Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | Новости

Бекжан ТҰРЫС, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі: Ақиқатты айту – қылмыс емес

– Бекжан аға, қоғамдағы олқылықтарға азаматтық көзқарасыңызды жиі айтып жүрсіз. Бүгінгідей турасын айтқан туғанына жақпайтын заманда ащы шындығыңыздан сабақ алғысы келетіндер аз. Шындық іздегеннің соңынан шырақ алып түсетін күштік құрылымдардан қорықпайсыз ба?

– Бұл сауалға біржақты жауап беруге болмайтын сияқты. Адамды кішіліктің тұғырына қондыра алатын қасиет – азаматтық рухы мен туралығы. Ел ағасы жасынан астық. Өзіндік ой-көзқарасым бар. Есің кірген соң қоғамға
бей-жай қарай алмайсың. Жақсылығы мен келеңсіздігі қатар өтіп жатқан кезеңнің мен де бір мүшесімін. Олай болса, елдік тұрғыда қазаққа керек пікірді неге айтпасқа? Шындық, әдемілік, мейірімділік деген аяулы ұғымдарға көлеңке түсіріп алдық. Айтсам, қоғамдағы биліктің бейдауа сөзін емес, ашынған елдің ақиқат сөзін айтып жүрмін. Біліптұрып бұғып қалсам, сезіп тұрып тығылып қалсам, азаматтығыма сын. Шындығында да, қоғамдағы кемшілік бізді ерте есейтті, азаматтық үнімізді, ащы тілімізді шығарды. Шындыққа сүйіспеншілік, ақиқатқа іңкәрлік жоқ жерде ұлт жоқ. Сондықтан, билікке айтылған шындыққа биліктегілер қырын қарауы тиіс емес.

Әрине, тұтас бір ұлтқа ақыл айтатын ешкім емеспін. Бірақ, қоғамда болып жатқан әділетсіз жайттарға жаным ауырса, тәуелсіз елде атқарылып жатқан жақсы іске де қуана алатынымды неге айтпасқа? Қара басымды күйттеп, қазақ қоғамынан, қала берді ұлттан бөлініп, қалаған жағыма қашып кетіп оңашада өмір сүре алмаймын. Ұлтқа қатысты кез келген ойымызды ашық айтқанды қылмыс деп санамаймын. Өйткені, мен ата-бабамыз сан ғасырдан бері мекен етіп келе жатқан өз жерімде, егемен елімде тұрып жатырмын. Менің ұрпағым да осы жерде өсіп-өніп, өркендеуі тиіс. Ендеше қазақтың бір азаматы ретінде өзімнен кейінгі бауырларыма ойымдағыны жеткізсем, ол бос әурешілік емес. Ақиқатты айту – қылмыс емес.

– Қазір жаңа туған балаға тілек айтқанда, адам болсын емес, әкім болсын деп бастайтын болдық. Өзіңіз айтпақшы, қазір адамдар неліктен адам болып қалуды емес, бай болуды көздейді?

– Адамның ең асыл қасиеті, аяулы ұғымы – адамның адамдығында. Көп қазақ жақсы өмір сүрсем, қос қабатты кең үйде тұрсам, жақсы көлікті тізгіндесем, материалдық жағдайымды жақсартып алсам деп өмір сүруге талпынады. Оның ешқандай жамандығы жоқ. Әр қазақ өз жерінде жүріп өгей баланың күйін кешпеу
керек. Өз Отанымызда өгей баланың күйін кешіп жүргеніміз рас. Оны жасыра алмаймыз. Әр қазақтың материалдық жағдайы өте жақсы болғанын қатты қалаймын. Бірақ, қазір материалдық жағдайды бірінші орынға қойып, рухани құндылықтарды естен шығардық. Бір ғасыр бұрын шетелдің саяхатшылары
қазақтың рухани тұтастығына қайран қалса, сол қазақ қазір бір-біріне жат, бірін-бірі түсінбейтін, сенбейтін ұлтқа айналды. «Қайтсем біреуден артық ақша табамын?», «артық киінсем», «артық тамақтансам», «артық дүние жинаймын» деп бар арман-аңсарын соған арнайды. Баламызға кітап алып бергеннен гөрі соңғы үлгідегі смартфонды сатып аламыз. Ал, біз жас кезімізде үйімізден қонақ арылмайтын, мейман үзілмейтін.
Қонақтың алдына барымызды тосып, арқа-жарқа болатынбыз. Қазір жұрт елге барын, байлығын көрсету үшін қонақ шақыратындай көрінеді. Кім біледі, әркімнің түсінігі әртүрлі ғой. Бірақ, мен барлықты – байлық, қызықты – жұбаныш көрген адам емеспін.

– Бүгінде шетел көргендер шетінен шенеунік. Өз тілін қарық қылмаса да, ағылшын тілінен алдына жан салмағанды құрметтейтін болдық. Сіз айтқандай, шұбартілді, езбе, ақпақұлақтар билікті басқарып жатыр. Қайтпек керек? Әлде «заманның талабын ескергеннің ертеңі жарқын болады» дейтіндердің сөзімен келісесіз бе?

– Үлкеннің айтқанын екі етпейтін, текті едік. «Ұят» деген ұғым бойымызда нықтап қалыптасқан. «Егемендік алған алғашқы жылдары бірден ұлттық идеологияға көңіл бөлінгенде ғой» дейсің қазір. Өкінішке
қарай, тоқырау жылдарының қиын, нарық кезеңінің қымбатшылығында ұлттық тәрбиені емес, күнкөрісті көбірек ойлаппыз. «Ауылда жұмыс жоқ» деген желеумен қазақтар қалаға ағылды, қаланың өз тәртібі
болды. Қаладағы қатігездік ауылдағы мейірімділікті жұтып жіберген секілді көрінеді. «Ұлттық» дегеннің өзін дұрыс түсінбейтін адам көп. Бұл сөзді айтсаң, домбыра, киіз үй, шауып бара жатқан арғымақ деп
ұғатындар жетерлік. Ұлттық құндылығымызды бағалай алмайтын дәрежеге жеттік. Жастарға «үлкенді тыңдамайды» деп ренжиміз, ал үлкендерді неге тыңдата алмаймыз? Ұлттық тәрбиені әркім өз
шаңырағында бастау керек. Әркім өзінің отының басында ана тілінде сөйлесе ғой, шіркін! Бұл бірлі-жарым ғана мысал. Бәз біреулер бұл айтқанымызды ұсақ-түйек деп қарауы мүмкін. Ұлтымыздың өзінде
барды менсінбей, өзгенікін төбемізге қоятын әдетіміз. Әсірешілдігіміз де жоқ емес. Әйтпесе, кіндік қаны тамған жерде жүріп те көпке танымал, талай біртуар тұлғалар шықты ғой. Әбілхан Қастеев, Қаныш Сәтбаев, Қалибек Қуанышбаевтар ағылшынша сайрап тұрмаған еді ғой.

– «Рухани жаңғырып жатырмыз» деп жиі айтамыз ғой. Сіздіңше, рухани жаңғыру дегеніміз не?

– Бұл сөзді де әркім өзінше түсінеді. Рухты жаңғырту ұлттық сананы кемелдендіруді білдіреді. Рухани бай ел ғана ұлы істерді жүзеге асыра алады. Біздің осы бағдарлама тарихымызды түгендеп, ұлттық сананы сілкінтуге арналған жақсы бағдарлама еді. Бірақ, біздегі жаңғыру танымал адаммен кездесу кешін өткізуге ұласып кетті. Осы сөздің логотипі жазылған сөзді көрінген жерге жазып алып, ұран болды. Рухани жаңғыруды білмеймін, қаңғырудан алдымызға жан салмаған сияқтымыз. Мысалы, жаңа жылды қарсы алатын кезде жақындарымызға сыйлық алып, дәмді ас пісіріп, шыршаны безендіруді ешкімнің айтуынсыз істейміз. Ал, Ұлыстың Ұлы күнін білмейтін, наурызкөжені өмірінде пісіріп көрмеген ақ жаулықтылар жетерлік. Рухани жаңғыру дегеніміз сол, әр қазақ жаңа жылды қалай тойласа, Наурызды да солай саналы түрде қарсы алуды
үйренуі керек. Рухани жаңғырамыз деп жүріп, «Қалаулым» секілді ұлттық менталитетімізге мүлде сай емес бағдарламалардың өскені ең алдымен эфирге дайындайтындардың намыссыздығы шығар. Екіншіден, басында баспанасы, жұмысы жоқ жастардың ақша үшін де жасап жүрген анайы тірлігі. Айналып келгенде, осының барлығы тағы да ұлттық идеологияға келіп тіреле береді.

– Аз уақыттың ішінде ауыр дерттен талай жақсы мен жайсаңдардан, қаншама халқымыздан айырылдық. Аталап, біреу боталап жатқанда да құлқынының қамын күйттегендердің көптігі көңілді құлазытып жатыр. Тентегін тезге сала алмайтын, тойымсыздарын тәубеге келтірмейтін қандай қоғамға айналдық?

– Қомағай қоғам десеңіз, дұрыс болады. «Былғары ерін, қу қарын, Әлі-ақ ертең көрерсің. Бұл қарынның былғарын» деп Шәкәрім бабамыз айтпақшы, қазақтың үстінен пайда тапқысы келетін қазақтың қайдан шыққанын түсінбеймін. Мұндай арам ойлы пысықайлықты қазақ қай кезде, қай жерде жүріп үйренгеніне
таң қаламын. Ұрымтал сәтте көлденең табыс табуды қашаннан бері кәсіпке айналдырған дейсің. Расында, игі жақсылардан, қаншама азаматтарымыздан айырылып қалдық. Жатқан жерлері жәннаттық болсын! Аз қазағын баудай түсіріп қырқып жатқанда жүрегіне иман бойламаған, ол қандай жүрексіздік? Ай мен күннің аманында бір емес бірнеше жақынын жоғалтқан қамкөңіл адамдардың үстінен былай пайда тапқысы келгендерді інінде шіріген, иттен туған деп айтамын. Алған сайын құтырып, жұтқан сайын шөлдеп,
қылғытқан сайын ашыққандар көп. Қазір жемқорлардың жемсауы апандай емес, аспандай болды. Тәртіп пен ұят қалмаған ұлттан намыс та алшақтайтын сияқты. Намысты адам ешқашан қара басын күйттемес еді.

– «Өтірік айтатын адам Отанын сатады» дедіңіз «Ұлым, саған айтамында». Бізде әкім-қаралар күнде өтірік, құрғақ уәде айтқанды жақсы көреді. Сіздің «Мәдениет үйі» телесериалындағы сомдаған аңқылдақ, аңқау, ауыл өмірі, ауыл мәдениеті десе ішкен асын жерге қоятын әкімге зәруміз. Кинодан кейін әкім болғыңыз келіп, әкім образынан шығу қиын болған жоқ па?

– Жо-жоқ (күліп алды). Рас, біз өтірікпен өмір сүреміз. Өтірікті өмірдің негізгі тірегіне айналдырған қитұрқы адамдардың келбетін көрген кезде жүрегің айниды. Әкім болуға асыққан адам емеспін. Алла Тағала маған о баста ырыздықты өнерден берген, несібемді өнерден тауып жүрген адаммын. Ол жаққа ұмтылып та тұрған
жоқпын, ұмтылдырмай-ақ та қойсын.

– «Бүгінгі ұрпақ білімді, арғы буыннан әлдеқайда озық» деп жатады. Олай болса, аға буынның жастарға көңілі толмайтынын немен түсіндіресіз?

– Әлеуметтік желіде бәрі данышпан. Оқығанның бәрі ойшыл, қалам ұстаған ның бәрі кердең. Бірдеңе айтсаң, жерден алып, жерге салып, тәкаппарланып ауыр сөздерді айтып жатады. Бұл азаматтыққа жатпайды. Көңіл толатын жастар бар. Мағжан айтқандай, мен жастарға сенемін! Жастар жағымпаздықтың жарапазанын айтып жүрген жалтақтардан бірдеңе үйренбей-ақ қойса екен деймін.  Желіде отырып жастарды, билікті сынау
түкке тұрмайтын болған. Көшеде кетіп бара жатып қолындағы бөтелкесін тастай салу түк емес кейбір бауырларымызға. Айналаны таза ұстауға биліктің не қатысы бар? Барлық жастар ондай емес қой. Қиындыққа ұшыраған адамдардың есебінен пайда көруді «бизнес» деп түсінетіндер де бар жастардың арасында, өкінішке қарай. Індеттің кезінде мейірімділік пен адамгершілік жоғалып кетті. Қазақ мүддесіне қайшы келетін
келеңсіздіктер туралы шамам келгенше «Ұлым, саған айтамында» айтқанмын. «Ұлттық тәрбиенің тізгінін босатып алдық» деп жиі айтамын. Жапырақсыз ағаштың көлеңкесі болмайды, тәрбиесіз ұрпақтың болашағы болмайды. Тәрбиенің құнары тамырда жатыр. Мәселе білімнің толықтығында емес, сананың толықтығында. Тамыры терең, тынысы кең, айқын ұрпақ – ұлтының ұлағаты. Өсіп жатқан ұрпаққа білім ғана емес, ұлттық
сананы да сіңіруге тиіспіз. «Салтқа жарар дүниең санаңда, кәдеге жарайтын тірлігің қолыңда, ата-баба аманаты мойныңда болсын!» дегенді айтатындар жоқ. Адамның ақыл-ойы, парасаты қаншалықты дәрежеде болса, сол биікте оның өнері көрінеді.

– «Сахна саудаға айналды», «Өнер өтірікке былғанды» деп сынап жатамыз. Осы сөзге алып-қосарыңыз бар ма?

– Мәселе қандай өнерге байланысты екендігінде. Театр – ұлт мәдениетінің өзегі, тәрбие мен тағылымның қайнар көзі. Ұлттың жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендейтін орын. Баяғыда біздің ұстаздарымыз сахнаны «биік мінбе» деп түсіндірген. «Биік мінбеге о заманда бұ заман борқылдап бос сөз айтатындар шықпайды» дейтін.
Қазір сол борқылдап бос сөз айтатындар көп. Аузы жыбырлағанның бәрі әнші болды. Беті жылтырағандар әртіс. Сахнаның қадірін кетірді.

– Сізді «Мәдениет министрі болуға әбден лайық» дейтіндердің қарасы көп екен. Шындыққа айналса, өнердегі олқылықтың орнын толтыруды неден бастар едіңіз?

– Мен ең алдымен актермін. Димаш секілді бір елдің керемет талантты музыканты болыпты. Өсіп-өсіп, ең соңында Премьер-министр болған екен. Содан әлгі басшы басқа елге барғанда сол елдің Үкімет басшысымен кездесіп, әңгіме арасында басқа елдің басшысы «Сіздің елде осындай бір керемет талантты,
дарынды музыкант бар еді. Сіз содан аумайды екенсіз. Туыстық қарым-қатынасыңыз жоқ па?» депті. «Мен сол адамның дәл өзімін» десе, анау кісі таң қалып: «Апыр-ай, соншама биіктен қалайша төмендеп кеткенсіз?» деген екен. Осы уақытқа дейін бағындырған өз биігім бар. Отыз жылдан аса өмірімді театрға арнап
келдік. Кешегілердің аманатына адал болғым келеді.

– Кешегі демекші, кешегінің зиялылары ұлт үшін күрескен, бүгінгінің зиялылары ше? Алашордашылардың аманатын ақтай алып жүрміз бе?

– Алашордашылар қазақтың қай тұсы кем түсіп жатса, сол бағытта жұмыс істеді. Қазір бірді-екілі болмаса, қазақтың зиялылары өзін еркін сезіне алмайды. Тәуелсіз ой айта алмайды. Біздің зиялылар халықшыл емес. Мырзакелді ағамның «зиялы болу үшін ақыл аздық етеді, үлкен жүрек керек» дегені секілді, зиялы адамның жүрегі кең болады. Ол ешқашан өзін «зиялымын» деп айтпайды. Біздің бетіне қарап отырған зиялыларымыздың ішінен үкіметтің шалыс басқан қадамын тура қарап, кесіп-кесіп айтқан кесек тұлғаны
көрдіңіз бе? Өзгені қойып, өз арасында айта алмайтын адамдарды «зиялы» деп айта алмаймын. Кешегі алаштықтардың мақсат-мүддесі қылыштан қан тамып, алдыңғы жолы тар болған тұста да мақсат-мұраттары биік еді. «Тәуелсіздікке қол жеткізген қазіргі кезде зиялылардың мақсат-мүдделері неге жоқ?» деген сауал
мені де мазалайды. Ұлттың жайын айтатын жерде зиялыларымыз ұлттан гөрі, жеке бастың қамын күйттеп кетті ме деп алаңдаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ 

Комментарий