Жаңалықтар | Новости

Бүгін “Абай күні” аталып өтуде

Бүгін қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туған күні. Осыған орай елімізде  алғаш рет “Абай күні” атап өтіледі.

Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Осы күні биыл Абай Құнанбайұлының туғанына тура 175 жыл толады. Тарихи датаға орай елімізде 100-ге жуық іс-шара өтпек.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845-1904 жылдары өмір сүрген. Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер.

Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Ол Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған.

Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін әлемнің 60 тіліне аударылған.

Қазіргі таңда Алматыда ақынның атымен жоғары оқу орны, опера және балет театры, үлкен даңғыл аталса, көркем әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлық тағайындалған. Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданға, Қарағанды облысындағы бір қалаға аты берілген. Сондай-ақ Іле Алатауының теңіз деңгейінен 4010 метр биіктіктегі шыңы да ақын есімімен аталады.

Комментарий