Судья мінбері | Судебная система

Қашықтықтан іс қарау – қолжетімділікті арттыруда

Судьялардың VI, VII съездерінде соттардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара көзделген болатын. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға баса назар аударып, сала жұмысына заманауи форматтар мен озық электронды сервистерді одан әрі енгізуді тапсырды. Өйткені, азаматтар құқықтарын жаңа технологиялар арқылы қорғау басы артық жұмыстардан арылтып, адам факторы мен ретсіз шағындарды азайтады.

Алға қойылған мақсаттарды іске асыру барысында Жоғарғы Сот тарапынан іске қосылған тың жобалар сот өндірісінің жаңа қарқында сипат алуына ықпал етуде. Солардың біріне тоқталсақ, мысалы, “SMART сот” жобасы аясында жүзеге асып жатқан іс-шаралар, мысалы, қашықтықтан іс қарау сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруымен қатар, әуре-сарсаңды болдырмауға, соттардың жұмысын жеңілдетуге да айрықша ықпал етуде.

Осы жерде айта кетерлігі, ел аумағында төтенше жағдай жарияланғалы бері сот процестері Zoom, WhatsApp және TrueConf көмегімен онлайн режимінде өтіп, келіп түскен істердің бәрі бейне байланыс жүйелері арқылы қаралуда. Мұның артықшылығы неде десек, ең алдымен бұл қарапайым жұртшылық үшін ыңғайлы. Олар соттан тыс жерлерде жүріп-ақ, сот қызметіне жүгініп, өз құқықтары мен мүдделеріне қорғай алады. Сол арқылы өздерінің уақыттары мен қаржыларын үнемдейді.

Өмір болған соң әртүрлі жағдай орын алады. Мысалы, белгіленген мерзімде сот отырысына келе алмауы мүмкін. Сондай кезде сот отырысының уақыты басқа күнге ауыстырылмай-ақ, дер кезінде өткізіледі. Нақты айтсақ, аталған жоба аясында азаматтар мобильдік қосымшалар арқылы кез келген жерден сот отырысына қатыса алады. Республика соттарында өтіп жатқан процестерге тек ел азаматтары емес, сонымен бірге, алыс-жақын шетелдегілер де қатысуда.

Сот отырыстарының нәтижелі өтуі үшін алдымен тыңғылықты дайындық жұмыстары жасалады. Себебі, процестің бейне байланыс көмегімен сапалы жүргізілуі техникалық жағдайғаларға тәуелді. Істерді қашықтықтан қарауда соттарда барлық жағдай жасалып, қажетті техникалық құралдармен жабдықталған. Іске қатысы бар өзге қатысушылар да дәл осылай дайын болуы қажет. Ол үшін интернетке қосылған ұялы телефон немесе планшет, ноутбук болуы керек. Сотқа онлайн режимінде сот мәжілісін өткізу туралы өтініш береді және жүйеге кіру үшін логин мен құпия сөз алады.

Жоғарыда айтқанымыздай, сот процестерін қашықтықтан өткізу, әсіресе, пандемия кезінде тиімділігін көрсетті. Ресми деректер, төтенше жағдай уақытының алғашқы аптасында-ақ сот отырыстарының елу пайызы қашықтықтан қаралғанын көрсетіп отыр. Онлайн процесстер әдеттегі сот отырыстарымен бірдей. Процеске қатысушылар пікірі бірдей тыңдалып, іс толыққанды қаралады. Тараптарға сот актілері электронды түрде судьяның сандық қолтаңбасымен жолданылады. Сот қызметінің ең басты міндеті – сот төрелігін уақтылы әрі сапалы түрде жүзеге асыру деск, айтып отырған оң қадамдар соның жарқын көрінісі. Әрі ақпараттық озық технологиялар сыбайлас жемқорлықтың алдын алда пәрменді құралға айналды. Жалпы, жаңа технологиялар сот жүйесін жүйелеуге мүмкіндік бере отырып, барлық процестерді айқын және түсінікті етуге, құжаттармен жұмыс істеу кезінде адам факторын азайтуға серпін беруде.

Индира Кумысбаева,

Түрксіб аудандық сотының

кеңсе меңгерушісі

Комментарий