Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОЛДАУ КҮТЕДІ

Кез келген мемлекеттің әлеуметтік әлеуеті, хал-ахуалы ондағы халықтың жұмыспен қаншалықты қамтылғандығымен де өлшенетіні белгілі. Себебі экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер әсері айтарлықтай зор. Осыған орай жұмыссыздықпен күрес әрбір мемлекеттің қашанда басты міндеттерінің бірі саналады. Ал әлемде орын алған коронавирустық пандемия жұмыссыздық санының едәуір артуына әсерін тигізді. Осы тұрғыда Қазақстан қандай әрекет етуде? Елдегі жұмыспен қамту мәселелері карантин кезінде қалай жүзеге асып жатыр? 

Cтатистика комитетінің сайтында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдың наурыз айында 4,8% деп көрсетілген. Ал LS Aqparat ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Ұлттық экономика министрлігі биыл Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5,8%-ға өседі деп болжауда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, бұл көрсеткіш алдағы уақытта 7,8%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

Біздегі ресми жұмыссыздық деңгейінің төмен болуын көп жағдайда елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың көп болуымен түсіндіруге болады. Соңғы мәліметтер бойынша, осы санатқа жататын азаматтардың саны 2 миллионға жетті. Елімізде карантин жариялағалы өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың саны айтарлықтай өсіп жатыр.

Үкімет те бұл мәселені жетік түсініп, өзінің жұмыссыздықтың алдын алуға қатысты іс-шарасын бастап кетті. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздықты төмендетуге бағытталған бизнестің жаңа жол картасын жариялады. Бағдарлама аясында Алматыда жұмыссыз тұрғындар үшін пандемия кезінде аса маңызды 23 мамандықты тегін игеруге мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама іске қосылды.

Сондай-ақ, биыл жұмыспен қамту орталығы арқылы оқып жатқандардың шәкіртақысы 20 мың 949 теңгеге көтерілді. Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жұмыс тәжірибесі жоқ жоғары оқу орындарының түлектері (29 жастан аспаған) үшін мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік беретін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы белсенді іске асырылып жатыр. Жастар тәжірибесінің ұзақтығы – 6 ай. Бір айлық еңбекақысы 69450 теңгені (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны және банк қызметтерін есептегенде) құрайды. Егер жас маман өзін жақсы көрсетіп, жұмыс берушіге ұнаса, онда компанияда одан әрі
ресми жұмысқа орналасуы мүмкін. Жалпы, жыл соңына дейін ЖҚЖК аясында Қазақстанда 6,5 мың жоба жүзеге асырылып, 255 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ,
«Заң зазетІ»

 Сіз не дейсіз?

Мақсат ХАЛЫҚ, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист:

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, елімізде жұмыссыздық деңгейі жыл соңына дейін 6,1% болуы мүмкін. Ұлттық экономика министрлігінің болжамында 5,8% деп айтылған. Ал пандемияға дейінгі уақытта, яғни наурыз айында жұмыссыздық деңгейі 4,8 % деп көрсетілген. Бұл ведомстволардың арасында келіспеушілік барын айғақтайды. Тағы бір мәселені айтып өтсек болады. Төтенше жағдай режимі енгізілген кезде 42500 теңге көмекті 4,5 миллион адам алды. Бұл дегеніміз, нақты табысынан айырылған 4,5 миллион адам болды, осынша адам жұмыссыз қалды. Ал сол уақытта өтініш білдіргендердің саны 8 миллионнан асқан болатын.

Енді осыны талдайын. Елімізде еңбекке жарамды халық саны 10 миллионға жетпейді. Түсінікті болу үшін 10 миллион деп алайық. Ол кезде 4,8% деген 480 мың адам деген сөз. Мұны Ұлттық экономика министрлігі жыл соңына дейін 100 мың адамға өседі деп болжаса, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 610 мың адамға дейін баруы мүмкін деп болжап отыр. Ал бұл статистикалардың шындыққа жанаспайтындығын карантин уақытында 4,5 миллион адамның жұмыссыз қалғандығы айғақтап отыр. Мұндай жағдайда, 4,5 миллион адам 45% жұмыссыз болып саналады. Бізде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін санаттағы азаматтардың саны көп. Бұл жерде Ұлттық экономика министрлігіне сын. Өйткені статистика комитеті соның қарамағында. Бізге нақты статистиканы көрсететін, тәуелсіз, бөлек агенттік керек. Жұмыссыздар қатарын азайтудың ең үлкен жолы – жұмыссыздықты болдырмаудың алдын алу. Жұмыссыздық қай уақытта орын алады? Зауыт фабрикалар мен компаниялар, шаруашылық жүргізіп отырған субьектілер өз қызметін тоқтатқан кезде болады. Жақында KPMG аудиторлық компаниясы «пандемия салдарынан 300 мың шаруашылық субьекті өзінің жұмысын тоқтатса, ал миллионға жуық субьекті зардап шекті» деген мәлімет жариялады. Ал компания табыс таба алмаса, жұмысшылардың санын қысқартады. Басқа амалы жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске, шаруашылық жүргізетін субьектілер мен ірі бизнестерге қолдау қажет.

Кейбір мамандық иелерін қайта мамандандыру керек пе? Әрине, керек. Өйткені қазіргі таңда кейбір салалар қатты зардап шекті. Және де ол салада мүлде табыс жоқ. Сондықтан нарық талабына сәйкес, қайта мамандандыру қажет. Әлемде туризм, қоғамдық тамақтану орталықтары, авиакомпаниялар жұмысшыларын қысқартып жатыр. Керісінше Amazon, IT, Google компаниялары жұмысшылар қатарын ұлғайтуда. Бүгінде бізде де бизнестің басым бөлігі офлайннан онлайнға өтіп жатыр. Сол платформада жұмыс істеудің жаңа
жолдары ашылып жатыр. Бізге соны қолға алу керек. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан инфрақұрылымдық жобалар көптеп жасалуы керек. Мәселен, жол салу, көпір салу, балалардың ойын алаңдарын, саябақтар, ауруханалар, мектептер салу арқылы адамдарды жұмыспен қамтуға болады.

Комментарий