Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Жаңа заң – жаңа мүмкіндік

«Заңдар бізбен мықты, ал біз заңмен күштіміз» депті гректің әйгілі шешені Демосфен.

Осыдан бірнеше ғасыр бұрын айтылса да, осы сөздің мағынасы да, құны да төмендеген жоқ. Қайта керісінше, демократиялық, зайырлы мемлекетте сауатты, пәрменді заң қабылдау бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Қазақстанда да тәуелсіздік алған жылдардан бері заңнамалық базаны жетілдіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде адами, отбасылық, нарықтық қарым-қатынастарды ұтымды реттеудің толық заңдық тетігі жасалды. Ал жақын уақытта Азаматтық процестік заңнаманы жетілдіруге қадам жасалғаны белгілі. Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі – АПК) соттар жұмысына заманауи форматтар ендіру, артық шығындар мен сот процедураларын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заңның қолданысқа енгізілгеніне де көп бола қойған жоқ. Бірақ сот процесін оңтайландыруды, азаматтарға ыңғайлы, тиімді, әрі заманауи етуді көздеген бұл құжат туралы қазірдің өзінде жағымды пікірлер айтылып жатыр. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бұл заңнаманы азаматтық процеске айтулы бетбұрыс жасаған деп әділ бағалаған.

Бұрынғы заңнаманың 13-тарауында тараптарды шақырмай оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде қарау тәртібі дәйектелген. Мұнда соттардың талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін 700 АЕК, ал дара кəсіпкерлер, азаматтар үшін 200 АЕК аспайтын соманы өндіріп алу бойынша істерді оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарайтыны көрсетілген. Заңдағы жаңашылдыққа орай талап қою бағамы заңды тұлғалар үшін – 2000 АЕК, дара кəсіпкерлер, азаматтар үшін 1000 АЕК көлемінде өскен. Соманың өсуі істерді азайтып, жүктемені төмендетері таласыз.

Сонымен қатар, татуластыру мерзімінің ұзартылып, сот приставы мен аудармашы қызметінің нақтылануы, татуластыруға адвокаттармен қоса, заңгерлік палата мүшелерінің қатыса алуы да оң үрдіс. Жоғарыдағы өзгертулердің қай-қайсысы болса да еліміз үшін өте маңызды. АПК-ға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар құжатты халықаралық стандарттарға жақындатады, елдегі сот жүйесінің деңгейін көтеріп, азаматтық іс жүргізу заңнамасына жаңа серпін береді деп санаймыз. Өзгерістер судьялардың жұмысын жүйелі етіп, оңтайландырады. Соның нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі арта түседі.

 

Е.Чингисов,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

 

Комментарий