Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІЛМЕУІН ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫРУҒА БОЛА МА?

Мырзабек БЕКБЕРДІ, заңгер:

–– Жақыны ауруханадан тыныс алу қондырғысы жетпей өліп кетіп жатқанда, қаланың басқа бір ауданында миллиардтаған теңге тұратын болмайтын мақсатқа ақша жұмсау – адамилықтан да, елдік тұрғыдан да ада іс. Дәл қазір ең алдымен індеттің келер толқындарына медицина саласы сақадай сай тұратын жағдай асауымыз керек. 100 мың ауру тіркеледі, 56000 адамға ғана орын бар деу дұрыс емес. Өткен айда жедел жәрдем
талай науқасты орын жоқ деп алмай кетті. Соның салдарынан талай науқас медициналық көмекке қолы жетпей қайтыс болып кетті. Егер осы жағдай тағы қайталанса, халық ашынады. Сондықтан қаржыны ең
алдымен медицина саласына бөліп, ол қаржының әрбір тиыны шетінен не мақсатқа жұмсалғаны апта сайын халыққа ашық айтылуы керек. Сосын елдегі дағдарыс жағдайына орай шенеуніктердің жалақысын да қысқарту керек. Халық 65 теңгелік медициналық маска алуға жағдайы болмай, бір масканы бір апта тағып жүр- генде, миллион теңгелік жалақы алып, халыққа ақыл айтатындардың жалақысын қысқарту керек.
Шыны керек, басқа елдер коронавируспен күресіп жатса, біз жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Жемқорлықпен күрес әрбір бөлінген қаржы қатаң қадағалауға алынғанда ғана күшейеді. Әйтпесе, күрес күшейді деп, айыппұлды арттырып, жаза қатаңдатылды деп басшысын жазалаймыз деп жүргенде, мына жақта миллиондаған қаржы желге ұшып жатыр.

Дайрабай ҮСІПБАЕВ, экономист:

– Ол өз сөзінде «Парламент мүшесі ретінде арнайы Қызылорда облысындағы Қараөзек ауылдық округінде болып мемлекеттік жеке әріптестік негізде жобалық құны 154,5 млн теңге тұратын дәрігерлік амбулаторияны көзбен көрдім. Қараөзектегі амбулатория ғимаратының көлемі 350 ш. м ғана. Мұнда медициналық құрал-жабдықтар жоқтың есебі. Сонда тек 350 ш. м. ғимараттың құны ауылдық жерде қалайша 154,5 млн теңге
болады? Маған ешкім түсіндіріп бере алмады. Құны ары кеткенде 30 млн теңгеден аспайтын нысанды бес есе қымбатқа салу ақылға симайтын дүние. Осындай мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізде өзіндік құнынан бірнеше есе қымбатқа салынған нысандар облыста көп екен. Мемлекеттік мүдде, обал-сауап, ұят деген қасиетті дүниелерді жоғалтып алдық. Осындай нысандар бойынша жасалған келісімшартты заң аясында бұздырып, қайта жасау керек. Осыған жол берген лауазымды тұлғалар тиісті шара көру керек деп есептеймін. Еліміз ауыр күндерді басынан өткізіп жатқанда әрбір тиын санаулы болуы керек» дейді. Егер зерттейтін болсақ, мұндай былықтар барлық салада бар. Құзырлы орындар тексеру жүргізіп, артық ақша мемлекетке қайтарылу керек. «Дамумед» арқылы өтірік адам емдеу оқиғаларында да мемлекет қаржысын талан-таражға салу бар. Жемқорлықты жоймай, мемлекет тарапынан бөлінген әрбір қаржыны қатаң қадағалауға алмай, еліміз дамымайды. Сондықтан жемқорлардың бала-шағасын мемлекеттік жұмысқа алмайтындай, барлық дүние-мүлкін тәркілеп, өмір бойы түрмеде жазасын еңбекпен өтейтіндей жағдай туғызу керек.

Сауалнаманы дайындаған Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий