Тағдыр | Судьба

Борышкердің басынуы заңның әлсіздігінен

АУЫЗДЫ ҚҰРҒАҚ ШӨППЕН СҮРТПЕЙ, ӘҢГІМЕНІ НАҚТЫ МЫСАЛ КЕЛТІРУДЕН БАСТАЙЫҚ. 2016 ЖЫЛЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ (ҚАЗІРГІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ) ТӨЛЕ БИ АУДАНЫ ЛЕҢГЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ГҮЛМИРА ДІЛДАБАЕВА АЗАМАТША РАЙХАН МАТИБАЕВАНЫ, АҚШАНЫ КӨП ҰЗАМАЙ ҚАЙТАРАТЫНЫН АЙТЫП, «КАСПИ БАНКТЕН» 400 МЫҢ ТЕҢГЕ НЕСИЕ АЛЫП БЕРУГЕ КӨНДІРГЕН.

Азаматша Г.Ділдабаева 2017 жылға дейін қарыз ақшаны қайтармай, іс насырға шапқан соң, азаматша Р.Матибаева одан алған 400 мың теңгені өсім пайызымен қайтарамын деген міндеттемесімен қоса Төле би аудандық сотына жүгінеді. Осы азаматтық істі қараған Төле би ауданының судьясы Г.Жанысбаева талапкердің дәлелдерін басшылыққа алып, борышкер Г.Ділдабаевадан 400 мың теңгені және төленген мемлекеттік баж салығы есебіндегі 4 мың теңгені өндіру туралы шешімді 2017 жылдың 20-желтоқсанында шығарды. Бұл іс жеке сот орындаушы Айдос Қарынбаевтың атқарушылық өндірісіне өтеді. Содан бері 1 жыл 4 ай өтті. Рас, сот орындаушылардың ұсынысымен Төле би аудандық соты азаматша Г.Ділдабаеваны екі рет әкімшілік жазаға тартып, бірінде ескерту жасалса, екінші отырысында оны 5 тәулікке қамаққа алды. Содан кейін Г.Ділдабаева 2019 жылы алғашқыда 50 мың, кейін 40 мың теңгені сот орындаушыларға өзі әкеліп беріп, бұл 90 мың теңгенің 20 мың теңгесін сот орындаушылар қызметі үшін ұстап қалса, қалған соманы азаматша Р.Матибаева банкке төледі. Уақыт өтіп жатты. 2019 жылдың 15-наурызында тағы да 100 мың теңге әкеліп беремін деген азаматша Г.Ділдабаева сол уақыттан бері ізім-қайым жоқ. Ұялы телефонын сөндіріп қойған. Сот орындаушылар енді оны заң аясында 3 ай өткеннен кейін ғана жауапкершілікке тарту үшін сотқа ұсыныс жасай алатынын айтады. Ал, банктің өсім пайызы күн өткен сайын артып отыр. Осы орайда бір айта кететін жайт, «Каспи банк» 2017 жылдың 3 наурыз, сәуір, мамыр және маусым айларында жалпы сомасы 98 мың 370 теңгесін ұстап қалды. Әдетте, банк жалақының 50 пайызын ғана ұстауға құқылы екенін білеміз. Осы дұрыс па? Сонда азаматша Р.Матибаева сот шешімі орындалғанша тағы да жұмыссыз отыруы керек пе? Қазақстан Республикасының заң шығаратын депутаттары, сот органдары, республикалық жеке сот орындаушылар палатасының басшылары заңның осал, жетілмегенін неге ойламайды? Қашанғы заң шала туған нәресте сияқты әлсіз де әлжуаз болып қала береді? Р.Матибаеваның кәмелетке толмаған бір қызы бар. Ол борышкер Г.Ділдабаеваның кесірінен
банк жалақысын толығымен ұстап қалатындықтан, жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысты істей алмайды. Демек, ол атаулы әлеуметтік көмекті де ала алмайды. Жеке секторда жұмыс істейін десе, ондайлар әлеуметтік пакетті төлемейді. Ал, жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін зейнет шотына ақша аударылу міндетті екенін айтады. Азаматша Р. Матибаева қашанға дейін осындай күй кешпек? Жалпы, біздің қолда бар ақпарат бойынша, азаматша Г.Ділдабаева талай адамды осылай сан соқтырған екен. Бірақ, заңгерлердің айтуынша, оны алаяқ ретінде сотқа тарту үшін қарызы 4,5 миллион теңге болуы керек екен. Әрине, бұдан хабардар Г.Ділдабаева сайраңдайды, өзінің әлжуаз заң алдында оңайлықпен жауапкершілікке тартылмайтынын жақсы біледі.
Тағы бір айта кететін жайт, егер борышкерден сот орындаушылардың қарыз өндіруі қиынға түссе, бұл құзыретті неге полицияға беруге болмайды? Қанша дегенмен, борышкерлер погондылардан аяқ тартады және полицияның қарызды өндіруге мүмкіндігі әлдеқайда мол, себебі учаскелік полиция инспекторлары борышкерді оп-оңай табады. Солай етсе, әрине, бұл олардың жұмыс көрсеткіштерін жақсартар еді.
Ілияс АХМЕТОВ, журналист
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
ТӨЛЕБИ АУДАНЫ
ЛЕҢГЕР ҚАЛАСЫ 

Комментарий