Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

СЕНАТТЫҢ 17 ДЕПУТАТЫ САЙЛАНДЫ

Коронавирус бүйірден қысып тұрғанымен, қоғамның күйбең тірлігі тоқтап қалған жоқ. Өмір жалғасуда.
Сол қарқынмен 12 тамызда Сенаттың 17 депутатын сайлап үлгердік. Бұл шара 17 депутат уәкілеттігінің мерзімі қазан айында аяқталатындықтан ұйымдастырылып отыр. Тәртіп бойынша Сенатқа он бес депутатты Президент тағайындайды. Жоғары палата депутаттарының жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады. Тағы бір ескерерлігі – Сенат депутаттарының уәкілеттік мерзімі алты жыл.

Еліміздің заң шығарушы құрылымына жолдама алғандарды жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы биылғы додада 17 орынға 46 үміткер таласқан. Таңдау комиссияның интернет-ресурсында жүргізілген. Бұл мәслихатшылардың қауіпсіздігі үшін жасалған болатын. Сонымен қатар, сайлауға пандемия салдарынан шетелдік байқаушылар да әдеттегідей көп қатыспады. Дегенмен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінен 5 халықаралық байқаушы болды.

Мұнан бөлек, Сыртқы істер министрлігі жанында аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 143 өкілінің сайлауды халықаралық байқаушылармен тең дәрежеде қадағалауына жағдай жасалды.
Сайлау өтті, дүбірі қалды. Қазір қарсыластарынан озып шығып, басым дауыс алған үміткерлер туралы
пікір білдірушілер аз емес. Әрине, қоғам болған соң оң пікірдің де, сынның да айтылуы заңдылық. Сенаттың
табалдырығын аттағалы отырған халық қалаулылары көпшіліктің тілек, ескертпесін елеусіз қалдырмаса
дейміз.

Оның үстіне, сайланған 17 депутаттың бәрі Сенатқа алғаш рет келгелі отырған жоқ. Шымкент қаласынан Айгүл Қапбароваға, Солтүстік Қазақстан облысынан Ольга Перепечинаға, Қарағанды облысынан Сергей Ершовқа, Түркістан облысынан Әли Бектаевқа екінші мәрте Сенатта қызмет ету бақыты бұйырып отыр. Мәслихат депутаттары бұл кісілерге атқарған жұмысына, қабілетіне, белсенділігіне қарап қайта таңдау жасаса керек.

Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, елордадан еліміздің заң шығарушы органының Жоғарғы палатасына Ақылбек Күрішбаев, Алматы қаласынан Сұлтанбек Мәкежанов, Батыс Қазақстан облысынан Ләззат Рысбекова, Атырау облысынан Сағындық Лұқпанов, Алматы облысынан Сұлтан Дүйсембинов, Маңғыстау облысынан Сүйіндік Алдашев, Павлодар облысынан Алтынбек Нұхұлы, Ақтөбе облысынан Бауыржан Қаниев, Ақмола облысынан Нұрлан Бекенов, Қызылорда облысынан Ақмарал Әлназарова, Жамбыл облысынан Бекболат Орынбеков, Қостанай облысынан Сергей Карплюк, Шығыс Қазақстан облысынан Ольга Булавкина сайланды. Қарсыластарын қапы қалдырып, басым дауыспен Сенатқа жол тартқан депутаттар Жоғарғы палатада да халықтың мұң-мұқтажын көтеріп, әлеуметке болысуда басымдық танытады деп ойлаймыз.

Нұрлан ШЫНТАЕВ

Комментарий