Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Сот жұмысын оңтайландырудың кепілі

«Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі – АПК) соттар жұмысына заманауи форматтар ендіру, артық шығындар мен сот процедураларын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заңының жаңашылдықтары аз емес.

Азаматтық заңнамаға енгізілген өзгерістер сот жұмысын барынша оңтайландырып, басы артық рәсімдерден арылтуды басты ұстанымына айналдырып отыр. Мәселен кодекстегі 34-баптың 5-бөлігін алайық. Бұл бап істі бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру туралы процестік әрекетті реттейді.

Бұрынғы құжатта «Істі бір соттан екінші сотқа беру – осы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берілген жағдайда – шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі» деп көрсетілген. Осыдан көріп тұрғанымыздай мұндағы заңдық норма істі қолдан созбалаңға салуға, уақытты ұрлауға алып келеді. Өйткені қос тарап та істі соттылығы бойынша басқа сотқа жолдауға келіскенімен, сот ұйғарымына шағым жасау мерзімі өтпесе істі басқа сотқа жолдауға болмайды. Заңдық тәртіпке сәйкес, шағым жасау мерзімінен он күн өткеннен кейін ғана істі басқа сотқа беруге мүмкіндік бар. Бұл мәселе сот тарапынан талай мәрте талқыға салынып, сан рет көтерілген. Судьялар ұсынысы жаңа өзгертулер барысында ескеріліп, 34-баптың 5-бөлігі “Екі тарап та сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі” – деп толықтырылып отыр. Аталмыш өзгерістің енгізілуі көптеген азаматтық істердің созбалаңға салынбай шешілуіне оң әсерін тигізеді.

Азаматтық істердің созабалаңға салынуына кері әсерін тигізетін тағы бір кемшілік куәлердің сот отырысында келе алмауына тікелей байланысты. Расында қазігідей нарықтық заманда кез келген азаматтың шалғайдағы ауылдан аудан, облыс орталығына жол жүруге қаржылық жағдайы келе бермейді. Мұның соңы істерді кейінге шегеріп, процеске қатысушылардың уақытын алатыны рас. Ал жаңа өзгерістер осы түйткілдің де шешімін тапты.

Соған сәйкес, сот шақыртуын алғанымен қарттығына, мүгедектігіне, қаржылық жағдайына байланысты сот отырысына қатыса алмайтындар енді өзі тұратын жерден процеске онлайн қатысып, куәгерлік етуіне мүмкіндік бар. Ол үшін аудандық әкімшілікте арнайы бұрыштар ашылған, немесе қолында бар техникалық құрылғылардың көмегімен азаматтар сот отырысына тікелей қатыса алады. Жаңашылдықты жіті меңгеріп, сот жұмысына тиімді пайдалана білудің арқасында сот қызметкерлері карантин кезінде де қызметін үздіксіз, кедергісіз, дер кезінде жүзеге асырып отыр.

Д.Акетаев,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий