Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Қазы процестік жақтан еркін болуы қажет

«Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі – АПК) соттар жұмысына заманауи форматтар ендіру, артық шығындар мен сот процедураларын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заңның қолданысқа енгізілгеніне көп бола қойған жоқ.

Елдегі азаматтар құқығын сот барысында қорғаудың деңгейін жоғарылатуда бұл кодекстің ықпалы зор. Алдағы күннен қандай өзгеріс күтеміз, азаматтар өз құқығын қорғауда нені білуі керек деген сауалдар қазір сот тарапынан жан-жақты талқылануда. Соның ішінде ең алдымен сот құзыретіне, белсенділігіне қатысты өзгерісті ерекше атап өтпеске болмайды.

Бұрын судья екі тарап ұсынған дәлелдерден артық ештеңе сұратпайтын. Өзі біліп, көріп тұрған олқылықтарды орнын толтыру да судьяның құзыретіне кірмейтін еді. Содан келіп процесс барысында судьяның бір тараптан екінші тарапқа артық сұрақ қоюының өзі заңбұзушылық ретінде бағаланатын. Заң шеңберінен шықпаған судьяға айтылатын сын да аз емес еді. Жаңа өзгерістерге сәйкес осы түйткілдердің бәрі оң шешімін тапты. Енді судья ақ пен қараның аражігін ажыратып, ақиқатқа жетуде барынша белсенділік таныта алады. Бұрын тек талап арыздың деңгейінен шыға алмайтын қазыға енді өз бастамасымен іске қатысты деректер сұрату, дәйектер алдыру, анықтамалар талап ету мүмкіндігі туып отыр. Әділ шешім қабылдау үшін судьяға дауды жан-жақты түсініп, анықтау маңызды. Ал ол үшін қазы процестік жақтан еркін болуы қажет. Сот істі қараған кезде әділдік жолында болу үшін кез келген қол байлау мен шырмаудан жоғары тұруы керек.

Республика судьяларының кезекті съезінен кейін сот мәжіліс залдарының тұтастай дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықталып, әр істің таспаға жазылатынын да азаматтар жылы қабылдаған еді. Бүгінде осы игіліктің жемісін көріп келеміз. Процестердің таспалануы сот отырысындағы жауаптылықтың артуына, істердің дер кезінде қаралып, ортақ тәртіптің сақталуына әсер еткені рас. Енді осы пайдалы іс жалғасып, сот талқылауының дыбыс-бейне жазбасына электронды хаттама мәртебесі берілді. Бұған дейін қолданыста болған заңда дыбыс-бейне жазбасы іске тігілгенімен, хаттамалық күші жоқ еді. Соттардың аралық сот ұйғарымдарын шығаруы да басы артық істің бірі еді. Ол да жаңашылдықтар барысында алынып тасталды.

Э.Акбаев,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

 

Комментарий