сатысы бар болатын.
Салыстырмалы түрде қарасақ, көршілес Қытай елінің 30 шақты провинциясының әрқайсысында 20-30
спорт түрі бойынша кешенді үлкен олимпиадалық орталықтар бар. Қазақстанда оның біреуі де жоқ. Дәулет
Тұрлыханов агенттік төрағасы болғанда орталық саламыз деп іргетасының қазығын қағуға барғанбыз. Оған да 20 жыл өтіп кетті. Ал, Қытайда спортқа қабілетті балаларды 5-6 жастан бастап жинайды. Тамағы, жататын жері тегін және жаттығу жасайтын залдарында барлық жағдай жасалған.

Әрине, мемлекетіміз әр облысқа спорт сарайын салып берді. Ол жақсы. Енді әр аймаққа ең құрығанда 10 спорт түрі бойынша цех салу керек. Біздегі спорт сарайлары жарыстан кейін бос тұрады. Өйткені, онда шағын күрес, бокс, ауыр атлетика залдары ғана болды. Қытай елі олимпиада жүйесіне кеш қосылды. Алайда, күштің бәрін алдымен инфрақұрылым құруға жұмсады. Содан кейін талантты балаларды жер-жерден жинап, жаттықтыра бастады. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Біздің спорт қайраткерлері қытай халқының спартакиадасын көрсе ғой. Ол өзінше бір олимпиада. Ашылуы, өткізілуі, жабылуы қандай керемет! Бізде олардың өткенін ешкім білмей де қалады. Белгі қою үшін ғана ұйымдастырылатын сияқты әсер қалдырады. Егер спортқа дұрыс көңіл бөлінбесе, ол қалай көңілдегідей дамиды? Ол үшін басты назар жасөспірімдер, жастар және студенттер спортына аударылуы тиіс. Сонда ғана әлем, олимпиада чемпиондарын шығаруға болады.

Мен 3 жыл бойы Олимпиадалық резерв мектебінің директоры болдым. Таэквондо, бокс, күрес сияқты 7-8
спорт түрі болғанымен, біреуінің де арнайы спорт залы жоқ. Әр бапкер өзі демеуші іздеп, түрлі залдармен
келісіп дайындап жүреді. Тіпті, олардың керегін тауып беруге, залдарының жалға алу ақысын төлеуге жағдайымыз болған жоқ. Кеңес уақытында Қазақстанда 3 спорт интернаты болды. Екеуі Алматыда, біреуі Қарағандыда. Соның өзінде әлем, олимпиада жүлдегерлері мен чемпиондары көптеп шықты. Егеменді ел болғаннан бері әр облыста спорт интернаты ашылды. Алайда, КП (коэффицент позитивности) – 0,01. Өйткені, қабылдау жоқ. 30-40 адамның оны ғана талапқа сәйкес келеді. Үш интернат болғандағы нәтиже мен қазіргі 15 интернаттың нәтижесінің айырмасы аз.

Бауыржан ДОСҚАРАЕВ:

– КСРО спортының көптеген атрибуттарын АҚШ, Қытай сияқты елдер кезінде өзіне енгізіп, оны ары қарай
дамытып, көркейтіп жіберді. Бір жылы Алматы қаласы бүкілқазақстандық спартакиадада бірінші орын алды.
Марапаттау рәсімі орталық стадионда өтті. Сонда оған көрермен боп 15-ақ адам жиналды. Спартакиада неге
бұлай өтеді? Себебі, бәрі өтірік. Аудандық, облыстық кезеңнен өтпегендердің республикалық деңгейдегі жарысқа қатысуына рұқсат берілмеуі керек қой. Бізде оның ешқайсысынан өтпеген адамдарды бүкілқазақстандық спартакиада деп жинайды. Төмендегілер осынша адам қатысты деп жоғарыға өтірік есеп береді. Президент Қ.Тоқаев халыққа арнаған өз Жолдауында: «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді
болуын қамтамасыз ету керек» деді.

Өйткені, жастарға қарайтын, есепке қоятын, жағдайын сұрайтын адамдар азайып қалды. Талантты бір бала
өсіп келе жатса, мектепте соның айналысатын спорт түрінен секция ашылу керек еді. Австралия, АҚШ, Германия, Ресей және т.б. елдерде оны микро, адрестік көмек дейді, бізде ол да жоқ. Мен қаншама талантты балаларды ілемін. Олардың қалаған спорт түрі бойынша мектептерінде секция жоқ, барының өзі жабылып қалған. Қазақстанда спортқа бөлінетін ақша өте көп. Жергілікті орындардан бір бөлінеді, министрліктен бөлінетіні тағы бар. «Самұрық-Қазына» қоры мен халықаралық федерациялар да шет қалмайды. Тек қалай бөлініп жатыр? Мысалы, бізде балалар спортына да, бұқаралық спортқа да бөлініп жатқан ақша жоқ. Қазақстанның ақшасының бәрі кәсіби спортқа кетіп қалды. Кәсіби және олимпиадалық спорт екі
бөлек дүние түсінген адамға. Кәсіби спорттың үкіметтен ақша алуға құқы жоқ. Бірақ, әр түрлі айла-тәсілмен
ақшаның көбі сол жаққа кетіп қалып жатыр. Қандай жобамен, қандай тұжырымдамамен алып жатыр, белгісіз.
Осыдан 10-20 жыл бұрын балалар спорт мектептерінде теннис бөлімі бар еді. Ол жерде қаракөздеріміз жоқ
дейтін. Қазір олар бар, бірақ, теннис бөлімі жоқ, бәрін жауып тастаған. Интернаттарда да ол бөлім жоқ.
Қазір түрлі ғылыми тесттер жасалған. Биікке, ұзындыққа секірудің қарапайым түрімен-ақ сынақтан өткізсе,
жаңағы спорт мектептеріндегі балалардың 10 пайызы ғана қалуы мүмкін сол жерде. Солардан ғана болашақта бір нәрсе шығуы мүмкін, ал қалған 90 пайызға жұмсалған қаржы ауаға кеткенмен тең. Біз оларды тесттермен іріктеп, есеп жасауымыз керек.

Басқа елдің бәрінде ондай есеп бар. Ол үшін кешенді ғылыми топ жұмыс жасау керек. Бізде аты бар, заты жоқ өтірік кешенді ғылыми топтар көп. Қазір, ғылым сондай дамыған, баланың қай спорт түріне қабілеті барын 80-90 пайыз анықтайтын тесттер бар.

Эмиль МҰХАМЕДЖАНОВ:

– Мен спортшыларды дұрыс тамақтандыру бойынша маманданған профессормын. Спортшылардың
жарыстан 2 сағат бұрын тамақтануына рұқсат етілмейді. Алайда жарыс кезінде көп жағдайда олардың өз
күштері жетпейді де, осы жерде мәселе туындайды. Қазір жарыс алдында тамақтандыруға болатын өнімдер бар. Бұл антидопингтік технология деп аталады. Спорттың негізгі міндеті – күштің қуатын арттыру. Оны қалай қамтамасыз етуге болады? Бұрын спорт министрлігі болатын. Сол кезде бұл үшін арнайы зертхана құрылды. Қазір жеке министрлік болмағандықтан, бұл ғылымға бөлінген қаржы Білім және ғылым министрлігіне кетеді. Ал, қазіргі Мәдениет және спорт министрлігін әртістер басқарады. Сондықтан, спорт соңғы орында қалып қойды. Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында да спортшыларды дұрыс тамақтандыру жайы ұмыт қалған. Біз кезінде спортшының белсенділігін арттыратын бірқатар технологияларды жасадық. Мәселен, 1974 жылы КСРО құрамасы жаттығу өткізіп жатқан «Медеу» мұз айдыны кешеніне дайын өнімдердің бірін алып бардым. 12 адамнан тұратын команда жаттықтырушысы менің ұсынысыма бірден келісті. Қазір қағазсыз ештеңе шешілмейді ғой, ол кезде ғылымның жетістігін пайдалану біршама жеңілірек болатын. Біздің жасаған өнімімізді пайдаланған спортшылардың ағзасындағы сүт қышқылы жаттығудан кейін екі есе төмендеді. Бұл кешенді зерттеу жұмысы кезінде жан жақты дәлелденді және қауіпсіз жаңа өнімдерді пайдалану арқылы қажетті қуат көзін тиімді жинақтап, спортшылар өздерінің бұған дейін көрсетіп жүрген нәтижелерін айтарлықтай жақсартуға қол жеткізді. Өкінішке орай, біздің дұрыс және қауіпсіз тамақтануға қатысты ойлап тапқан технологияларымыз бойынша жасалған бұл өнімдер одақ тараған соң мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмағандықтан, бәрі орта жолда қалып қойды.

– Саланы қажетті мамандармен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Таңат САҒЫНДЫҚОВ:

– Бұл Қазақ спорт және туризм академиясының өзінде қиын. Қазір бәрі ақылы ғой. Ақша төлесең, оқисың,
төлемесең оқымайсың. Ал, дене тәрбиесіне грант аз беріледі. Шынымен бапкер болып істейтін адамдарда ақша жоқ. Диплом алам дейтін адамдарда ақша көп. Бапкер болмайтынын ол біледі. Оған қағаз ғана
керек. Нағыз мамандар шынында да көп жерде әлі жоқ, оны таңдау деген үлкен проблема.

Бауыржан ДОСҚАРАЕВ:

– Маман таңдаудың тағы бір қызығын айтайын. Бұрын Спорт академиясында және облыстардағы институттарды қосқанда 10-11 ғана факультет бар болатын. Қазір 40-қа жуық университет спорт мамандарын
дайындайды екен. Оны қалай, кімдер дайындап жатыр? Айталық, биомеханика, спорт физиологиясы, спорт
психологиясы, спорт медицинасы, метрология деген сабақтар бар. Бұндай мамандар басқаны былай қойғанда, Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚазҰҚПУ-дың өзінде жетіспейді. Ендеше, қалған 35-інде дәріс беріп жатқан қандай профессорлар екені жұмбақ нәрсе. Жиһаз шығару үшін цех болу керек қой. Спорттың маманын дайындайтын цехтар: спорт залдары, жүзу бассейні, анатомиялық музейлер, зертханалар болу керек. Университеттерде оның ешқайсысы жоқ, бірақ мамандар дайындайды.

– Спортшының әлеуметтік мәртебесін заңмен бекіту керек шығар?

Таңат САҒЫНДЫҚОВ:

– Қытай халықтары спартакиадасының чемпионы өле-өлгенше ақша алады. Жұмыс істей ме, істемей ме,
бәрібір. Аз ақша емес. Міне, мәселе қайда жатыр? Өсіріңдер, көтеріңдер спартакиаданың деңгейін. Оны ұтса,
20 мың теңге болса да өмір бойы алып отырасың деп. Олимпиада, әлем чемпиондары бізде 60 мың теңге ғана алады. Ондай мәселені көтермей, алға жылжымаймыз. Біздің олимпиада чемпиондығына алған ақшамыз бен Қытайдың спартакиадасын ұтқан адамның алған ақшасы жер мен көктей. БАҚ-та кейбір азаматтар «Олимпиада чемпиондарына қомақты сыйақы береміз, үй, көлік беріледі. Олар бір рет чемпион болған соң, ары қарай жұмыс істегісі келмейді» деген сын айтады. Солардың өзі спортпен айналысып, чемпион болып көрсінші. Қанша адам олимпиада чемпионы тұрмақ, әлем чемпионатының жүлдегері де бола алмады. Оны 1-2 күннің ішінде ұтып алды деп ойлай ма? 10- 30 жыл таңнан кешке дейін жұмыс істеп, ұйықтамай сағат 5-6 да тұрып, жұмыс істеп көрсін. Ел таңертең 8-де жұмысқа келе жатқанда, Ермахан
Ибраимов жаттығуын бітіріп жататын. Күн сайын таңертеңнен кешке дейін сөйтіп жұмыс істеп көрсінші.

Бауыржан ДОСҚАРАЕВ:

– Дене шынықтырған жақсы. Спорт денсаулыққа зиян әкеледі. Спорттың денсаулыққа зияндығы ғылыми дәлелденген. Онда цикл бар. 1 циклда 10 мың сағат жұмыс істемей, жоғарыға шыға алмайсың. Оны күнделікті 6-7 сағат істемесең, прогресс болмайды, кері кетесің бірден. Сол дәрежеге жеткеннен кейін ұстап тұру жетуден де қиын. Оның барлығын түсінген адам олай айтпайды. Ал, айтқан адам дилетант, физиологияны, адамның организмін білмейді. Мен де талай оқығам ол кісілердің сөздерін. Қазақта «Елу
жылда ел жаңа…» деген мақал бар. 80 жыл бойы дене тәрбиесі сабағы қалай өтті, әлі солай өтіп жатыр мектепте болсын, ЖОО-да болсын. Көп елдер біздің жақсы нәрсемізді алып, өздері қосып, жақсы жүйеге қойған. Мысалы, клубтық жүйе.

– Қазақстанда спорт ғылымы бар ма?

Таңат САҒЫНДЫҚОВ:

– Ғылым болуы үшін дене шынықтыру мен спорттың ұлттық ғылыми-зерттеу институты заңдастырылу
керек. Сонда спортшыларды ғылыми тәртіппен тамақтандыру, реабилитациялау туралы айтуға болады. Бізде
оның ешқайсысы жоқ. Тіпті спортшылардың реабилитация орталығы да жоқ. Бізде спортшылар жарақаттан
кейін емделетін, операция жасайтын мамандандырылған медициналық мекеме де жоқ. Спортшылар мүлде басқа адамдар тобы. Жай адам жүріп келе жатып сүрініп кетуі мүмкін, ал спортшы жүгіріп келе жатып не
жаттығуда, жарыста қолын, аяғын қайырып алады. Олардың жарақаттары өте күрделі болады. «№17» атты
Харламов туралы фильмді көрдіңіз бе? Оны қалай емдеді? Жай клиникада хируругтер оған ойнамақ тұрмақ
жүруіңнің өзі белгісіз дейді. Сол сияқты Брумел деген спортшы да жарақат алған кезде енді ешқандай секіру жоқ, спортпен қоштаса бер деген. Алайда ол кейін олимпиада чемпионы болды ғой. Спортшылардың қысымы да, қан айналымы да басқаша, оны көріп жай дәрігерлер бұл ауру деуі мүмкін. Ал, спорт үшін ол қалыпты нәрсе.

Бауыржан ДОСҚАРАЕВ:

– Мамандар жағы қиын ғой бізде. Студенттік лиганы шығарамыз деп футболда басталып еді, кейін жабылып қалды. Одан кейін мұндай әрекетті волейбол мен баскетболда жасамақ болды. Алайда студенттік лиганы шығару үшін мектеп лигасы болу керек. Ал, мектеп лигасы болу үшін клубтық жүйені дамыту қажет. Үкіметте отырған Н.Әбіқаев, С.Жақсыбеков сияқты бірқатар адамдар спорт федерацияларының президенттері
болды. Қолдарында билігі де, басқасы да болса да, қанша тырысқанымен, олардың да қолынан келмеді. Өйткені, бізде жүйе жоқ. Жүйе мектептен басталады. Клубтық жүйе мектептен басталса, клубтық лига да, студенттік лига да болады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қазіргі жұмысының өзектілігі кеміп кетті. Кезінде ол жүйеленген еді. балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ) өзінің адамдарын олимпиадалық резерв мектебіне, ол оны мамандандырылған жоғары спорттық шеберлік мектебіне (МЖСШМ) береді. Егер БЖСМ колледжге беріп жатса, әрі бала үшін үлкен мадақтау пайызын алып отырды. Қазір БЖСМ басшыларынан қанша адамды биыл колледжге тапсырдың деп сұрап көрші. Немесе қанша адамың олимпиадалық резервке ауысты деп. Біздегі тағы бір қызық нәрсе – оның барлығы пирамида түрінде емес төңкеріліп тұр. Бұл жүйені қарайтын кім? Спорт басқармасы, спорт министрлігі жақтағы мамандар. Олимпиадалық жүйе – 4 жыл. Олимпиадалық резерв мектебі деген атты алып жүруің үшін олимпиадаға адам дайындау керек, нәтиже болу қажет. Егер 4 жылдан кейін нәтиже бермесе, атын алып тастап, БЖСМ дәрежесіне түсіру керек. Қазір олар 20 жыл бұрын алған атты әлі иеленіп келе жатыр. Оны ешкім
қарап жатқан жоқ. Оның жүйесі дұрыс емес. Менің ойымша, жоғарыдағылар осындай жүйемен жұмыс жасауы
керек екенін ұмытып кетті-ау деймін. БЖСМ-нің өзінің, МЖСШМ-нің функционалдық мақсат-міндеттері болады. Бір БЖСМ директорынан сұрадым, биыл олимпиадалық резерв мектебіне қанша адам бердің деп. Не үшін беруім керек дейді. Міне, бұл жерде тағы да жүйенің тозғанын, өзінің уақыты өткенін көруге болады. Кезінде бәрі жақсы жұмыс істеп тұрған еді. 1988 жылғы Сеул олимпиадасында қазақстандық спортшылар жеңіп алған 24 медальдің 10-ы алтын болатын. Себебі жүйе болды. Көп нәрсенің жүйеге түспей жатқаны олимпиадалық білім талабы сақталмауынан. Еуропа елдерінде ол пән ретінде мектепте, жоғары
оқу орнында оқылады. Олимпиадалық білімнің өзінің принциптері бар. Олимпиадалық білім жақсы дамыған
болса, айтылып отырған көп мәселелер шешілер еді. Ол бірінші тарихтан басталады. Қазақстанда орысша да, қазақша да олимпиадалық білім туралы оқу құралы осы уақытқа дейін шықпаған екен. Жақында «Қазақстандағы олимпиадалық білім және спорт тарихының очерктері» деген кітап шығардық. Қажетті қаржы болмағандықтан, оның да таралымы шектеулі ғана болып, барлық мамандардың қолына толық тиген жоқ. Тіпті осының өзіне тәуба деуге мәжбүрміз. Мұндай жағдайдан кейін спортты дамыту туралы айтудың өзі кейде көңілге күдік әкелетінін жасырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Алқаны дайындаған
Ерлік БЕРЛІҒОЖАТЕГІ 

Комментарий