Жаңалықтар | Новости

Үкімет делегациясы ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау үшін Мәскеуге барады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге жеделхат жолдады, – деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге COVID-19 індетіне қарсы әлемдегі ең бірінші вакцинаның тіркелуіне орай құттықтап, жеделхат жолдады.

“Бұл оқиға Ресей ғылымының жоғары әлеуеті мен беделін нақтылай түсті. Сондай-ақ Ресейдің осы жаһандық қауіп-қатерге қарсы күрестегі жетекші рөл атқаратынын көрсетті. Әлемде қалыптасқан осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп, оның ішінде, гуманитарлық көмек беріп және еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына үлкен үлес қосқан дәрігерлер жібергеніңіз үшін Сізге ризашылық білдіреміз”, – деп жазды Қазақстан Президенті жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің аталған бағыттағы тиімді ықпалдастығы туралы да айтты.

“Тамыз айының екінші жартысында Үкіметтік делегация ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесін талқылау үшін Мәскеуге барады”, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін Ресей COVID-19-ға қарсы вакцина жасағанын айтқан еді. Бұл туралы РФ президенті Владимир Путин мәлімдеген болатын.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өкілі Тарик Язаревич “Ресейдің коронавирусқа қарсы жаңа вакцинасының қауіпсіздігі мен тиімділігі мұқият зерттелуі керек” деген болатын.

Комментарий